22.11.2024

Асқар Жұмаділдаев. Қазақ тілін ғылымға араластыруымыз керек

Қазақстан ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев SZH тілшілеріне сұхбат беріп, қазіргі қазақ ғылымының деңгейі мен еліктеушіліктің салдары, өзінің Вивальдимен ұқсастығы және «Төрткен төртқара» алгебрасы туралы айтып берді.

Қазақша алгебра және «Төрткен, Төртқара» атауы туралы

Алгебра біреу. Ол ұлтқа, дінге, мәдениетке, елге, жерге бөлінбейді. «Төрткен, Төртқараның» айырмашылығы неде? Тек қазақша атауында ғана.

Италияда Триеста деген қала бар. Сонда Абдус Саламның атындағы әлемге әйгілі теориялық физика орталығы бар. Абдус Салам мұсылманнан шыққан жалғыз «Нобель» сыйлығының лауреаты. Физикадан алған. Сол жерде жүргенде төртінші дәрежелі бір тепе-теңдік ойлап таптым. Сондай әдемі. Өзім қуанып кеттім. Сосын Төрт кемпір бір шал дейтін Кенен Әзірбаев атамыздың қызы бар еді. (Елдер кейін Төрткен деп кеткен –авт.) Сол кісінің аты қала берсін дедім. Өйткені «Төрткен» дегенде маған сондай бір жақсы ойлар келеді.

Бұл теңдік дифференциалдау операторы арқылы шығады. Оны интегралға ауыстырсам, құдды соның туысқаны шығады екен. Оның атын қалай қою керек? Сосын «Төртқара» деп оған да қоя салдым. Кейін естідім: Кіші жүзде Төртқара деген ру бар екен. Самарқанды 17 жыл билеген әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің руы. Жауға шыққанда кедергі келтірмесін деп, сауыт-сайманын шешіп тастайтын болғандықтан солай аталып кетіпті. Бірақ атамыз тек қана соғыстың шебері болмаған. Сонымен қатар ғылымға, білімге, өнерге үлкен қамқорлық жасаған кісі. Мысалы Самарқанның ортасында Регистан дейтін жер бар. Сонда үш мешіт тұр. Біреуін Ұлықбек салдырған. Ал екеуін Жалаңтөс баһадүр салдырған. Сосын атамыз шетте жүрді, енді математикада қала берсін деп ойладым. Осылайша, алгебраны қазақша «Төрткен Төртқара» деп атадым.

х!+1=у2 теңдеуі және 1 мың АҚШ доллары

Бұл талай жыл бойы шығарылмай келе жатқан теңдеу. Оның жауабы жуырда табылмауы да мүмкін. Бірақ менің мың доллар беруіме себеп бар: Мен өзім туған күнімді тойламайтын адаммын. Елу жасқа келгенімде «Жас Алаш» газеті «Байқамай елуге келіп қалған академик» деген мақала жазды. Кішкентай ғана, бес-ақ сөйлемнен тұрады, өзі екінші бетте, бұрышында ғана…. Бірақ сол бірталай резонанс тудырды. Бауыржан Оспанов «Сіздің жаяу жүргеніңіз бізге ұят болады» деп көлік мінгізді. Көп адам хабарласып, құттықтап, «Саған қандай сыйлық берейік?»- деді. Соларға: «Сыйлықтың көкесі мынау болсын: осындай бір теңдеу бар: х!+1=у2. Кімде-кім осыны шығарады – ең үлкен сыйлық осы болады»,-дедім. Алдымен 100 доллар тағайындадым. Келесі жылы тағы 100 доллар қосып, екі жүз доллар қылдым. Осылай кете береді…

Бұл жерде мәселе, есепті шығару-шығармауда емес. Әрине, шығарса дұрыс болар еді. Бірақ мен сізге шындықты айтайын: Ол – өте қиын есеп. Сыйақы тағайындауымның себебі – жұрттың назарын аударуда. Ғылым деген де жаман нәрсе емес, осыған назар аударыңдар дейтін маркетингтік тәсілім ғой. Әйтпесе, қазіргі жастарды қарасаңыз, кім болуды армандайды? Бәрі әзілкеш болғысы келеді, тез баюды қалайды. Қазақта жақсы сөз бар: «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дейді. Оны көбі келеке қылып айтады. Негізінде бұл өте дұрыс мәтел. Мысалы, сіз жаңағы есепті шығарамын деп интернетті шарлап, ана кітапты бір, мына кітапты екі қарап, ақтарып, біраз білім үйреніп қаласыз. Осы мақсат орындалған сияқты. Бірнеше мың студент есепті өздерінше шығарып, жауаптарын жіберді. Барлығы да қате. Бірақ ішінде біраз жақсы ойлар бар…

Біздің қазаққа жетіспей жатқан өнердің біреуі – осы. Қандай қиын теория болса да, соның бір ілігін жарқыратып көрсетіп, назар аударта алу керек қой. Өйткені жастар жылтыраққа, қызылға құмар.

Нобельдің маркетингтік тәсілі

«Нобель сыйлығын» неге елдің бәрі біледі? Мысалы, таза математикке берілетін сыйлық бар. Бірақ оны ешкім білмейді. Ал, «Нобельді» барлығы біледі. Нобель деген кісі тек қана ғалым емес, ол мықты бизнесмен ғой. Ішіне әдебиетті кіргізіп қойып, керемет мықты маркетингтік жүріс жасады. Әдебиет жүрген жерде ылғи шу, дау-дамай, ұрыс–керіс секілді тегін жарнама жүреді. Мысалы, әртістер назар аудару үшін не істейді? Өзі туралы өсек ойлап табады: «Ажырасып кетіпті», «Тоқал алады екен», бүйтіп қойыпты-сөйтіп қойыпты… Оның бәрі өтірік. Ал, бұл жерде ештеңенің керегі жоқ. Өзімен-өзі жүріп тұрған керемет жарнамалық жүріс. Егер таза математика, таза медицина болса, ешкім байқамас еді. Солайша «Күріштің арқасында күрмек су ішіп», басқа ғылымдарға да назар аударылып жатыр. Бұл – бір.

Екіншіден, «Нобельдің» тағы бір ерекшелігі – оған ғалымдар өздерін-өздері ұсына алмайды. Өйткені әркім өзін-өзі ұсынса, ол сыйлық болмайды. Соны қабылдайтын қырық шақты адамдар бар, солар таңдайды. Олардың кімді қалай таңдайтынын ешкім білмейді.

Оқу жүйесіндегі кемшіліктер мен “Махаббат қызық мол жылдар” туралы

Біздің білім беру жүйесінде маған ұнамайтын нәрсе көп. Бірақ маған ұнамайды екен деп оның бәрін өзгертуге болмайды. Біріншіден, оқулықтардың бәрі дұрыс емес. Екіншіден, біз далақбайлық әдіске көп бой алдыртып алдық. Шетелге еліктейміз дедік-дағы, өзіміздің мықтыларымыздан айырылып бара жатқан сияқтымыз. Мысалы, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда математика, физика, химия сияқты жаратылыстану ғылымдары жақсы дамыған еді. Оның әдістемесі жақсы қалыптасқан. Осы уақытқа дейін балаларымыз ылғи олимпиададан, байқаудан озып жатқанының бірден-бір себебі – біздің осы инерциямызда.

Кеңес одағы кезінде білім алған мұғалімдер бар, оқулықтар бар. Қазір көп жерде былай қылады: жеке меншіктерде «Біз кеңес кітаптарымен оқытамыз» деп жазып қояды. Ашық айтпауы да мүмкін. Бірақ, сұрасаң айтады. Тексеру келе қалса, мінекей деп оқу бағдарламасына сай жаңа кітаптарды көрсете салады.

Баяғыда бала күнімізде біз де сөйтетінбіз. Интернатта оқимыз. Тәртіп қатал. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» шыққан кез. Оны біздің тәрбиешілеріміз «бұзылып кетесіңдер» деп оқытпайды. Сосын біз не істейміз? Аламыз да, сыртын газетпен қаптаймыз. Сыртына «Физика. Г.С.Ландсберг» деп жазып қоямыз (күлді). Не оқып отырғанымызды сұрағанға, «Физика»,-дейміз. Ал, ішінде «Махаббат қызық мол жылдар». Сол сияқты әңгіме ғой.

ҰБТ-ның екіге бөлінуі немесе неге билікте «үшке» оқығандар жүр

Осының алдындағы ҰБТ-да жұртың бәрі шулады. «Балалардың психологиясын бұзды», бүйтті-сөйтті деді. Бауырлар, емтихан міндетті түрде адамның жүйкесін тоздыртады. Ол ойыншық емес. Бұл бір. Екіншіден, адам өмірінде бір рет болса да міндетті түрде емтихан тапсыруы керек. Сізге ұнай ма-ұнамай ма оны ешкім сұрамайды.

Сосын «Кеңес одағындағы ауызша, жазбаша емтиханға көшейік» деді. Көштік. Оның да үлкен кемшілігі бар. Жемқорлық. Адам араласқан жердің бәрі жемқорлыққа келіп тіреледі. Ол – белгілі нәрсе. Бұл қазақтың ерекшелігі емес, ол биологияның заңдылығы. Сондықтан, лажы болса, адамды бұндай жерге араластырмау керек. Мінекей, оның басқа түрі осы – тест.

Оны да жақсы деп айта алмаймын. Ол білім деңгейін тексермейді. Ребус сияқты. Ал сіз медальға бітірген екенсіз, не болыпты? Не істеп жүрсіз, мысалы? Байқап қарасаңыз, бірқатар мемлекетті «үшке» оқығандар басқарып отыр. Неге? Өйткені олар білім білмегенімен, энергиясы бар, адаммен араласауы, «сіз-бізі» жақсы. Ал, үздік оқушы болса, білімі болғанымен адамдармен сөйлесе алмайды… Бәрі «екі жерде екімен» шешіле бермейді ғой. Сондықтан, еңірей беруді қою керек.

Бұндай жерде менің айтатын өсиетім: заңда бар ма, бітті, істеуге міндеттісің! Эмоцияңды қалтаңа салып қой, үйіңе барғанда кемпіріңе айтасың (күліп).

Айтпақшы, ауылдың баласы, қаланың баласы, шетелде оқыған дегендерде қатты айырмашылық жоқ. Мен сізге айтайын. Адам оқимын, білім аламын десе, кез келген жерде білімін арттыра алады. Шетелдің жақсылығы неде? Оларда аудиториялары, кітапxанасы, жатақxанасы жақсы, лабораториясы бай. Бірақ оның бәрі темір-терсек қой. Ал мен сияқты математиктер үшін ешқандай айырмашылығы жоқ.

Жолдауға пікір немесе 10-11 сыныпта ағылшын тіліне көшу туралы ой

Биылғы жолдауда 2018 жылдан бастап 10-11 сыныптарды ағылшын тілінде оқытуға көшеміз делінді. Негізінде ағылшын тілі керек. Көшу керек. Алайда, қалаған адам ағылшын тілінде оқиды, қаламаған – оқымайды десе, келісемін. Ал олай емес, жұрттың бәрі көшеді десе, қарсымын. Өйтсе адамның құқығы бұзылады. Өз тілінде сөйлеу –  Алланың берген құқығы. Екіншіден, біз Қазақстандамыз. Біздің тіліміз ешбір заңға қарамастан, алшаң басып жүруі керек. Үшіншіден, үш тілділік деген ешбір елде жоқ. Мысалы, Малайзияда екі тіл: малай және ағылшын. Ағылшын олар үшін біздегі орыс тілі сияқты. Үндістанда да солай. Біздің орыс тіліміз бар ғой онсыз да. Аз ба? Онда төртінші тілді де қосып алайық. Елдің бәрінен ерекше боламыз. Міне, тегін идея (күліп).

Менталды арифметика немесе миды қалай дамыту керек?

Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы темекі. Ол пайдалы ма? Жоқ, бірақ бәрі тартады. Менталды арифметика пайдалы ма? Жоқ. Ол да темекі сияқты керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд. Ал не болыпты? Оны калькулятормен есептей салған оңай емес пе? Бас сол ақымақ есепті шығару үшін керек пе? Бас тірлік жасау үшін керек. Ал мұндай есеппен кім тірлік жасай алады?

Ал миды дамыту үшін ең керемет өнер – скрипка. Эмоцияға да, өзіңе де пайдалы. Шаршағаның басылады. Ал мына менталды арифметика деп жүргендерінің 15 деңгейі бар екен. Оны он жыл оқиды. Бұл біреудің Америкадан алып келген франшизасы. Біздің елдегі басшысы – бір түрік. Бірақ орталықтарына барып бастығын сұрасаң, кім екенін айтпайды. Солай үйретіп қойған. Мұғалімдердің жалақысын 50 мың теңгеден бастайды. Ебін тапсаң, көбейтіп аласың. Пирамида сияқты. Үстіндегісі ұтады, қалғаны ұтылады. Мұны үйрету үшін математик болудың қажеті жоқ. Екі-үш рет көрсең, өзің де үйреніп аласың. Сосын жүреді он жыл бойы. Бір деңгейі бәленбай мың теңге тұрады. Адам да ақымақ емес қой. «Әй, мен он жыл оқығанда осыдан не ұттым?” деп ойлауы керек. Үш таңбалы санды үш таңбалы санға көбейттің. Оның не керегі бар? Мысалы, циркке барсаңыз, біреу мұрнына бұранда тығады. Сол өнер ме? Цирк үшін өнер шығар, бірақ пайдасы қанша? Оны көру үшін адамдар ақша төлеп келеді. Болды. Ақша табудың жолы. Мынау да сол сияқты. Көшеге шығып саусақтарыңмен бүйтіп-бүйтіп (қолымен көрсетті) тез- тез есептеп бересің. Ақымақ журналистер соны “оһ” деп телебағдарламаға шығарып жіберді. Ол өнер емес. Ол – цирк. Ғылымның маңайына да жоламайды.

Үй тапсырмасы туралы дау немесе Алдар көсе мен Шығайбайдың жаңа хикаясы

Батыстағы елдерде үй тапсырмасын бермеу туралы бастамалар бар. Мүмкін олар үшін бұл ыңғайлы шығар, бірақ қазаққа қандай пайдасы бар екенін білмедім. Өйткені батыста бәрі бар: киім шығады, машина жасайды, компьютер де өздерінен… Сосын олар ерігеді: балаларымыз Бальзакты оқысын, скрипка, рояль тартсын дейді. Дұрыс па? Дұрыс. Бірақ оның қазаққа қатысы қанша?

Қазақ өзінде қандай теxника шығарып жатыр? Қазақта қандай машина бар? “Қызды алып қашқан анау, біздікі не далақ?”. Сондықтан батыста солай екен деп, біздің далақтай беруімізге ешқандай негіз жоқ. Олар – әбден тойынған, толысқан елдер. Ал қазақ қазір екі-ақ нәрседе мықты: бокс пен математика. Ал математиканы жетілдіру үшін, баланы оқыту керек, үй тапсырмасын беру керек. Мен өзім тапсырманы үйіп-төгіп беремін.

2007 жылы математикалық ертегі шығарғанмын. Оның екі-ақ кейіпкері бар: Алдар көсе мен Шығайбай. Екеуі бір-бірін математикалық әдістермен алдайды.

Асқар Жұмаділдаев  пен Вивальдидің ұқсастығы немесе тойға бармау себебі

Біз негізі дәстүрлі қоғамбыз. Ол не? Сөзге, салтқа қатты мән береміз. Мысалы, ақсақал ма, оны төрге отырғызу керек, оған бас ұсыну керек. Келін келді ме, сәлем беруі керек. Бәрі дұрыс, бірақ оны абсолюттілікке шығарудың қажеті жоқ. Қазақ тек қана осының төңірегінде қалып қоймауы керек. Біз үшін салтанатты шаралар, хаттама маңызды. Біздің тойымыздың өзі партияның жиналысы сияқты ғой. Сондықтан тойға бармаймын.

Байқасаңыз, мен сұхбаттарымның бәрінде «Қазақ бәйгеден озамын десе технократтық елге айналуы керек» деген бір ғана нәрсені айтамын. Бірақ әр жолы әр қырынан келемін. Менің сөздерімнің бәрі Вивальдидің «Времена года» топтамасы сияқты. Бір музыка, қалғанының бәрі нұсқалары. Бірақ қазақ соны ұқпайды, таң қаламын (күліп). Демек менің нашар Вивальди болғаным…

Қазақ осы дәстүрліден технократтық жолға ауысуы керек. Ең болмағанда мына телефонды өзіміз шығаруымыз керек. Егер өзіміз шығармасақ, баларымыз «Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жеттіңдер? «Қобыланды батыр» жыры ғана ма сақтағандарың?» – деп күледі. Сондықтан бізге технократтық сана, технократтық ұмтылыс керек. Өзгеріске ұмтылу керек. Біз одан ұтылмаймыз.

Қазақтың сөзі асыра мақтауға да, жермен-жексен етуге де жетеді. Бірақ конденсат пен резисторға келгенде, бүгелектеп қала береміз. Біздің үлкен мәселеміз осында. Қазақтың тілі бай дегенді көп айтамыз. Ол бай, бірақ керек емес сөздерге бай. Мысалы, бір ағамыз “Жылқының 3400 атауы бар” деп  диссертация қорғады. Ағылшында бір ғана атауы бар – Horse. Сонымен жылқының жасын да, түрін де, түсін де атай береді. Сол сөздерімен-ақ әлемде алға шығып кетті. Ал жылқының 3400 атауымен біз әлі жүрміз. Біз енді ғылым жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Жоқ сөзді, жоқ ғылымды, жоқ технологияны өзіміз табуымыз керек. Қазақ тілін ғылымға араластыру керекпіз.

Кездейсоқ бұйырған бақыт немесе мен математикаға қалай келдім?

Мен бала кезімде математикаға қызыққан жоқпын. Ақын болуды армандадым. Өмір деген өзі қызық нәрсе. Жаңа айттым ғой, «тисе терекке, тимесе бұтаққа». Сен тасыңды терекке қарай атуың мүмкін, бірақ бұтаққа тиіп кетесің. Әсіресе қазақта сондай көп болады.

Алматыдағы қазіргі №159 мектеп бұрын №3 интернат болатын. Соны бітірген соң,  қайда барамыз деген мәселе туды. Қарасам, журфакқа, филфакқа түсе алмаймын. Өйткені ректордың тізіміне ену керек, я үлкен таныс табуың керек. Ондай жағдай жоқ. Сосын вокзалға бардым да Мәскеуге билет сұрадым, бар екен. Аттестат берген күннің ертеңінде пойызға міндім де кеттім. Жолдан Шиеліден әкем қарсы алды да, қалтама 120 рубль салып берді. Мәскеуге келген соң адамдардан МГУ-ды сұрап едім, көрсетіп жіберді. Барсам, дәу ғимарат тұр екен. 11-қабатқа барып, құжаттарымды тапсырдым. Ертеңінде емтиханға кірдім. Математикалық жолым осылай басталды. Егер жолдың бойында басқа факультет тұрғанда соған түсіп кетуім де мүмкін еді (күліп).

Студент кезімде бір сабақты екі рет жаздым. Өйткені орысша білмеймін. Лекцияда бәрін жазып аламын, үйге келген соң сөздікпен қайта жазамын. Ол кезде мен орыс тілін білсем, сабаққа бармауым да мүмкін еді. Ал, тілді білмеген соң, керек сабақ екен деп бәрін оқи бересің.

Шәкірттері туралы

Шәкірттерім көп. Дәмір Елеусізов деген бала бар. Қазір Америкада жұмыс істейді. Нұрлан Смайлов бар, қазір СДУ-да істейді. Бекзат Жақаев деген жігіт бар. Болгарияға кетті. Когомология саласында жұмыс істейтін Шерәлі Ибраев деген бала бар. Бүкіл ТМД да оның деңгейдегі адам жоқ. Өте мықты. Екеуіміз «Ли алгебрасы» деген кітап   шығардық. Ол қазақ тіліндегі бірінші кітап.

Ғылым мен геннің байланысы немесе отыздан асқанда ғалым болу мүмкін бе?

Атақты Нобель сыйлығының бір лауреаты бар. Аты есімде қалмапты. Бәрін гендік тұрғыда түсіндіреді. Неге қаралардан математик шықпады? Неге баскетболистер көп шықты? Соны осы гендік тұрғыда түсіндіреді. Бірақ мен бұл пікірге қосылмаймын. Қаралардың да арасында математиктер бар, аз емес. Менің ойымша, бәрі еңбек етуге байланысты. Еңбек етсе, бәрі шығады.

Ғылым жасқа қарамайды. Енді отыздан кейін математика кішкене қиындау болуы мүмкін. Өйткені бала-шағаң болады дегендей. Ертең келіншегің нан тап десе, математика жайына қалады. Ерлан Сағадиевтің «Фуд мастер» өнімдерінде «Сапалы өнім асықпай жасалады» деген жарнама бар. Сол сияқты математика да көңіл бөлгенді, асықпай отырғанды жақсы көреді. Ал бала-шағаң бар кезде олай отыра алмайсың. Ондайда математика қашып кетеді. Бұл тұрмыстық тұрғыдан.

Физиологиялық тұрғыдан алсақ, алпыс жасқа келіп те оқуға түсіп жатқандар бар. Бірақ олардан бірдеңе шығыпты дегенді естімедім. Мысалы Ілия Жақанов жетпіске келіп суретшілікке түсіп, диплом алыпты. Мен де сөйтетін шығармын (күліп). Менің ең бірінші дипломым қандай екенін білесің бе? Ол Мұзафар Әлімбаев қол қойған «Балдырған» журналының дипломы. Сурет салғаным үшін берген (күліп).

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт. 

http://asqar.org

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА