22.11.2024

ҰСТАЗДАР КҮНІНІҢ ТАРИХЫ

Ғылым-білім, дүниеге көзқарас, мәдениет пен өркениеттің дамуына мол үлес қосып жүрген мұғалімдердің еңбегі зор екені баршаға аян. Ұстаздарға арналған атаулы күннің шығу тарихы да қызық. Бұл күнге 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды (Recommendation concerning the Status of Teachers).
Негізі бұл мейрам Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Жарлығы (29.09.1965 ж.) бойынша қазан айының алғашқы жексенбісіне бекітілген болатын.
1994 жылы ЮНЕСКО ұсынысымен 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні (World Teachers’ Day) деп жарияланып, БҰҰ атап өтетін әлемдік атаулы күндер тізіміне қосылды. Содан бастап 5 қазан – мұғалімдер, оқытушылар және білім саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің кәсіби мерекесіне айналды. Қазір әлем бойынша ұстаздар күні жүзден астам елде аталып өтеді. БҰҰ бұл күні мынадай нәрселерге жете назар аударып, қатты ойлануға шақырады: сіздің өміріңізді жақсы бағытқа өзгерткен ұстаздарыңыз туралы; білім саласы қызметкерлері үшін бөлінетін бюджет мөлшері туралы; мұғалімдер алаңсыз жұмыс жасау үшін жағдайды жақсарту; ардагер ұстаздар үшін зейнетке шығу жасын төмендету; мұғалімдер өз қызметінде алатын моралдық-психологиялық қысымды азайту және т.б. Халықаралық ұйым мен заңға құрметпен қарайтын Италия (баспасөз деректеріне сенсек) кемінде 12 жыл мұғалім болған азаматтарын «психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген желеумен өте жауапты шаруалардан босатқан көрінеді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Қазақстан, Әзірбайжан, Белорусь, Қырғызстан, Латвия және Украина елдері бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлап жүр. 1994 жылдан бастап Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Армения және Эстония 5 қазанға көшті.Өзбекстан 1 қазанды демалыс күні деп жариялап, өз ұстаздарына басыбайлы берді. БҰҰ шешіміне пысқырып та қарамай, өз білгендерімен жүретін елдер де баршылық. Мысалы, Австралия қазан айының соңғы жұма күні, Албания 8 наурыз, Аргентина 11 қыркүйек, Бразилия 15 қазан, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Солтүстік Корея 9 мамыр, Оңтүстік Корея 15 мамыр, Қытай 10 қыркүйек, Польша 14 қазан, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Түркия 24 қараша күндерін белгілеген. Әрбір елдің жанына жақын, өздері үшін құрметті тұлға немесе белгілі бір оқиғаға арналған себептері бар.
Мағжан Жұмабаев: «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. «Темір канцлер» атанған Отто фон Бисмарк «Мектеп салуға ақша аяған мемлекет түрме салуға мәжбүр болады» депті. Оған «Мектептің жүрегі – мұғалім» деген Ыбырай ұстаздың айтқанын қосыңыз. Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда ақ бәрін айтып тастапты. «Бүкіл бейнет пен ауырлық тек қана мұғалімдердің басында» деуден аулақпыз. Қарулы күштер, құқық қорғау саласы қызметкерлері, дәрігерлер мен медбикелер де мұрнынан шаншылып еңбек етіп жүргені анық. Тәулігіне 16 сағатқа дейін қызметтен қолы босамайтын мемлекеттік қызметтегі жандарды да көріп жүрміз. Дегенмен, білімнің нәрі, ғылымның шыңы, барша адамзаттың игілігіне қызмет ететін адамгершілік пен патриотизм, өнер мен руханиятты тәрбиелейтін ұстаздар екенін ол кісілер де мойындайтыны анық.
Құрметті әріптестер, аяулы ұстаздар мен ғалымдар !!! Төл мерекелеріңіз құтты болсын. Отбасыңыз аман, бауырыңыз бүтін, жаныңыз жайдары болсын. Өз шәкірттеріңізді бар өнер-біліміңізді салып оқытыңыз. Болашақта қандай шыңға шықса да «төркінін ешқашан ұмытпайтын», білім саласына оң көзбен қарайтын, ойсыз реформаларға жоламайтын толқын тізгінге ие болады деп бек сеніп көрейік.

Айшуақ Дәрменұлы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА