22.11.2024

Өмір Шыныбекұлы Ерлан Сағадиевке нақты сұрақтар қойды.

Қазақстандық танымал ұстаз Өмір Шыныбекұлы министр Е.Сағадиевке «дүниедегі бар пәлені аудара бермей, нақты сұрақтар қойсақ қалай болады» деген ойын ортаға салды. Ө.Шыныбекұлы бірнеше блокке бөліп, бірқатар нақты сұрақтар қойған:

А) 2016-2019 ж.ж. білім мен ғылымды дамытуға бөлінеді деген 1,5 трлн ақшаның тағдыры не болды? 2016 ж. сол қаражаттың қаншасы игерілді және ол неге жұмсалды?

Б) Неліктен министр Жаңа білім Бағдарламасын енгізуге кедергі болатын факторларды есепке алмайды?

Басты ‪‎кедергілер‬:

1. 2019 жылға дейінмектептердің ‪материалдық техникалық базасын‬ жасақтап үлгеру мүмкін бе?

Интернетке қаражат табуға болар. Ал соншама мектепке интерактивті тақталар орнату мен барлық оқу кабинеттерін компьютерлендіру мүмкін бе? Мысалы мен 1.5 мың бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Осынша балаға бар болғаны 11-12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009-10 жылдары шығарылған тақталар. Бұзыла қалса, қосалқы бөлшек табу қиын және өте қымбат. Электронды күнделіктің жайы да сондай.. Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал – жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме?. Бұл миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай. Шалғай ауылдар туралы ештеңе айта алмаймын.

2. ‪Кадр‬ мәселесі.

«Кадр» көп, кадр тапшы. ОҚО-ң мектептеріне келіп жатқан жас мамандардың барлығы дерлік өңірдегі аттарынан ат үркетін ашық (шашық) ЖОО-ң бітірушілері. Шалғай ауылдар түгілі, облыс орталығында орналасқан «лицей» статусы бар мектепке 13 жылдан бері Алматы мен Астананың белді ЖОО-н бітірген жас маман келген емес. Енді 2019 жылға дейінгі 2,5 жыл ішінде келе қояды деп сену қиын.

3. «Ата-аналар комитеті» институты ескірді.

Оның төрағасы директордың штаттан тыс орынбасарына айналды. Ал Еуропа елдеріндегідей «Қамқоршылар кеңесін» құру үшін шаруасы мығым орта тап қалыптасуы керек…

Бағдарламаның келеңсіз тұстары.

1. ‪Үштілділік‬:

а) Иә, көп тіл білу заман талабы. Шындыққа тура қарау керек. Ағылшын мен қытай тілінсіз болашақты елестету қиын. Бірақ, бұл бапты педагог, филолог, лингвист, психолог, социолог, философ, педиатр және т.б. салалардың ғалымдары мен практик мамандары дайындауы тиіс еді. Олар бірнеше жыл БАҚ беттерінде өз пікірлерін білдіріп, пайдалы-зиянды тұстарын халыққа жеткізіп, көп талқысына салғанда, оңтайлы шешімін табуға болар еді. Бірақ қалай болғанда, 3 тілділікті орта буыннан (5-сыныптан) бастау керек.

ә) Әлі де болса, орыс тілді қазақтардың саны жоғары. Солар соңғы жылдары балаларын қазақ сыныптарына беріп, балалары арқылы өздері де қазақша тіл сындыра бастап еді.

Ендігі жағдай қалай болады? Мәселен, менің қазақ тілді 30 жасар ұлым біраз күннен бері ағылшын тілі курсына барып жүр. Мақсаты – 4 жасар тұңғышы мектепке барғанша тіл үйреніп алу. Не үшін екенін өздеріңіз түсінесіздер) Орыс тілді қазақтар мен диаспора өкілдерінің ‪мемлекеттік‬ тілді үйренуге құлшынысы кеміп кетпей ме? Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?

2. ‪Бескүндік‬ оқу жүйесіне көшу..

а) Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі. Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет! Ағзаға зорлық жүрмейді. Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың! 5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқартылып, жұмыс сағатын ұзартуға тура келеді. Бұрын орта есеппен 5-6 сабақ болса, енді 7-8 сабақ өтілетін болады.

ә) Ал қандай пәндер қысқартылады? Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді? Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ? Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба? б) Көпшілік ата-аналардың мектеп жасындағы баласына тәрбие беруі «Ішкіздім, жегіздім, киіндірдім» – деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқаны белгілі. Бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылар мен жалғызілікті ана немесе әкелердің балалары 2 күн үйде отыра алады ма? Көше кезіп кетпесіне кім кепіл? «Міне, осы сұрақтарға жауап бере алмаса, отставкаға кетсін…» -деп аяқтайды өз сөзін Ө.Шыныбекұлы

«Қасым-ақпарат»

Фото Азат Дидарбек

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА