22.11.2024

Қали Әбдиев, «Ұлттық тестілеу орталығы» директоры: ҰБТ – ҰЛТТЫҚ МАҢЫЗДЫ ШАРА

Маусым айы қарбаласқа толы. Әсіресе, оның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің орны бөлек. Баласы үшін әке-шеше де, болашағы үшін түлек те алаңдайды. Мұғалімдер де ерекше мән береді. ҰБТ-да жоғары балл жинаған мектептің де абыройы биік. Биыл да ауқымды шара жоғары деңгейде өтпек. Осы орайда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевпен кездесіп, дайындық барысы туралы кеңірек әңгімелестік.

ДАЙЫНДЫҚ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ

– Қали Сейілбекұлы, алдымызда алтын ұя мектебінен қанаттанғалы отырған түлектерді Ұлттық тестілеу сынағы күтіп тұр. Биыл осы шараға қанша талапкер қатысады деп жобалануда?
– Дұрыс айтасыз. Ұлттық бірыңғай тестілеудің ел өміріндегі маңызы зор. Биылғы жылы Республика бойынша орта мектеп бітірушілердің 89992-сі ҰБТ-ны 1-15 маусым аралығында 165 ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу орындарында тапсырады. Ал колледж студенттері шілде айында өтетін кешенді тестілеуге қатысады. Сонымен қатар, кешендi тестiлеуге өткен жылдардағы жалпы орта бiлiм беру ұйымдарының түлектері, денсаулығына немесе дәлелді себептермен ҰБТ-ға қатыспаған, халықаралық оқушылармен алмасу желiсi бойынша шетелде оқыған жалпы бiлiм беретiн мектеп бiтiрушiлер, республикалық музыка мектеп-интернаттарының оқушылары және оқу орнын шетелде бiтiргендер қатыса алады. Аталмыш тестілеуге қатысу үшiн өтiнiштер 20 маусым мен 9 шiлде аралығында қабылданады. Өткен жылы 78 248 түлек кешенді тестілеуге қатысқан еді.
– Еліміздің бас ордасында ҰБТ қай кезде, қай жерде болады? Оған дайындық барысы қандай дәрежеде, өзгерістер бар ма?
– Астана қаласында Ұлттық тестілеу орталығының 3 филиалы орналасқан. Олар – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехикалық университеті және Қазақ гуманитарлық заң университеті. Елордалық мектептер 2-7 маусым аралығында осы 3 пункте Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізеді.
ҰБТ – ұлттық маңызы бар шара болғандықтан, респуб­лика аумағында да дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тестілеу өтетін әр пункте ҚР Білім және ғылым министрімен бекітілген жергілікті билік, мемлекеттік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдерінен тұратын ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бо­йынша мемлекеттік комиссия құрылған. Бұл комиссия тестілеу өтетін ғимараттың әзірлігіне, оның барлық қажетті арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз етілуіне жауапты. Сондай-ақ, ата-аналар мен түлектерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған комиссия тестілеу уақытында оқушыларды тамақтандыру, тасымалдау және жатын орындарды дайындау секілді ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады.
– Биыл оқушылар ҰБТ-дан жоғары оқу орындарына түсу үшін қанша балл жинау қажет? Мемлекеттік грант туралы да айтып өтсеңіз?
– Жоғары оқу орындарына түсушi талапкерлерді қабылдау ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң немесе кешендi тестiлеудiң нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негiзде олардың өтiнiштерi бойынша жүзеге асырылады. Білім беру грантын алу конкурсында қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша балдар ескеріледі. Конкурсқа қатысу үшін кемінде – 50, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде – 70, аталмыш жоғары оқу орындарындағы «Білім», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына кемінде – 60 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде – 55 балл, оның ішінде бейінді пән бойынша кемінде – 7 балл, әрбір шығармашылық емтихан бо­йынша кемінде – 10 балл , ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинау қажет.
Мемлекет тарапынан 2015-2016 оқу жылына 32 168 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. 2016-2017 оқу жылына арналған жоғары білімі бар мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы әлі бекітілген жоқ. Ол туралы ақпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының сайттарына жарияланады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да таратылады.

БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ 

– Сынақ кезінде оқу­шы­лар арасында кейде пси­хологиялық жағдайлар да орын алып жатады. Осы келең­сіздіктің алдын алу үшін қандай да бір шаралар жүргізілді ме?
– ҰБТ кезінде оқушыларға ешкім кедергі келтірмейді, үлкен дайындықпен келген әрбір оқушы қиналмай тапсырып шығатынына сенімдіміз. Себебі, тестілеудің барлық сұрақтары мектеп бағдарламасы аясында ғана әзірленген. Тек сапалы дайындық қажет. Еліміздің түкпір-түкпірінде ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан, Ұлттық Тестілеу орталығының ҰБТ өткізу орындары мен жергілікті білім бөлімдері тарапынан болсын, ауқымды шараны ұйымдастыру мен өткізу, ондағы талаптар туралы, сонымен қатар, жоғарыда айтып өткен келеңсіздіктің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мектептерде және тестілеу кезінде балаларға психологиялық көмек көрсету мақсатында білім беру орындарының психологтары жұмыс істейді. Бір жағынан, ата-аналар, туған-туысқандар да баланы «біз сені қолдаймыз», «біз сені қандай нәтиже болса да жақсы көреміз» деген жылы сөздерді аямай айтып, қоштап отырса дейміз.
– Кейде ата-аналар мен оқушылардың Ұлттық бірың­ғай тестілеу сұрақтарына көңіл­дері толмай жатады. Жал­пы, осы тест сұрақтары қалай дайындалады?
– Тест тапсырмаларын құрастыру жұмыстарына еліміздің барлық аймақтарынан біліктілігі жоғары, арнайы дайындық курстарынан өткен мұғалімдер шақырылады. Тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру туралы толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жария­ланған .
Оқушы өз нәтижесіне қана­ғаттанбаған жағдайда апел­ляцияға өтініш беруге құқылы. Республикалық апелляция комиссиясына келіп түскен өтініштерді сараптау кезінде 2012-2015 жылдарда өткен ҰБТ барысында қолданылған тест тапсырмаларының 0,1-0,45 пайызында ғана қате болғаны анықталды.
– «Алтын белгі» иегерлеріне қандай жеңілдіктер қарас­тырылған?
– Білім туралы заңға сәйкес Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмдi кадрлар даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде «Алтын белгi» иегерлерінің артықшылық құқығы болады.

АЙТАРЫ БАР ЖАҢАЛЫҚ

– Биыл Ұлттық бір­ыңғай тестілеу кезінде шекті деңгейді жинай алмаған та­лап­керлер үшін жоғары оқу орындарына тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі берілмек. Ол жұмыстар қалай атқарылады?
– ҰБТ барысында шектік деңгейді жинай алмаған бітірушілер үшін ағымдағы жылдың тамыз айында барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан базалық жоғары оқу орындарында кешенді тестілеу ұйымдастырылады. Шектік деңгейді жинай алмаған талапкерлер кешенді тестілеуді төрт пән бойынша тапсырады: оқыту тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінен (бейінді).
– Алдағы жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгерістер енгізілмек. Ол қан­дай өзгерістер, осы бағытты тарқатып айтсаңыз?
– 2016 жылы Білім туралы Заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, 2017 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтиханы болып, ал мектептегі мемлекеттік оқу бітіру емтиханы білім алушылардың орта білім беру курсын аяқтағаны туралы куәландыратын, мем­лекеттік үлгідегі құжатты алу үшін қажетті шарт болып есептелетін, орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау нысаны болып өзгереді. Яғни, орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау мемлекеттік оқу бітіру емтихандары нысанында жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталған рәсімдердің механизмдерін айқындайтын жұмыс тобы құрылып, нақты шаралар қолға алынды.

Сұхбаттасқан:
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Астана ақшамы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА