22.11.2024

Білім беруге Франциялық көзқарас: «Оқушылар төрт күн оқыса да, төрткүл дүние мойындайтын білім алады»

Ол – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін географ-биолог мамандығы бойынша тәмәмдаған білікті ұстаз. Ол – жиырма жылдан бері Францияның азаматы, педагог, асыл жар, үш баланың анасы. Қандасымыз Зүлфат Фаритқызы Имашевамен Франциядағы білім беру саласының ерекшеліктері туралы сұхбат құрған едік. Сол ақпаратты білім тақырыбы толғандыратын қалың көпшіліктің назарына ұсынып отырмыз.

  • Зүлфат ханым, Францияның оқушылары мектепке қанша уақытын бөледі?
  • Бұрын Францияда оқушылар төрт күн ғана оқитын.  Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі демалатын, сосын бейсенбі мен жұма оқып, сенбі, жексенбі демалатын. Екі жыл бұрын сәрсенбіні оқу күні етіп белгіледі, жеңілдетілген күн қылып, жарты күн оқитын етті.  Ол күні балалар таңертеңгі 8.30-дан 11.30-ға дейін оқиды. Бірақ соның өзінде кей ата-аналар білім басшылығынан бұрынғыдай төрт күндікті қайтаруды сұрап жатыр, өйткені жеті күндік аптаның төрт күнін ғана оқу күні ету  –  ең ыңғайлысы болып тұр.  Қазір кейбір мектептер төрт күндікке қайтадан көшіп үлгерді. Бір айта кетерлік жайт, бұл жақта екінші ауысым деген жоқ. Дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма күндері балалар 8.30-дан 11.30-ға дейін оқиды, сосын түскі үзіліс пен түскі асқа шығады. Одан кейін 13.30-дан 15.50-ге дейін оқиды. Осы уақыттан кейін балалар үйлеріне  қайтады немесе ақылы үйірмелеріне барады.
  • Париждегі мемлекеттік мектепте оқитын төменгі сынып оқушылары
  • Сонда, білім мен ғылымнан кешеуілдеп қалмай ма? Біздікілер күніне алты- жеті сағаттан, аптасына алты күн оқыса да, «орта біліміміз рейтинг бойынша көштен қалып келеді» деген дерек бар.
  • Жоқ, бәріне үлгереді, бұл жақта білім сапасына, ауқымына еш зиянын тигізбейтіндей етіп тиімді бағдарлама жасаған. Есесіне баланы жан-жақты дамытуға мүмкіндік бар. Негізі француздар – спортты өте қатты жақсы көретін ұлт. Әсіресе, футбол, баскетбол, регби дегенде жанын береді десе болады. Мұндағы әр бала міндетті түрде кем дегенде бір спорт үйірмесіне барады. Осылайша салауатты өмір салтын ұстанады. Мен Қазақстанда да осындай жүйе болса жақсы болар еді деп ойлаймын. Өйткені алты күндік білім аптасы қазіргі балалар үшін өте ұзақ деп санаймын. Бір күн демалысы үйірмелеріне баруға жете ме, әлде ата-анасымен  демалуға, серуендеуге жете ме? Әрине жетпейтіні анық.

Зүлфат ханым мен Азуз мырзаның оқушы ұл-қыздары

  • Сіздердің балалар мектепте төрт-ақ күн оқыған соң, көбін үйден жасаңдар деп үй тапсырмасын көбірек беретін болар?
  • Жоқ. Керісінше. Үйге тапсырма бермейді деуге болады. Ол да Франциядағы білімі жүйесінің ата-аналарға ұнайтын бір жақсы қыры. Балаларды шектен тыс жүктей бермейді. Ал тәжірибелік сабақтардың барлығын мектептегі уақытында, сыныпта жасатады.  Сол уақытқа үлгереді. Балаларға үйге көбіне қызықты ғылыми кітаптар, көркем әдебиет оқуға беріп жатады. Әрине, кейде, өте сирек жағдайларда үй тапсырмасын беретін кездер болады,  оның өзі аз мөлшерде ғана.
  • Сонда қалайша заманауи орта білім бағдарламасы аз күнге, аз сабаққа сыйып кетеді? Бәлкім Францияда біздікіне қарағанда басқа сабақтар оқытатын шығар? Математика, тарих, химия, еңбек, сурет деген сабақтар бар ма, өзі?
  • Негізгі сабақтардың барлығы бар. Бірінші сыныпты тек француз тілінде оқиды. Екінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Сосын 11 жастан бастап таңдау бойынша тағы екі тіл оқытылып бастайды. Ол неміс, испан немесе қытай тілі болуы мүмкін. Мәселен, біздің Аиша атты қызымыз жеке колледжде (бұл жақта 11 жастан бастап колледжде оқиды деп саналады)  ағылшын, испан, латын тілдерін оқиды. Бірақ еңбек, сурет, музыка деген сабақтар болмайды. Оның бәрі қосымша сабақтар болып саналады, қажет деп тапқан ата-ана бір жылдық абономентті бірден төлеп, өз баласын ол үйірмелерге ақылы бере алады.
  • Ал денешынықтыру сабағы бар ма, әлде ол да қосымша үйірмеге жатқызылған ба?
  • Бар. Бұл елде спортқа өте көп көңіл бөледі деп әлгінде сөзімде айтып кеттім ғой. Айта кетерлік ерекшелігі, олар бірінші тоқсан бассейнге барып, жүзумен айналысса, екінші тоқсандағы үш ай бойы арнайы спорт алаңында ролик тебеді, содан кейінгі тоқсан баскетболға баруы мүмкін. Сосын соның әрқайсысы бойынша емтихан тапсырады.
  • Ал Франциядағы, оның ішінде Париждегі ата-аналар мектеп мұғалімімен қалай байланысып тұрады? Қандай да бір сұрағы болса не істейді? Біздердікіндей уатсаптағы чатпен ұрыс шығара ала ма, әлде тікелей өзіне хабарласып, кездесе ме?
  • Екеуі де емес. (Күледі). Бұл жерде мұғалімдердің жеке телефонын қандай да бір ата- анаға беруге қатаң тыйым салынған. Бірақ біздің, яғни ата-аналардың координаттары әрбір ұстазда болады. Балалар қандай да бір жағдайға тап болса, бізге хабарласа алуы үшін керек. Басқа уақытта бізге олар звондамайды. Бұл– қалыпты жағдай, қабылданған ереже. Әр сыныпта 25 бала бар дейік, егер әр ата-ана баласына қатысты сұрақтарымен мұғалімге тікелей хабарласа берсе не болады? Бейшара ұстаз сонша уақытын қалай бөлмек? Әр мұғалім таңертеңнен түстен кейінге дейін ғана жұмыста, сосын кешке дейін өзін дамытумен айналысуы мүмкін, қалай болғанда да ол – өзінің жеке уақыты. Ал кешкі сағат 6-дан соң ол тек өз отбасына көңіл бөлуге толық құқылы. Ал енді мектеппен байланыс қалай түзілген деген сұраққа келсек, бізде әр оқушының арнайы ата-анаға арналған ақпараттық дәптері  бар.  «Кайе кореспонденс» (Cahier correspondence) деп аталады. Сол дәптерге біз мектепке, сабаққа, баламызға қатысты өзімізді алаңдатқан сұрақтарымызды мұғалімге жазып жібере аламыз.  Әр күні таңертең сабақ алдында оқушылар өз дәптерін ашып отырады, ал мұғалім көз жүгіртіп, тексеріп  шығады. Егер қандай да бір жазылған хабарламаны көрсе,  алып, оқып танысады. Тура сол сияқты, мұғалім де оқушының тәртібіне, сабаққа деген ынтасына, дайындығына қатысты ескертуін ата-анасына жеткізгісі келсе, сол арнайы дәптерге жазып жібереді. Ал біз, ата-аналар өз тарапымыздан сол дәптерді күн сайын кешке тексеріп, қарауға міндеттіміз.
  • Ал егер ол дәптер жоғалып қалса не болады?
  • Байқаусызда жоғалып қалса, жаңасын береді. Ал баланың, ата-ананың немесе  мұғалімнің қасақана жоғалтқанын ешқашан естімеппін.

Мемлекеттік мектеп 

  • Tөменгі сынып оқушыларының сөмкелері ауыр емес пе? Өкінішке қарай, біздің елдегі бастауыш сыныптағы маңызды мәселенің бірі осы болып тұр…
  • Жоқ, сөмкелері ауыр емес. Өйткені, сөмкеге салатын кітаптар жоққа тән. Кейде кей сабақтарға бір-екі көркем әдебиетін салып алуы мүмкін. Ал қалғанының бәрі – жұмыс дәптерлері мен қалам-қарындаштары. Ал негізгі оқулықтарының барлығы электронды түрде. Балалар интернет арқылы немесе электронды кітап арқылы түсінбеген немесе қайталағысы келген, үй тапсырмасына қажет мәліметті  қарай алады.  Ыңғайлы, әрі тиімді. Сонымен қатар, мектепке әр оқушының өзі сөресі бар. Онда сабақ кезінде күнделікті пайдаланатын кітаптары мен артық дәптерлерін  салып қояды.

Жеңіл сөмкесін асынып, мектептен қайтқан төменгі сынып оқушысы

  • Ал мектеп формалары қандай? Әр мектептің өз киім үлгісі бар ма, әлде бірыңғай киім бе?
  • Жеке мектептерде өз киімі бар, ал мемлекеттік мектепте – еркін  киім стилі. Балалар қалай киінем  десе өз еркі. Тек бір айта кетерлігі, мемлекеттік мектепте де, жеке мектепте де оқушы қыздардың хиджап киіп, орамал тағуына рұқсат жоқ. Тіпті ересектердің өзін ондай жағдайда жұмысқа алмауы мүмкін.
  • Мектепте бірыңғай форманың болмауы сіздіңше ненің белгісі? Еркіндіктің бе, әлде тәртіпсіздіктің бе?
  • Униформа бір жағынан жақсы, тәртіпке, жүйелілікке үйретеді.  Әлде өзіміз мектепте бірдей форма киіп оқығандықтан ба, білмеймін, бірақ жеке басым солай ойлаймын. Екінші жағынан, қызым жеке колледжде  (жеке мектепте) оқығалы олар да бірыңғай мектеп формасын кие бастады. Күнде киіп жатқанда еріксіз ойлайсың: бүгін де соны кие ме, одан да мына гүлді келген қызғылт кофтасын кисе жақсы болар еді деп… Бірақ қалай дегенмен бірдей киім киген кезде, барлық бала тең сияқты болып тұрады, ол да бірыңғай форманың жақсы қыры.
  • Теңдік деп отырсыз. Ал француз мектептерінде түрлі ұлт өкілдері оқиды ғой. Әр түрлі ұлт өкілдерініңүлесі қаншалықты? Орта есеппен алғанда, бір сыныпта қанша ұлты француз емес оқушы оқиды?
  • Сыныптың тең жартысы болар. Одан көп болмаса аз емес. Олар бір-бірімен өте тату. Ұлтараздық деген жоқ. Болмауына алғышарттар жеткілікті. Францияда ұлт араздығын қоздыруға заңмен қатаң тыйым салынған. Алда- жалда сіз қандай да бір ұлтты кем санап, ар-намысына тиер болсаңыз, бірден түрмеге тоғытады. Расизм бұл жақта өте қатаң жазаланады. Қытай да, африкандық та шалқып жүретіні cодан болар. Бірақ солай сенімді жүруі үшін француз тілін жетік меңгеріп, жергілікті заңды өздері де құрметтеуі тиіс.  Жалпы, бұл жақта адамдар өзара өте сыпайы. Үнемі амандасып, қажетті жерінде кешірім сұрауға талпынып тұрады. Соның бәріне көз жеткізген соң, өзімше: «Білімді болу-болмау өз еркің, ал мәдениетті болу –  міндетің»  деген тіркес шығардым. (Күледі).

Франция мектептерінде түрлі ұлт өкілдері оқиды, бір-бірімен тек французша сөйлеcеді

  • Біздің елде Білім және ғылым министрлігі соңғы жиырма бес жыл бойы бағдарлама ауыстырумен әуре болып, бір тоқтамға келе алмай, «қайтсек білім жағынан барша елді басып озамыз» деп жанталасып, сол жолда бәрін сапырылыстырып, аласұрып жатқан жайы бар. Сіздер ондай қысымды, жанталасуды сезінбейсіздер ме?
  • Жоқ. Ондай саясат байқалмайды. Бәрі сабырлы, салиқалы түрде жасалады.
  • Ал ата-аналар жиналысы деген қаншалықты жиі болады?
  • Жылына бір рет оқу жылының басында, мұғаліммен танысу үшін сол кезде барамыз, сонымен болды.
  • Ал тоқсан соңында, оқу жылының соңында табельге қол қоймайсыздар ма?
  • Бұл процесс оларда «Ливре эвальвасён» (Livret d’evolution) деп аталады. Ол табельді жылына үш рет қол қоюға береді. Ол жерде бағалау ұпайымен қоса комментарий жазылады, алдағы уақытта неге көңіл бөлу ұсынылатындығын бір-екі ауыз сөзбен атап өтеді. Сосын көріп, қолымызды қойып, қайтадан  балаларымыздан беріп жібереміз. Бұрын иә, жылына үш рет нақты уақытты, минутына дейін жазып жіберетін, сосын сол уақытта барып, әрқайсымыз жеке-жеке мұғалімге кіріп,табельге қолымызды қойып, бір-екі ауыз алып қосары болса, тыңдап шығатынбыз. Бірақ соңғы жылдардағы теракт қаупі күшейгелі бері ата-аналарға мектептің өзі түгілі, ауласына да кіруге тыйым салынды.  Ал жеке мектептердің табелі электронды түрде. Өз паролімізбен кіріп, танысып, белгілеп шығамыз. Ата-aналар мен мұғалімнің байланысы да электронды түрде. Бірақ мұғaлім оқу жылының басында бірден айтып қояды: әр күні мына yақытқа дeйін хат-хабарламаңызды тексеріп, жауап бере аламын деп. Ал демалыс күні мүлдем ешқандай хатқа жауап бермейді, өйткені ол – мұғалімнің жұмысынан тыс уақыт.
  • Ал табельді қандай балл бойынша толтырады? Біздікіндей бес балдық жүйе ме?
  • Бұл жақта орта міндетті білім 3 жастан басталады. Үш жастан алты жасқа дейінгі сыныптарда смайликтер беріледі. Олар ол кезде әлі санды білмейді, сондықтан ата-анасы күлімдеген немесе қабағын түйген смайлик арқылы баланың қабілет-ынтасын біліп отырады. Содан кейінгі сыныптарда әріптік жүйе:А, В, С, D. Одан кейінгі ортаңғы кластарда – он балдық жүйе. Жоғарғы сыныптарда жиырма балдық жүйемен бағалайды.
  • Бағаны күн сайын қоя ма?
  • Жоқ, әдетте аптасына бір рет қана баға қояды.
  • Ал балаларды мектепке апару, алып қайту жағы қалай қарастырылған?
  • Ол жағынан ұқсас шығармыз. Жоғары сынып оқушылар өздері барып келеді. Ал төменге сынып оқушыларын ата-аналары апарып, алып қайтады. Балалардың ата-анасы келгенше мектеп ауласынан шығуға хақысы жоқ.  Сабақ біткен соң мұғалімі оқушыларын жетектеп, аулаға алып шығады. Сосын ата-аналары  қоршаудың бергі шетінен алып кетеді.
  • Мұғалімдердің айлығы қанша еуро шамасында?
  • Бұл жерде ешкім ешкімнің айлығын білмейді. Қанша деп сұрау да қалыптаспаған. Ал Қазақстанда адаммен танысқаннан соң ең алдымен қанша аласың деп  сұрайтын үрдіс бар ғой. (Күледі). Бірақ бір білетін нәрсем, ең төменге жалақы 1350 еуроны құрайды. Одан аз алса, ол құлдық болып саналады. Мемлекет одан аз болмауын қатаң қадағалайды. Ал жұмыс тәжірибесіне қарай, сол соммадан біртіндеп өсіп, орташа алғанда 3000 еуроға дейін жетуі мүмкін.
  • Әңгімеңізге көп рақмет, Зүлфат Фаритқызы! Ұл-қызыңыздың қуанышын көріп, әрқайсысы білім шыңдарын бағындыра беруіне тілектеспін!

Сұхбаттасқан: Алма Сайлауқызы

Астана – Париж

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА