26.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Орта білім беру жүйесіндегі реформаларды тоқтата тұру керек.

Орта білім беру жүйесінің проблемаларына арналған парламенттік тыңдауда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы бір қатар мәселелер туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Baq.kz сайтына сілтеме жасай отырып, KAZBILIM тілшісі.

Елімізде орта білім беру саласы жиі реформалар жүргізілетін салалардың қатарына жатады. Соған қарамастан бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардың тиімділігі көрінетін нәтижелерге әлі де қол жеткізген жоқпыз. Сондықтан осы саладағы маңызды реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар.

«Елімізде орта білім беру саласы жиі реформалар жүргізілетін салалардың қатарына жатады. Соңғы жылдары мектептеріміз үнемі реформалар жүргізілетін режимде жұмыс істеуде. Соған қарамастан бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардың тиімділігі көрінетін нәтижелерге әлі де қол жеткізген жоқпыз. Мектептегі білім беру жүйесінде жасалған реформалар көп жағдайда қоғамды айтарлықтай толғандырады», – деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аталған реформалардың неліктен сәтсіз жүргілізіп жатқанына тоқталды.

«Оның себептері – түсіндіру шараларының жеткіліксіз деңгейде жүргізілуінде, білім беру жүйесіндегі жаңалықтардың тиісті деңгейде жүзеге аспауында және педагог мамандардың сапасына тікелей байланысты болып отыр», – деді төраға.

Оның пікірінше, орта білім беру жүйесіндегі реформаларды тоқта тұру керек.

«Мүмкін Бұл саладағы маңызды реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар. «Қандай жетістікке жеттік, қайда келдік, неге қол жеткіздік?» алдымен осыларға баға беріп алу керек. Білім беру саласында терең жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды», – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шетелге білім алуға кетіп жатқан жастар санының күннен-күнге арта түсуі бізді алаңдатады.

«Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқандардың саны шамамен 11 пайызды құрайды. Өйткені техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыру деңгейі әлі де төмен. Мектеп оқушыларының 90 пайызы білім алуды жоғары оқу орнында жалғастыруды қалайды. Қазіргі кезде студенттердің үштен бірі ғана мемлекеттік білім тапсырысы негізінде жоғары білім алуда. Қалғандары ақылы негізде оқиды. Олардың саны мемлекеттік тапсырыспен оқитындардан екі есе көп. Мектеп бітірушілердің айтарлықтай тобы шетелде оқуға ерекше көңіл бөледі. Шетелдің жоғары оқу орындарына кетіп жатқан талапкерлер санының күннен-күнге өсуі бізді алаңдатып отыр», – деді Сенат төрағасы.

Ұстаз кәсібінің төмен мәртебесі білімді дамытуды тежеп отырған фактор болып саналады. Қазіргі уақытта білім беру қызметкерлері жалақысының деңгейі ең төмен еңбекақының қатарында қалып отыр. Үкімет осы орайда мұғалімдердің жалақысын көтеру жағын ойластыруы қажет.  

«Ұстаз кәсібінің төмен мәртебесі мектептегі білімді дамытуды тежеп отырған фактор. Қазіргі уақытта білім беру қызметкерлері жалақысының деңгейі ең төмен еңбекақының қатарында қалып отыр. Ол орташа республикалық деңгейдің 66 пайызын құрайды. Үкімет экономикалық жағдайға орай мұғалімдердің жалақысын көтеру жағын ойластыруы қажет. Бұл – өте маңызды. Өйткені мектептегі реформа педагогикалық жоғарғы оқу орындарына байланысты», – деді ол.

Осы орайда ҚР Сенатының төрағасы ұстаздардың әлеуметтік жағдайына мән беруді шақырды.

«Мұғалімдерді мемлекеттік наградалармен, сыйақылармен ынталандырып, олардың еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау қажет. Материалдық және моральдық ынталандыруды дұрыс жолға қоймасақ, біз мұғалім кәсібінің мәртебесін жоғарылата алмаймыз», – деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам арасында мұғалімнің мәртебесі төмендеп кеткенін ашына айтты.

«Қазіргі уақытта талапкерлер көп жағдайда педагогикалық жоғарғы оқу орындарына оңай түсуге болатын оқу орны» деген қағидат бойынша таңдайтыны жасырын емес. Өйткені педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсуге қажетті балл саны басқа мамандықтармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мұндай жағдай келешекте оқытушылар құрамының сапасына тікелей кері әсер ететіні анық. Ал бұл толығымен керісінше болуы тиіс», – деп түйіндеді сөзін Сенат төрағасы.

Елімізді жаңғырту жолындағы міндеттерді орындауға барынша қабілетті мамандарды дайындап шығару үшін Қазақстанның білім беру жүйесі қазіргі заманның талаптарына толығымен сай болуы керек.

«Бүгінгі парламенттік тыңдау халқымыздың болашағы үшін аса маңызды мәселені талқылауға арналған. Еліміздегі орта білім беру жүйесінің үйлесімді қызметі мен мектептердің сапасы әрбір отбасына, әр азаматқа қатысы бар екенін біз жақсы білеміз. Биыл Қазақстан Президенті мемлекетіміздің болашағын қамтамасыз етуге бағытталған еліміздің үшінші жаңғыруы жөніндегі бағдарламаны енгізді. Дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге бағытталған бұл бағдарламада адам капиталының сапасын жақсартуға, оның ішінде білім беру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр», – деді ол.

Сонымен қатар сенат төрағасы Елбасының білім беру жүйесіне берген тапсырмаларына тоқталды.

«Мемлекет басшысы білім беру жүйесін экономикалық өсудің негізіне айналдыру үшін оның қызметін түбегейлі өзгерту жөнінде тапсырма берді. Қазіргі кезде технологиялардың қарқынды дамуы әртүрлі салаға инновациялардың енгізілуі, жаппай цифрландыру, жаңа технологиялық тәртіпке көшу орта білім жүйесін дамыту барысында жан-жақты ескерілуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, еліміз заман көшінен қалмау үшін отандық білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті болуы шарт.

«Елімізді жаңғырту жолындағы міндеттерді орындауға барынша қабілетті мамандарды дайындап шығару үшін Қазақстанның білім беру жүйесі қазіргі заманның талаптарына толығымен сай болуы керек», – деп түйіндеді төраға.

 Baq.kz

Дәурен ЕРБОЛАТ

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА