26.11.2024

Гүлшат Түсіпова. Білім саясатын сәтті өткізу үшін не жасалынуы керек?

Қазір мен, Алланың бұйрығымен, содан соң Сіздердің арқаларыңызда Англияның Лидс Университетінде Болашақ бағдарламасымен, «Халықаралық Білім саласындағы Көшбасшылық пен Саясат» мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатырмын. Бұл постты жазуыма себеп, сіздерге рахмет айту және Ұлыбританиядағы білімнің қыр-сырымен таныстыру. Біз Ағылшын білімі керемет дейміз. Ол несімен керемет?! Сол жағын осы посттарды оқи отырып өздеріңіз салыстыра аласыздар. Менің міндетім олардың маған үйрететін білімі мен сіздердің араңызда аудармашы канал болу. Қандай мәселелерді қарастырса, мен сол дәрістерден ақпарат беріп отырамын. Бұл посттар қызыққан барлықтарыңызға арналады. Біз оқып жатқан бұл модуль Білім саясатын зерттеу деп аталады. (Бұнда түпнұсқадан түсінген нәрселер ықшамдап жазылған)

Бүгінгі бірінші тақырып Білім саласындағы саясат деген не?-деген сұраққа арналады.

Дәрістің мынадай мақсаттары болды:

  1. Білім саласындағы саясаттың анықтамасы қандай?
  2. Білім саласындағы саясатты қалай талдайды?

Бэлл және Стивенсон деген ғалымдардың 2006 жылы, саясат туралы берген мына анықтамасы бүгінде кеңінен қолданылады екен. Ол бойынша, саясат дегеніміз: «Белгілі бір берілген жағдайда, қалай іс-әрекет ету керектігін көрсететін, түсіндіретін негізгі принциптердің немесе іс-әрекеттердің жиынтығы, бағдарламасы». Саясат екіге бөлінеді: макросаясат және микросаясат. Макро деңгейдегісі Үкімет деңгейінде қабылданатын саяси бағдарлама. Ал микро деңгейдегісі институционалдық, яғни жаңағы аталған макросаясаттың төменгі жақта, университеттерде, департаменттерде, мектептерде қалай жүзеге асырылу бағдарламасы.

Саясатты жасау, яғни саяси бағдарламаны қабылдау қалай жүзеге асуы тиіс? Саяси бағдарламаны қабылдау – рационалды жалғаспалы үдеріс. Оларға мына кезеңдер кіреді:

  1. Мәселені көтеру (инициатива)
  2. Ойлардың білдірілуі (яғни көзқарастар мен пікірлер білдіріледі, ол «жобаны» халық арасында, мамандар арасында, әр жерлердегі отырыстарда, мекмелерде талқылау арқылы жүзеге асады. Барлық ұсыныстар жинақталып, бір орталыққа жіберіліп отырады.)
  3. Мәселеге байланысты негізгі отырыстар өткізіледі (Бұл жерде жария түрде барлық ұсыныстардың артықшылықтары мен кемшіліктері мамандар тарапынан талданып, халыққа көрсетіледі, БАҚ арқылы жарияланып отырады). Негізгі бағдарлар екшелініп алынады.
  4. Сол таңдалған бағдарлар нақты құжатқа айналдырылады.

    5. Парламентке ұсынылады. Олар талқылайды. Қабылдайды (немесе қайта қаралады, жөнделеді).

  5. Енгізіледі.

****

Алдыңғы постта айтып өткеніміздей, білім саласындағы саяси бағдарламаны жасау, жүргізу, енгізу рационалды үдеріс. Бұл теорияны айтқан Дженнингс (1977). Алайда, тәжірибелерге сүйенсек, зерттеулерге сүйенсек, бұл іс жүзінде рационалды-жалғаспалы үдеріс емес екені дәлелденді (Бэлл және Стивенсон, 2006). Себеп мыналар: макродеңгейде, яғни үкімет, ұлттық деңгейде саяси бағдарламалар қабылданады да, оларды микродеңгейге енгізуге келгенде көптеген қиындықтар туындайды. Өйткені, ресурстардың жетіспеушілігі, білім саласының қызметкерлерінің жаңа саясатты түсінбеуі, оны жүзеге асыруға құзіреттіліктің жетіспеушілігі, білім беру мекемелеріндегі ортамен алдын-ала ақылдасу, дайындық үдерістерінің болмауы, оларды мотивациялаудың әдістері мен жолдарының болмауы қабылданған білім саясатының сәтсіз болуына әсер етеді (Бэлл және Стивенсон, 2006).

Саяси бағдарламаларды енгізудегі мәселелер: Бір кездері, әлемде мынадай түсінік қалыптасқан болатын: «Саясат ойластырылады, сосын ол енгізіледі, сосын ол реттеледі, мәселелер өздігінен біртіндеп шешіледі»-деген (МакЛафлин, 2008). Алайда, Преффер мен Саттонның (2000), Кубан және Асданның (2003) зерттеулеріне сүйенсек, мәселе бұлай шешілмейді. Сонымен қатар, 1989 жылы Бечер жасаған талдау бойынша да, іс жүзінде бұлай болуы дұрыс емес, яғни саясатты енгізу, сосын жолай мәселелерді біртіндеп шешу, солай кете беру дұрыс емес. Бұл саясаттың нәтижесіздігіне және мәселелердің ушығуына әкеліп соғады. Нәтижесінде білімсіз толқындар пайда болуы мүмкін. Ұлттық немесе үкімет деңгейінде қабылданған макросаясаяси бағдарламаның микродеңгейде сәтсіздікке ұшырауы «енгізудегі сәтсіздіктер» деп аталады. Бұл терминді ашып, зерттеп, талдаған автор Бечер (1989). Денсаулық сақтау саласындағы білім саясатын зерттеген ғалымдар Хикс және басқалар да осы тұжырымға тоқталған екен (1999). Олардың айтуы бойынша макросаясат пен микросаясаттың арасындағы алшақтық – сәтсіздікті білдіреді.

Джастин Джастистің (1986) еңбегіне сүйенсек, макросаясат пен микросаясат арасындағы осы келіспеушіліктерге мыналар себеп болады екен: бюрократия, жергілікті/ауылдық деңгейлердегі мүмкіндіктің сай келмеуі, олардағы ресурстардың жетіспеушілігі немесе болмауы, жоғары жақтан келетін саясаттың міндеттерін жергілікті қызметкерлердің толығымен түсінбеуі. Сонымен бірге, білім саласында тікелей қызмет атқаратын мамандардың (яғни мұғалімдердің) жоғарыдан нұсқалатын саясатты жүзеге асыруда бетпе-бет келетін қиындықтарын шешуде ешқандай көмектің болмауы (Уилсон, 2014). Балл және өзге авторлардың жүргізген зерттеуінше (2012), саяси бағдарламаның сәтсіздігінен хабар беретін тағы бір белгі – ол студенттердің, оқытушылардың, оқушылардың, директорлардың саясатты жүзеге асыру кезіндегі қиындықтарына көңіл аудармаушылық, оларды басып тастаушылық.
Келесі постта саясатты енгізудің сәтті болғандығын қалай білеміз, олардың белгілері қандай деген сұрақ қарастырылатын болады.

****

Білім саясатын сәтті өткізу үшін не жасалынуы керек?
Білім саласындағы саясатты енгізуде қиындықтар көп болғанымен, оларды мынадай кешенді тәсілдерді жүргізу арқылы жеңуге болады дейді зерттеушілер Лейзхуд және басқалар (2002), Левин (2007), Левин және Фуллан (2008), Ган (2009). Атап айтсақ, олар мынадай тәсілдер:
1. Мақсат анық және оның құрамдас бөліктері алдын-ала зерттелген болуы керек;

  1. Мақсаттың нәтижелерін межелейтін критерийлер анық болуы керек;
  2. Жұмыс жоспары мұқият болуы керек;
  3. Реформа бір-біріне үйлесімді және жүйелі болуы керек;
  4. Реформаны жүзеге асырмас бұрын алдымен инвестиция салынуы керек, яғни мысалы компьютерлендіру және интернетпен қамтамасыз ету саясатын жүзеге асырмас бұрын, алдымен барлық ауылдарға, қалалардағы мектептерге қажет мөлшерде, стандарттарға сай компьютерлер сатылып алынуы керек.

    Реформаны қабылдау мен оны іске асыру бір бөлек те, оны тұрақты деңгейде ұстап тұру бір бөлек. Өйткені реформаның нәтижелі болуы оны енгізе салуға ғана тәуелді емес, керісінше енгізілген өзгерістерді тұрақты уақыт аралығында ұстап тұру, оның көп уақыт қамтамасыз ету ең маңызды мәселе. Өйтпеген күнде, реформаның ешқандай нәтижесі болмайды, ақша далаға шашылады. Реформа сонықтан да ұзақ уақытқа арналып жасалғаны дұрыс, және оны жүзеге асырмас бұрын әбден зерттеліп, бүге-шегесіне дейін талқыланған дұрыс екен (Лейзвуд, 2002; Левин, 2007). Макро деңгейде сәтті орындалуы үшін мыналар қажет екен:

  • Кәсіби мамандардың кеңесіне үнемі құлақ асып отыру, олармен ақылдасып отыру керек (яғни оқытушылармен, мұғалімдермен) (Левин, 2007). Веделлдің (2009) пікірі бойынша, білім беру саласының тікелей қызметкерерінің (яғни, мұғалімдер мен оқытушылардың) ойлары мен пікірлері өте маңызды, реформаның сәтті болуы тікелей солардың беретін талдамасына байланысты екен.
  • Мектеп пен ата-ана бірігіп коалиция құру арқылы жұмыс жасауы қажет. Білім саласындағы өзгерістің мақсаттарын ата-аналар жақсы білуі, оларға түсіндірілуі керек. Жұмыс ата-аналармен де біріге отырып жүзеге асуы қажет.
  • Үкімет өзгерістерді енгізетін болғандықтан, осы айтылған бірлық іс-шаралар мен жабдықталуларға байланысты барлық шығындарды толығымен қамтамасыз етуі тиіс (Фуллан және Левин, 2008).

Білім саласындағы реформаның микро деңгейде сәтті болуы үшін төмендегідей мәселелер ескерілуі керек:

  • Мотвация: Оқытушы, мұғалімдерге реформаның мақсаты түсіндіріліп, олардың қызметтегі мақсаттары реформа мақсаттарымен сәйкестендірілуі керек, яғни, оқытушы өзінің істеп жатқан жұмысының мән-мағынасын толықтай түсініп, оған байланысты шығармашылық мақсаттар қоя алатындай болуы керек. Ол үшін мұғалімдермен тренингтер, мотивациялау кездесулері өткізілуі тиіс.
  • Ұжымның білімін үнемі көтеріп отыру керек. Осыған қажетті ресурстар толығымен қамтамасыз етілуі керек.

Осы аталғандардың барлығы жүзеге асқан кезде ғана реформа сәтті болмақ екен (Ган, 2009). Бұл жердегі ең маңыздысы, шешімдердің барлығы көптің талқысынан өтіп барып қабылдануы керек екен (Уилсон, 2017).

Gulshat Tussupovaның facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА