22.11.2024

Ерлан САҒАДИЕВ. БАЛАНЫ ДАРЫНДЫ-ДАРЫНСЫЗ ДЕП БӨЛУГЕ БОЛМАЙДЫ

Біздің елде барлық жол мектепке апарады. Әйтеуір, осы бiр киелi шаңыраққа бас сұқпаған, бiлiм алмаған, қоңырауының сыңғырын естiмеген адам кемде-кем. Бәлкiм, жоқ та болар… Содан болар, қазір білім саласындағы реформаларға жұрттың бәрі алаңдаулы. Шынында, біз жас ұрпаққа дұрыс білім беріп жатырмыз ба? Қаптаған реформалардан қайыр бар ма? Жалпы, білім беру саласында таңдаған жолымыз қайда апарады? Міне, осындай күрделі сұрақтарды білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке қойып, ашық әңгімеге шақырдық. Әрине, қашан көрсең ханбазар боп, қым-қиғаш пікірдің ортасында қалатын білім беру саласының мәселесін бір сұхбатпен тарқатып тастау мүмкін емес. Оның үстіне министрдің айтар сөзіне қарсы пікір білдіретін мамандар да аз емес. Пікір ашықтығы мен қоғамдық талқыны басты қағида деп білетін «Жас Алаштың» есігі білім саласындағы дау мен жаңа бастамаларға қатысты уәж, сын, ұсыныс, қолдау білдіремін деген жандарға әрдайым ашық. 

Ал бүгінгі біздің әңгімеміз ата-аналарды мазалап жүрген мәселелер төңірегінде өрбіді. Сонымен, министр мырза не дейді?

– Ерлан Кенжеғалиұлы, әңгімені «Әліппеден» бастасақ. Қазір ата-аналарды мазалап тұрған мәселенің бірі осы. Осы күнге дейін мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің барлығы сабақты «Әліппеден» бастап, сол арқылы әріп таныды. Яғни «Әліппе» бәріміз үшін өте ыстық. Енді қаншама жылдан бері осынау үрдісті бұзып, неге оқу бағдарламасынан алынып тасталды? Енді «Әліппе» қайта оралса, «Сауат ашу» кітабы не болады?

– Бұл оқу стандарты 2011 жылы қабылданған. Сол құжатта 1-сыныптың пәні «Сауат ашу» деп аталған. Бұл мен шығарған нәрсе емес. Яғни бүгін ғана болып жатқан дүние емес. Жаңадан министр болып тағайындалған кезде «Сауат ашу» пәні мемлекеттік бағдарламада тұрды. Осыған байланысты кейіннен оқулық шықты. Жарайды, бұл олқылықтың орнын толтырамыз. Шынында, «Әліппенің» орны бөлек. Қазіргі таңда мектеп табалдырығын енді аттаған балалардың білім көрсеткіші 70-80 пайызды құрайды. Қалғаны әлі де әріп танымайды деген сөз. Осы көрсеткішті көтеру мақсатында нөлінші сыныптарға «Әліппені» қайтадан енгізіп жатырмыз. Сонымен, «Әліппені» нөлінші сыныптағылар, «Сауат ашуды» бірінші сыныптың оқушылары оқиды. Қанша дегенмен мектептегі білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар осы сыныптардан басталады емес пе? Сондықтан бастауыш сыныптарға білім беру мәселесі үнемі назарымызда.

– Оқулықтар жалпы сараптамадан қалай өтеді? Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда «оқу бағдарламасына енетін оқулықтарды арнайы сайтқа жариялап, алдын ала алты ай бойы жұрттың назарына ұсынамыз» деп айтқан едіңіз… 

– Әрине, оқулықтар арнайы мамандардың талқысына түспей, арнайы құрылған комиссиялармен ақылдасып, сараптауынан өтпей жарыққа шықпайды. Жақында ғана республикалық комиссия 2, 5, 7-сыныптарға арналған оқулықтарды сараптап, өз қорытындыларын берді. Біздің сайтта жарияланған барлық оқулықтар бойынша ата-аналардың, мұғалім, мектеп директорларының, жалпы, осы мәселе қызықтырған адамдардың өз ойларын, пікірлерін айтулары біз үшін өте маңызды. Оқулықтың қай жерлері дұрыс емес, қате, ұнамайды – осының бәрі айтылуы тиіс. Мұның бәрі назарға алынады. Біздің мақсатымыз – ТМД елдерінің ішінде ең жақсы оқулықтар шығару.

– Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның осы оқулықтар сапасын сынға алып, «жекпе-жекке» шақырғанын қалай қабылдадыңыз? 

– Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханмен өзім жеке кездестім. Бірге отырып әңгімелестік. Ол оқулықтар жөніндегі комиссияға келіп, жұмыс істеуге келісім берді. Онысына көп рахмет. Бізде жыл сайын 200 түрлі оқулық дайындалады. Оның көбісі методологиялық оқулықтар. Оның бәрін өзім оқып, сүзіп шығуым мүмкін емес. Сондықтан мамандарды көбейтуіміз керек. Биыл сол оқулықтарды 180 маман төрт күннің ішінде қарап шықты. Оның ішінде Бекболат Тілеухан да бар. Бұрын республикалық комиссияда 18 маман бар еді, қазір оның саны 40-қа жетті. Оның ішінде де бірнеше депутат бар. Қазір олар сараптап жатыр. Ары қарай бұл оқулықтарды сайттарға шығарып, мұғалімдер мен мектеп директорларынан, арнайы мамандардан осы оқулықтарды оқып, пікірлерін айтуды сұрап жатырмыз. Министрдің жұмысы осы… Бекболат Тілеухан біздің жұмысымызды түсінді. Біз де оның пікірлерін түсіндік. 

– «Химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшынша оқыту бәрібір жүзеге аспайды» деген де пікір бар. Оған мамандарды қайдан табамыз? Бұған не айтасыз?

– Рас, ата-аналардың көбісі алдағы 1 қыркүйекте балалар сабаққа келгенде қазақша да, орысша да сөйлеуге болмайды, тек ағылшын тілінде ғана сайрауы керек сияқты көреді. Ол дұрыс емес. Биыл осы бағыттағы жұмыстар басталып, 12 мың мұғалім ағылшын тілінің ұзақ мерзімді курстарында оқитын болады. Сосын олар мектептерге барғанда өз сыныптарын ағылшын тілінде оқытуға пилоттық жоба ретінде мүмкіндік береміз. Яғни биыл және келесі жылы сол сыныптарға бақылау жасаймыз. Оқушылардың үлгерімі қалай, мұғалімнің жағдайы, ата-аналар не айтып жатыр – осыларды зерттейді. Тағы бір ескеретін жағдай, тек қана ата-аналар өз еріктерімен өтініш білдірген сыныптар ғана ағылшын тілінде оқиды. Яғни ата-аналардың еркі шешеді деген сөз. Бізді қазір мұғалімдер мен оқушылардың, мектептердің жағдайы, оқулықтар не болып жатыр, дайын ба, жоқ па деген ой мазалайды. Биыл осы мәселені зерттеп, түсініп, келесі жылы үлкен талқылау жұмыстарын бастамақпыз. Бұл жүйеге көшудің арнайы кестесі болады. Алда бір жылымыз бар. Алдағы жылдың қараша, желтоқсанына дейін мүмкіндік беріп отырмыз. Мұғалімдер дайын ба, жоқ па? Жоқ әлде 2019 жылдан бастаймыз ба? Тіпті 2020-2021 жылдарға дейін қалуы да мүмкін. Ақылдасып, мәселені түсініп, талқылап, тек сол кезде ғана бір шешім қабылданатын болады.

Қазір Қазақ білім инновациялық лицейлері (ҚТЛ) 7-сынып оқулықтарын тәжірибе ретінде қазақ тілінен ағылшын тіліне аударып жатыр. Бұл оқу орындарының бай тәжірибесі бар. Бұл да бізге көмек болады. Солардың методологиясын да пайдаланатын боламыз. Олар алғашқы тоқсанда 25 пайыз ағылшын тіліне басымдық бере отырып, бірте-бірте көтермек. Яғни бұл жүйеге көшуге бір жыл беріледі. Бәрін бір сәтте көшіріп тастамаймыз. Жоғары сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға қатысты шешім тек 2018 жылы қабылданады. 

– Білім саласында қаншама реформа жүріп жатыр. Бірақ осы өзгерістер мұғалімдердің қағазбастылықтан құтылуына сәл де болса септігін тигізеді деп ойлайсыз ба? Барлық саяси науқанда сандалып мұғалімдер жүгіріп жүреді. Сайлау, санақ, тіркеу деген сияқты…

– Қағазбастылықтан құтылу үшін біздің министрлікке екі үлкен база керек болып тұр. Біріншісі – Ұлттық білім беру деректер қоры, екіншісі – электрондық журнал. Ұлттық деректер қоры бойынша мұғалімдер жылына екі мәрте – күзде және жазда ақпарат толтырады. Оған басқа мемлекеттік органдар қажет ететін ақпараттар енуі тиіс. Мұғалімдерден ақпаратты тек министрлік қана сұрамайды ғой. Төтенше жағдай, өрт сөндіру қызметі, санэпидемстанса, Денсаулық сақтау министрлігі, прокуратура сұрайды. Жергілікті әкімдік те күн сайын әр ақпаратты сұрап миларын ашытады. Осыдан барып мұғалімдер әр мекемеге қағаз жөнелтумен-ақ шаршайды әрі уақытын жоғалтады. Мұны тоқтату керек. Осы ақпараттардың барлығын Ұлттық білім беру деректер қорына енгіздік. Бірақ тағы бір мәселе бар, біздің байқағанымыз, деректер қорын көп мектептер дұрыс толтырмайды екен. Өткен жылдың қазан айында, яғни бірінші тоқсан аяқталғанда толтырылған деректер қоры бойынша 1,5 миллион қателік шықты. Дегенмен де екінші мәрте тағы жүргізіп көрдік. Екінші тоқсан біткенде 500 мыңдай қателік шықты. Бірте-бірте азайып келеді. Енді оқу жылы аяқталғандағы ақпараттарда ешқандай қателіктер болмауына күш салудамыз. Ұлттық білім беру деректер қоры басқа мемлекеттік органдардың өз алдына ақпарат сұрауын тоқтатуы тиіс деп ойлаймын. Бұл мекемелер өздеріне қажетті мәліметтерді сайттан-ақ ала берулері тиіс. Бірақ біз ақпараттың нақтылығына жауап беруіміз керек. 

– Демек, құзырлы мекемелер өздеріне қажет мәліметтерді Ұлттық деректер қорынан-ақ ала береді деген сөз. Дегенмен де бұл реформаға да үш тоқсан өтіпті. Нақты нәтиже бар ма?

– Әрине, бар. Жақында президент әкімшілігі біздің министрліктен осы саланың 1 ақпанға дейінгі мәліметтерін сұрады. Біз бермедік. Неге? «Мұндай жаңа ақпарат жоқ. 1 ақпанға дейінгі мәліметтер наурыз айында дайын болады. Болмаса 1 қазанға дейінгі ақпарат бар» деп жауап қаттық. Ал егер баяғыдай сол сәтте ақпаратты дайындап беру жұмысын бастап кетсек, қаншама білім мекемелері, мектептер күндіз-түні қағазға шұқшиып отырар еді. Яғни наурыз айы біткенге дейін жаңартылған ақпарат болмайды. Ақпарат жинау жұмысы осылайша бірте-бірте саябырлап тоқтауы қажет. Сонда ғана қағазбастылықтан құтыламыз.
Екінші мәселе – электронды журнал. Сабақ жоспарлары, баға қою – бәрі осы журналға енгізіледі. Мұны да дұрыс ұйымдастыра білсек, мұғалімнің қағазы тіптен азая түседі. Үшінші үлкен мәселе – мектепке бақылаушы органдардың келуі. Рас, олар айтуы мүмкін: «мен электронды журналды түсінбей жатырмын, маған қағазға шығарып беріңдер» деп. Бұл дұрыс емес. Қаржы министрлігі, Бас прокуратураға бұл жөнінде хат жіберіледі. Яғни электронды журналдың да қағаз құжатпен құқы бірдей. Бақылаушы органдар осыны қаперінде ұстауы тиіс. 

– Дегенмен де әр мектепте, әр сыныпта интернет болмауы мүмкін ғой. Тіпті ауыл-аймақтарда компьютері жоқ білім ошақтары да бар. 

– Иә, бізді де мазалап отырған мәселе осы. Сол себепті де «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша мектептер алдыңғы кезекте тұр. Біз жазда интернеті бар әр сыныпқа Wi-Fi орнатуымыз керек. Бұл іске жазғы практика шеңберінде студенттерді іске тартуға болады, қалай болғанда да біз бұл проблеманы шешуді қолға алмақпыз. Сосын компьютерлер тапшылығы да алқымнан алып тұр. Биыл 11 мыңнан аса «үштік жиынтық», яғни компьютер, проектор және экран сатып аламыз. Алдымен ауылдық мектептерді жабдықтаймыз. Былтыр біз 7300 компьютер жиынтығын алсақ, 2018 жылы 12 000 «үштік жиынтық» алуды жоспарлап отырмыз. Түптің түбінде ең шалғайдағы ауылдарды электронды күнделікті пайдалану мүмкіндігімен, барлық пән бойынша үздік бейнесабақтармен қамтамасыз ету міндеті тұр. 

– Ерлан Кенжеғалиұлы, сіз қағазбастылықтан құтылу мәселесіне көбірек назар аударып, барлық саяси науқандарда мұғалімдердің сандалып жүретіні туралы ештеңе айтқыңыз келмей тұрған сияқты… 

– Жоқ, неге? Бірден айтайын, мұғалімдер өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға «жегілмейді». Яғни мұғалімдерді міндеттері аясына кірмейтін жұмыстарға тартуға тыйым салмақпыз. Бүгінде олар медициналық анализдер жинап, «Оңай» карточкаларын тарату сынды жұмыстарды істейді, үй-үйді аралап жүр… Заң бұған тыйым салады. Біз алдымен бұл мәселені ведомствоаралық деңгейде көтеріп, сондай-ақ құжат жүзінде бәрін реттеп, мәселені түпкілікті шешу жолын таппақ ниеттеміз. Алдағы үш айда мұғалімдердің міндеттен тыс шаруаларға алаңдамауына қатысты қатал тәртіп белгілеп, біріккен ереже бекітуді жоспарлап отырмыз. 

– Сіз білім саласының серкелерімен, академик, профессор, ғалымдармен кездесіп, әңгімелесіп тұрасыз ба? 

– Кездесіп, ақылдасып тұрамыз. Бүгін ғана ғылыми педагогикалық кеңесті құрамыз деген келісімге келдік. Қазіргі уақытта оған 21 адам мүше болмақ. Көбісі елге танымал академиктер. Бұл кеңес білім саласындағы ең маңызды мәселелерді талқылап отырады. 

– Оның ішінде білім саласында көп мәселе көтеріп жүрген белгілі академик Асқар Жұмаділдаев бар ма?

– Ол кісі жоқ. Бұл тізімдегі адамдарды Ұлттық Ғылым академиясы ұсынған. Мәмбет Қойгелді, Төрегелді Шарманов, Өмірзақ Айтбайұлы, Хангелді Әбжанұлы секілді академиктер бар. Бұл тізімді жақында жариялаймыз. 

– Аптасына бес күн оқыту мәселесі туралы айта кетсеңіз. «Бастауыш сыныптардың бағдарламалары балаға ауыр» деген де пікірлер бар… 

– Меніңше, аптасына бес күн оқу жүйесі оқушы үшін де, ата-ана үшін де өте тиімді. Балалар көп уақытын өз ата-аналарымен өткізуі қажет. Өзіңіз ойлаңызшы, оқушы тек сабақпен ғана шұғылданбай, басқа да үйірмелерге баруға уақыты болуы тиіс емес пе? Бұл бала тәрбиесінде өте маңызды рөл атқарады. Бала демалуы қажет. Халықаралық зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, бізде оқушыларға үйге берілетін тапсырманың көлемі мен баланың үлгерімі арасында байланыс жоқ. Яғни, шынында да, үй тапсырмасы көп беріледі. Содан болар, үй тапсырмасы көлемі жағынан 85 мемлекеттің арасында 4-орында тұрмыз. Сондықтан үй жұмысының көлемін азайту керек. Бұл мәселемен арнайы екі топ айналысып, жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта орташа есеппен алғанда тапсырма бір сағатқа азаяды. Және екі күн демалысқа шыққандарға үй тапсырмасын бермеу талабы да қойылмақ. Бұдан балалардың сабаққа деген қызығушылығы артады деп ойлаймын. Тағы бір айтары, келесі жылдан бастап тарих, әдебиет, химия және басқа да пәндерді музейлерге, зерттеу институттарына апарып өткізуге болады. Шетелге шыққанда музейлерге барсаңыз, толып жүрген мектеп оқушыларын көресің. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрлігімен келістік. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушылары сабақ өтуге келгенде музейлер ешқандай ақы алмайды. Осылайша музей, зерттеу институттарында 7-8 сағат сабақ оқытуға болады. Бұл да балалардың қызығушылығын арттырып, танымын кеңейтеді деп ойлаймын. Әрине, оның да өз методологиялары болуы тиіс. 

– Сіз бір сұхбатыңызда мұғалімдердің жалақысын көтеру туралы айтып, ұстаздар қауымын елеңдетіп қойдыңыз. Алайда бұл мәселе аяқсыз қалғандай…

– Бюджет процесі қалай жұмыс істейтіні бәріңізге белгілі. Біз есептерімізді жасап, Қаржы министрлігіне ұсынамыз. Ол ұсыныстар бірнеше рет үкімет отырысында көтеріліп, талқыланады. Қаржы министрі өзінің пікірін айтады, біз өз пікірімізді айтамыз. Одан ұсыныстар мәжіліске өтеді. Депутаттар қолдаса, ақша бөлінеді. Біз жалақыны көтеру жөнінде 88 миллиард теңге қосымша ақша сұрап, ұсыныс бердік. Енді Қаржы министрлігі өз мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. 

– Қалай ойлайсыз, осы салаға сізден басқа біреу министр болып келгенде де осы проблема, осы айқай-шу, дау алдарынан шығар ма еді?

– Әрине… Біз мемлекеттік бағдарламаны іске асырып жатырмыз. Бәрі тайға таңба басқандай ішінде анық жазылған. Біздің міндетіміз – түсіндіру. Ақылдасып, пікірлерін тыңдау, назарға алу. Содан кейін ғана қол қойылады. Бұл реформалардың бәрін өзім ойлап тауып жатқаным жоқ. Мұның бәрі білім саласын дамытуға, ілгерілетуге арналған бағдарламалар. 

– Сізді осы қызметке келгенде «бизнес саласынан келді» деп жазғырған. Бұған не айтасыз?

– Бизнестен келгенім рас. Бірақ оған дейін ұзақ жылдар бойы білім саласында жұмыс істегенімді қайда қоямыз? Екі университеттің ректоры болдым. Сондықтан бұл сала маған өте таныс. Әрине, мектеп мәселесіне көбірек назар аударуым қажет. Бір жыл ішінде осыған күш салдым. Өйткені бәрі мектептен басталады емес пе? 

– Сіз әлеуметтік желілердің «сүйікті» кейіпкерісіз. Белгілі блогерлер сізді «жиындарда, кездесуде басқаша сөйлейді, басқаша уәде береді, бірақ мүлдем басқаша жұмыс істейді» деп жазғырады… 

– Блогерлердің бүйтіп жазғырып жүргенін, шынымды айтайын, сізден естіп отырмын. Мені көп сынайтындарға бір нәрсені түсіндіргім келеді. Қазіргі уақытта 90 пайыз қазақтың балалары қазақ тілінде оқып жатыр. Бұл бұрын болмаған нәрсе. Мәселен, мен оқыған кезде Алматы қаласындағы 75 мектептің біреуі ғана қазақ тілінде болған екен. Тағы да қайталап айтамын, қазір еліміз бойынша орташа есеппен қазақтардың 90 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Түбінде бәрі қазақша білім алуға келеді. Бұл – табиғи процесс. Оған шыдамай, өйтейік, бүйтейік деп, мыналар кетсін дегеннен Қазақстан ештеңе ұтпайды. Еліміздегі басқа ұлттардың да құқын ескеру керек. Және әлемдегі үздік білім беру жетістіктерінің сырына үңілу қажет. Үш тілде оқытуды қолдап жатқандар өте көп. Өйткені олар заман ағымы соған алып келе жатқанын түсініп отыр. Мен ешқашан да екі сөйлеген емеспін. Қазіргі басты проблеманың бірі – орыс мектебінің оқушылары 11 жыл қазақша оқыса да, мемлекеттік тілде сөйлемейді. Өйткені технология дұрыс емес. Осыған байланысты жаңа коммуникативтік технология енгізсек деп жатырмыз. Бұл жоба дайын. Ғылыми негізде жасалған. Пилоттық жоба ретінде мектептерге енгізе бастаймыз. Тәжірибе жақсы өтсе, келесі жылы немесе 2019 жылдан бастап бұл технология барлық орыс мектептеріне енгізіле бастайды. Оның басты мақсаты – баланы қазақша сөйлету. Алдағы екі-үш жылдың ішінде енгізсек, орыс мектептерінің оқушылары қазақша сөйлейтініне сенімдімін. 

– Бір топ қайраткер, белгілі тұлғалар, академик, ғалымдар сіздің отставкаға кетуіңізді талап етті. Сіз кетпей отырсыз…

– Иә, оны білемін. Бізде қызметтен алудың өз процедурасы бар. Ең бірінші, отставкаға президент жібереді; екіншіден, мәжіліс жібереді. Қайсысы отставкаға жіберемін десе де өз қолдарында. Бір жағы, бұл азаматтардың білім реформасына алаңдап, талап қойып жатуы демократияның бір көрінісі деп те ойлаймын. 17 миллион халықта әртүрлі пікірлер болуы мүмкін. Мұны халықтың басым бөлігі қолдап жатса, ол басқа мәселе…

– Тағы бір байқағаным, баяндамаларыңызды латын әрпімен жазады екенсіз. Мұны қайдан үйрендіңіз?

– Шетелде жүргенде латынша да оқыдым. Осыған үйреніп кеттім. Кириллицамен де жаза аламын. Ешқандай қиындығы жоқ.

– Сіздің әкеңіз Кенжеғали елге танымал ғалым адам. Депутат та болды. Өз жұмысыңыз бойынша әкеңізбен ақылдасып тұрасыз ба? 

– Әрине, ақылдасып тұрамын. Әкемнің алдына жиі барамын. Оның да осы саланың мәселелеріне жаны ауырады. Түсінеді. Ақылын айтады. Әзірге «мына жерің дұрыс емес» деп айтқан емес. Бірақ кейбір мәселелерде «мынандай кісілермен кездесіп, сөйлес, ақылдас, қолға алып жатқан мәселеңді талқыла» деп кеңес береді. Әкемді көп кісілер таниды, біледі, сыйлайды. Осының өзі маған көп көмек. Және бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. 

– Өзіңізді осы білім саласында тағы қандай ой мазалайды?

– Мені мазалап жүрген мәселе көп. Соның ішінде мына нәрсені бөліп айтуға болатын сияқты. Негізі, балаларды дарынды немесе дарынсыз деп екіге бөлуге болмайды. Бәріне талап бірдей болуы қажет. Ауылдан шыққан балалардың да арманы, мақсаты көп. «Сен ауылдан шыққансың» деп ауыл балаларының талабына «крест» қоюға болмайды ғой. 

– Сонда қалай? Біздің елде дарынды балалардың арнайы мектебі бар емес пе?

– Иә, жай мектептердегі дарынды балаларды лицей-гимназиялар жинап алып кетеді. Бірақ қалған балаларды дарынды емес деп басқа бағдарлама бойынша оқытпауымыз керек. Бірыңғай бағдарлама болуы тиіс. Бәрі Финляндия елін мақтайды. Керемет дамыған мемлекет. Ол елдің ең кереметі – жай мектеп пен дарынды балаларды оқытатын мектептер арасындағы ҰБТ-ға байланысты айырмашылық 6,5 пайыз ғана. Яғни екі мектепте де білім бір деңгейде беріледі деген сөз. Ал бізде бұл көрсеткіш 50-ден асып отыр. Бұл дұрыс емес. Біз дарынды мектептермен бірге ауыл мектептеріндегі білімге де баса назар аударуымыз керек. Тіпті арнайы назар аударуымыз керек. Біздің министрліктің басты міндетінің бірі – осы.

– Ашық әңгімеңізге көп рақмет.


Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

Жас Алаш газеті.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА