22.11.2024

ОҚУЛЫҚ ОҚУШЫНЫ НЕГЕ ОЙЛАНДЫРАДЫ?

Білім саласында елді алаңда­татын екі негізгі мәселе болса, соның бірі оқулыққа қатысты өрбиді. Жа­сыратыны жоқ, журналист ретінде бұл тақырыпты бірінші болып біз қозғап отырғанымыз жоқ. Алайда, ізденіске салып, ғаламтор мен газет бетіне көз салғанымыз сол еді, оқулық жырына қатысты сындардан көз сүрінеді. “Оқулықтың олқылы­ғына мән беретін кез жетті”, “оқу­лықтағы қателіктерден қашан құты­ламыз?” деген жанайқайы мол мақа­лалар білім саласындағы даудың басын ашып тұр. Міне, қанша уақыт­тан бері оқулық айналасындағы алаңдаушылық әлі де басылар емес. Биыл да жаңа оқу жылының бастал­ғанына бір ай болмай жатып оқулық­қа қатысты қателіктер ел ішінде айтылып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Оған кейінірек тоқ­таламыз.

Оқулық оңбай оқу оңбайды. Мақсат – оқулықтан қате іздеп, елдің назарын аудару емес. Қаншама жылдан бері неліктен оқулық сапасы әлі де сын көтерер емес деген сұрақ мазалайды. Әлбетте, оқулық жазу, оқулық шығару екінің біріне берілетін міндет емес. Себебі оқулық – білімнің таразысы, оқудың өлшемі. Ала-құла, қалай болса солай жазылмауы керек. Мұны білім саласында жүрген, ұрпақ үшін күйіп, жауапты сала маман­дарымен сөз ұстасып жүрген азамат­тар­дың сөзінен айқын аңғаруға бола­ды. Расында, оқулық сапасы жайында билік, билік дегеннен гөрі ресми та­рап пен қоғам арасында екіұдай пі­кірлер бар. Баласын білім алсын деп, мектепке жетектеп баратын ата-ана­ның соңғы кезде оқулық жазатын авторлар мен баспаларға деген реніш­тері басым. Тіпті, оқушы түгілі ата-ананың өзі кітапты бірнеше рет қайта қарап, бас шайқап қалатын кездерді біз айтпай-ақ өзіңіз де көріп жүрген боларсыз. Бұл нені білдіреді? Оқыту­дың жүйесі өзгерсе де, оқулықтың мазмұны сақталуы тиіс емес пе?

Хош! Бұрындары оқулық жазу жауапкершілігі бір баспаға жүктелетін. Тиісінше, білім мазмұнына жауап беретін де осы бір орта еді. Бас-аяғы 5 жыл ішінде бұл талап өзгерді. Баспалар бәсекелестік ортада дамуы тиіс саналғандықтан оқулық жазу міндетіне бірнеше баспалар кірісті. Әрбір баспа жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес өз оқу бағдарламаларын даярлады. Қазір кітап шығарумен айналысатын 10-нан аса баспа бар. Оқулық жазу бәсекелестік алаңына түскендіктен әрбір баспа жеке авторларды тар­тып, стандартты сақтай отырып, оқулық шығарады. Міне, мәселенің басы осы жерден бас­талады. Анығын айтқанда, әрбір мектеп әртүрлі баспалардың оқу­лықтарымен оқуға көшті. Мұның арты үлкен сұраққа алып келді. Стандарты сақталға­ны­мен, мазмұны біркелкі болмағандықтан ата-аналар тарапынан түсінбеушіліктер туындады. Ең арғы түбі бұл ұлттық бірың­ғай тестілеу кезінде де басы ашық сұрақ ретінде қойылды.

    Қалай десек те, оқулық төңі­регіндегі кемшіліктер білім тағына отырған министрдің қай бағытта жұмыс жасайтынына бай­ла­нысты. Қазір оқулық шығару процесін ҚР Білім және ғы­лым министрлігі жанындағы ор­та­лық, Ұлттық білім акаде­мия­сы, оқу­лықтардың сараптама орталығы бақылайды. Алайда, аталған орталықтар оқулықтың кем­ші­лігіне нақты жауап беруге мін­детті емес. Себебі оқулық сапасына – баспалар жауапты. Біз­де­гі жағдай осы. Бірақ та, екі жыл­­дан бері министрлік оқулық сапасын арттыру жұмысын көз­деп, оқулықтарды қоғамдық бақылау тетігін құрды. Мұнымен министрлік жанындағы “Оқу­лық” республикалық ғылыми-практикалық орталығы айналысады. Орталықтың негізгі жұмысы оқулықтарға сараптама жүр­гізеді. Оқу процесіне ене­­тін оқулықтарды қоғам наза­ры­на ұсынып, ашық пікір алаңына арналған ресурс не­гізінде жұмыс істейді. Әйткенмен, ұс­таз, “Қазбілім” орталығының директоры Аятжан Ахметжан оқу­лықтарды қоғамдық бақылау жүйесіне көңілі толмайтындығын білдірді бізбен сұхбатында.

    – “Оқулықтарды қоғамдық ба­қылау” жобасы бұл жауапкершіліктен құтылудың жолы деп білемін. Мұны сәтсіз жоба деп айтуға тура келеді. Себебі 6 ай уақытқа жетпейтін мерзімде сайтта тұрған кітапты оқу мүмкін емес. Жылына 500 кітап сараптамадан өтетін болса, әр кітапта кемінде 300 беттен бар. Бұл кі­таптарды жүктеп ала алмайсыз, оны әрбір бетін жеке талдап отыру керек. Шынайы осы кітаптарды бақылауға ниеттенген адамның өзі де кемінде 1-2 жыл отыруы керек. Егер қағаз жүзінде ұсынылса, қарап шығуға болар. Ал, сайтта тұрған кітапты сараптау бұл атүсті шолып шығумен бірдей. Оқулықты сараптайтын үш деңгейлі комиссия бар. Егер оқулықты қоғам сараптайтын болса, үш деңгейлі комиссияның қажеті қанша? Бұл дегеңініз оқулықтан қате көрініп қалған жағдайда “бақылау кезінде өз уақытында айтпадыңдар” деген жауапқа керек дүние секілді,-дейді Аятжан Ахметжан.

   “Оқулық” орталығы жылына оқулықтарды сараптаудан өткі­зеді. Мәселен, 2016 жылы 2, 5, 7 сыныптарға арналған 246 оқу­лық­тың тек 131 ғана оқулық бі­лім беру ұйымдарына қолдануға ұсынылған. Қалған оқулықтар білім процесіне енбей қалыпты. Бұл орталықтың бізге берген ресми мәліметі.

   Орталық директорының орынбасары Сайыт Құсайынұлының сөзіне қарағанда, оқулық сапасын қоғамдық бақылау порталына 5000 жуық ұсыныстар мен ескертулер келіп түскен. Бәрі де оқулықтың ішкі мазмұнына қатысты ескертпелер. Кем­шіліктері анықталған оқу­лықтар келесі жылы оқу проце­сінің айналымына енбейді. Яғ­ни, аталған ескертулердің бар­лы­ғы пәндік комиссиялардың мү­шелеріне беріледі. Ал, комиссия мүшелері ұсынылған кем­ші­ліктер оқулықтардың өңдеу барысында ескерілгендігіне мән бе­реді. Тек оң сараптамалық ше­шім алған оқулықтар ғана баспа­дан шығуға рұқсат алады. Яғни, оқулықтар келесі жылы емес, кемінде 3-4 жылдан кейін қайта басылып шығады. Орталық мамандарының жауабы осылай.

   Мақала барысында тілге тиек еткен мәселенің бірі – оқу­шылардың әртүрлі баспалармен шығатын оқулықтарымен оқуы. Бұл сұрақтың жауабын білу үшін “Оқулық” орталығының мамандарына сұрақ жолдадық. Нәтижесінде, ресми тараптың сөзіне қарағанда, бүгінде 5-11 сыныптарға әр пән бойынша баламалы оқулықтар қолданылған. Оқу­лық­тардың барлығы пәннің үлгі­лік бағдарламасы негізінде әзір­ленеді. “Барлық тақырыптар бір­дей. Айырмашылығы оқу ақпаратын беру әдістемесінде, қолданылатын жаттығулар, иллюст­рациялық жүйесінде”,- дейді Сайыт Құсайынұлы.

   Түсінгеніміз, әрбір мектеп оқулық шығаратын баспаны таңдап, оқушы санына қарай оқу­лық­тарға тапсырыс береді. Оқу­лық оқушы қолына жетемін дегенше бірнеше процестен өтеді. Ең алдымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі оқулықтарға қатысты әдістемені әзірлеп, қажетті оқулықтар тізімін бекітеді, ал баспалар оқулықтарды да­йындап, басып шығарады. Дайын болған оқулықтарды, яғни оқушыларға қажетті оқу­лықтардың санын анықтау, оларды жеткізу жергілікті әкімшілік­тердің жауапкершілігіне жүктеледі. Оқулықтың жеткізілуі бөлек тақырып.

   Оқулық туралы ойлы пікірді кезінде Серік Қирабаев та қалдырған еді. Бірнеше жыл өтсе де, академиктің айтқандары бүгінгі жағдайды қайта еске салып отыр.

   – Қазір оқулық жазып жүрген адамдар меніңше, оның терең мәніне үңіле бермейтін сияқты. Оқу­лық деген білген нәрсенің, болған нәрсенің бәрін ішіне тыға беретін қапшық емес. Маған оқулық деген нәрсенің жанашыр иесі жоқ сияқты көрінеді. Әрине, министрлік тізгінін ұстап отыр ғой. Дегенмен, нақты жұмыс, бас­иелік жетіспейді. Бұрын осы іспен нақты  айналысатын адамдар болушы еді. Бәрін рет-ретімен, жөн-жөнімен ақылдасып шешетінбіз. Бағдарламалардың барлығын талқылап барып бекітетінбіз. Осындай игі дәстүрлер ұмытылып қалды,- дейді Серік Қирабаев.

  Оқушы түсінігіне ауыр, мағынасы екі ұшты мысалдардың көп­теп кездесуі біздегі оқулықтардың сапасынан сыр кеткенін білдіреді. Мұны ұстаз Аятжан Ахметжан да мойындайды. Ұстаз оқулық жазу құқығын баспалардан алып, ортақ бір мемлекеттік оператор құру идеясын ұсынады.

   – Оқулық турасында айтқанда мен мына үш мәселені айтқан болар ем. Бізде бірізділік, жүйе­лілік, жауапкершілік жоқ. Ғы­лым академиясы бір жақта, оқулық сараптама орталығы бір жақта, оқулық авторлары бір жақта. Кеткен қателікті бір-біріне сілтеп отыра береді. Оқулық әрбір баспаның айналасында жазылатындықтан бірізді болмайды. Бағдарлама бір қолдан шыққанымен, әрбір автор өзінше тәпсірлейді. Жүйелілік керек. Сол кезде ғана оқулық дауынан құтыламыз. Егер оқулық жазу әрбір баспаның меншігінен алынбайынша, бұл мәселеге нүкте қоя алмаймыз. Бір оқулық кемінде 10 адамның қолынан өтуі керек. Бір ғана адам жазған оқулықтың аясы тар болады. Оқулық авторлары оқу­лық жазуға толыққанды уақы­тын арнауы керек. Неліктен десе­ңіз, біздегі авторлар әр түрлі жерлерде жұмыс істейді. Университет пен мектептерде сабақ береді. Осы авторлардың басын қосып, бір орталыққа біріктіру керек. Оқу­лық жазу автордың бірінші жұмысы болғанда ғана оқулық сапалы болады,-деді Аятжан Ахметжан.

   Негізінде, оқулыққа қойылатын бірыңғай стандарттар бар. Министрлік бекіткен арнайы талапты да қарап шықтық. Оқырман үшін айта кеткенді дұрыс көр­дік. Жалпы оқулыққа дидактикалық, әдіснамалық және әдіс­темелік, психологиялық талаптар қойылады. Біріншіден, оқулықтардағы оқу материалдары оқу­шылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы, тақырыптардың жүйе­лілігі мен бірізділігінің сақталуына, қолданылған ақпарат көз­дері мен оқу ресурстарына сілтемелер берілуі қажет.

  Қалай айтсақ та, ауыр тіл, өзге тілден аударылған түсініксіз тапсырмалар, екіұшты мысалдар мен сөйлем құрылымының дұрыс болмауы күндіз-түні оқу­дан бас алмайтын оқушылар үшін бас қатыратын мәселеге ай­налды. Білмегенін ата-анадан, түсінбегенін мұғалімнен сұрап, миы ашитын оқушының бүгіні осылай өтіп жатыр. Мұн­дайда оқулықтың қателігін оқу­шының ой өрісінен іздеудің қа­жеті жоқ. Сөз басында уәде етке­німіздей, биыл да оқулыққа қатысты шу әлеуметтік желі бетінде қалқып шықты. Негізгі сұрақ 5-сынып оқулығына қа­тысты өрбіді. Жаңартылған білім мазмұны бойынша басылып шыққан орыс тілі оқулығының ішінде оқушы ұғымына қатысты сұрақтар туындаған. Тағы бір желідегі шу 2-сыныптың оқу­лы­ғына қатысты орын алды. Қа­зақ тілі пәніндегі жаттығулардың бірінде ұлттық киімдердің қатарында хиджабқа орын бе­ріл­ген. Дәл осы жағдай қоғам наразылығын тудырды.

    Тобықтай түйін. Білімге жанашыр әрбір ата-ананың оқу­лық­қа қатысты айтары аз емес. Мамандардың да оқулық дауына қатысты өз уәжі бар. Тақырыпты түйіндей келе, ұққанымыз Қазақстанда оқулық жасаудың бірыңғай үлгісі жоқ. Бұл берісі бір-екі жылда шешілетін мәселе емес. Білім саласына бей-жай қарай алмайтын мамандар басқасы басқа, оқулық жазуды бизнес көзіне айналдырмауды талап етеді. Оқулық шығаруды тендерге теліп қоймай, ұлттық арнайы орталық жұмысына беру қажет. Мұнымен келіспеске болмас. Білім біреулер үшін қаржы көзі шығар, ал ұрпақ үшін келешек көзі.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

Ұстаз мәртебесі” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА