Мектептерге барып, сабақтарға жиі қатысамын. Сабақтарды талдап, мұғалімдерге кері байланыс ұсынамын. Осы арқылы өзім де үйреніп, көп мәселелерге назар аударамын, қандай бағытта өз білімімді дамыту керектігін анықтаймын.
Бүгінде сабақ берудің шаблоны, қандай да бір дәстүрлері тұрақтала бастаған сияқты. Бұл жақсы ма, жоқ па? Білмедім. Оны әркім өзі шеше жатар.
Мен мұнда осы шаблонның кейбір ең негізгі деген жақтарына тоқталып, олар туралы өз ойларыммен оқырмандармен бөліссем деп едім.
Сабақ барысы
Шағын топтарға біріктіру.
Сабақ басында мұғалім оқушыларды шағын топтарға біріктіреді (бөледі емес!). Тамаша әрекет! Өйткені сабақта оқушылардың негізгі жұмыс орны шағын топ құрамында және де олар негізгі әрекеттерді де осында атқаруы керек. Олар бүкіл сабақ бойы бас түйістіріп бірлесе жұмыс жасауы керек: бірін-бірі үйретуі, бір-бірінен үйренуі, бір-біріне жәрдемдесуі, бірін-бірі демеуі, толықтыруы, берілген мәселені бірлесе талқылауы, проблеманы бірге шешуі қажет.
Демек, мұғалім сабақ барысында жеке оқушыға сұрақ қоймай, сұрақты шағын топтарға қойып, ал топтар ол сұраққа жауапты бірлесе іздеуі керек. Табысты сабақтарда оқушылардың «Мен айтайыншы!» деген әрекеті болмауы керек. Қолдарын безеп, өзгелерден ерен көрініп, мұғалім мен сыныптың назарына түскісі келген, жауап беріп жоғары баға алғысы келген ондай оқушыларға: «Бұл сұрақтың жауабын білесіз бе? Онда тобыңызға (жұбыңызға) айтыңыз, топ (жұп) ішінде талқылаңыздар! Содан кейін топ (жұп) атынан айтасыз! Немесе мен сізден сұрамайтын да болармын: топ атынан басқа оқушының жауап беруін сұрауым да мүмкін!» деп айту керек болар. «Есесіне сіз білгеніңізді топ ішінде басқа оқушыларға айтып берсеңіз, олардың бұл туралы пікірлерін естісеңіз, олардың да ойлары мен ұсыныстарын тыңдап, өз идеяңызды толықтырып, дамытсаңыз – өзіңізге де жақсы емес пе?!» деп оларға бұл әрекеттің мақсаты мен мәнін де түсіндіріп кеткен жөн болар.
Қорыта айтқанда, оқушыларға оқу тапсырмасын ұсынғанда немесе сұрақ қойғанда, оларды бірлесе жұмыс жасауға ынталандыру керек болар. Менің ойымша, мұндайда оқушылардың жұмысы мынандай ретпен жүзеге асырылғандығы дұрыс:
«Сұрақ (тапсырма) → Бірлескен жұмыс (топтық не жұптық) → Жауап».
Топтарға біріктіру үшін әдетте оқушылар мұғалімнің үстелінде жатқан карточкаларды (немесе күлекештерді, стикерлерді) алып, соларда жазылған сөздер бойынша топтарға бірігеді. Бұл әрекеттің 2-4 минуттай уақыт алып жатқанын байқауға болады.
Ұсыныс. Топтарға біріктіру ісін оқушылардың өзіне (мәселен, бүгінгі екі кезекшіге) жүктеп, бұл істі қоңырау кезінде, сабаққа дейін ұйымдастыруды сұрау керек. Есесіне мұғалім уақытты топқа біріктіруге жоғалтпай, сабағын бірден бастап кетеді. Әрине, бұл үшін мұғалім бастапқы 1-2 аптада оқушыларға топқа бөлінудің қалай іске асырылатындығы мен оның түрлерін өзі көрсетіп, оқушыларды осыған үйретуі керек шығар.
Екіншіден, шағын топтың атаулары не тақырып бойынша (мысалы, сабақта қарастыратын ұғымдар, құбылыстар, терминдер), не оқушыларға жақын сөздерден («Сіздерді аналарыңыз қалай еркелетеді?», «Қай қалаға саяхат жасағыңыз келеді?», «Ұялы телефонның қай маркасы сіздерге ұнайды?», «Қай машинаны мінгілеріңіз келеді?», «Қай футбол командасының жанкүйерісіз?», т.б.) құралғаны дұрыс болар.
Бір-біріне тілек тілеу.
Топтарға біріккен соң оқушылар топ ішінде бір-бірінің қолдарынан ұстап, бір-біріне тілек айтады. Бұның мақсаты түсінікті әрі Байқасаңыздар, оқушылар негізінен жалпылама сөздер айтып жатады: «Бүгін көп біл!», «Бестік» ал!», «ҰБТ-да 130 балл жина!», «Оқуға түс!», «Ата-анаңның сенімін ақта!» дегендей.
Біз тойларда бір-біріне ұқсас, көп қолданыстан жауыр болған тілектерді айтудан шаршаған да шығармыз?!. Мүмкін сондықтан да оқушыларға позитивті бағытты ұстану мен өзіне деген сенімдерін арттыру үшін оларды аффирмацияларды айтқызу керек шығар?
Аффирмация – өзін-өзі сендіру, ойды бекіту. Оларды адам санасын өмірдегі позитивтік жаңалықтар мен өзгерістерді қабылдауға бағыттау үшін айтады. Аффирмациялар тек осы шақта ғана құрастырылады.
Мәселен, оқушылар топ құрамында қол ұстасып немесе иықтарынан құшақтасып тұрып, тақтада жазылған мына сөйлемдердің бір-екеуін хормен дауыстап оқуы дұрыс болар ма еді (аффирмацияларды «біз» деп те, «мен» деп те айтуға болады, сондықтан да мұнда мен екі вариантты да келтірдім):
– Біз табысқа жететінімізге толық сенімдіміз, біздің үнемі жолымыз болады.
– Жақсылық, дұрыс таңдау және амандық үнемі біздің қасымызда.
– Болып жатқан істің барлығы біздің игілігіміз үшін жасалуда.
– Біздің қабілеттеріміз әр күн сайын жақсаруда.
– Өзіме деген сенімділік үнемі менің жанымда.
– Бізге оқып, үйрену ұнайды, біз онымен қуана, рахаттана, шабытпен айналысудамыз.
– Мен бойымдағы барлық тамаша қасиеттерді аша бастадым.
– Мен өзіме сенемін, табыстарға жететіндігімен сенемін.
– Мен жаңа өзгерістер мен мүмкіндіктерді қуана қоштаймын.
– Мен әр күні өз дарындарымды көрсете білемін.
– Мен еркін және жеңіл түрде алға жүрудемін.
– Бәрі де менің қолымда. Мен тек ақылға негізделінген, ең жақсы, ең ұтымды, ең тиімді шешім қабылдаймын.
– Менің санам – шығармашылық идеялардың еркін ағыны. Мен – шығармашылық идеялардың кең арнасымын. Шығармашылық менің өмірімді байытады.
Мүмкін осы аффирмацияларды бірге айтқаннан кейін оқушылардың өзіне, өз топтарының мүмкіншіліктеріне деген сенімдері нығая түсер? Олардың жігері асқақтай берер?
Аффирмация аяқталғаннан кейін шағын рефлексия жүргізген дұрыс:
– Балалар, қандай көңіл-күйдесіздер?
– Өздеріңізді қалай сезінудесіздер?
– Тау қопаруға дайынсыздар ма?
– Өзіңізге деген сеніміңіз жоғарылады ма?
– Бүгінгі сабақ тақырыбын табысты түрде меңгереміз бе?
– Ізденіс пен белсенді әрекеттерге дайынсыздар ма?
Әрине, аффирмация мен рефлексияның 30 секундтан аспағаны жөн.
Мұғалімнің ең басты міндеттерінің бірі – оқу мен үйренуге қолайлы орта қалыптастыру, өйткені үйрететін мұғалімнің өзі емес қой: үйрететін – орта. Бұл ұғымға оқушылардың ауызбіршілігі мен татулығы, ұйымшылдығы мен бір команда құрамында жұмыс жасау дағдылары жатады. Мұғалім әр сыныпта оқушыларды бір-біріне дос-жаранға, жора-жолдасқа айналдыруға тырысуы керек. Ал бұл қасиеттерді дамыту үшін оқушыларға бірлесе орындауды қажет ететін жұмыстар мен жаттығуларды жиі беріп тұрған абзал. Мәселен, тапсырмаларды орындау, сұрақтарға жауап беру, таңертеңгі ширату, бір нәрсеге дауыс беру, хормен ән айту, шараларға дайындалу, т.б.
Аффирмациялар да осының қатарына жатады: оларды хормен айту барысында балалардың өзара сенімдері мен командалық рухы нығайып, олардың ынтымағы күшейе түседі.
Аралас сабақ пен төңкерілген сабақ
Мектептерде негізінен аралас сабақ өткізілуде. Неліктен? Көп мұғалімдер уақыттың жетіспеушілігін айтып қынжылуда: «Бұрын сабақты 45 минутқа сыйдыра алмаушы едік, енді 5 минутқа азайған сабаққа материалды қалай енгіземіз?!» деп.
Мен уақыт тапшылығы болғанда не жасау керектігі туралы өткен жылы жазған едім
(https://cpm.kz/ru/portal/blogs/?page=post&blog=Alimov_Ashat&post_id=wait-tipsily).
Енді оған мынаны қосқым келіп отыр. Біз бүгінде аралас сабақтан бас тартып, төңкерілген сабақты қолдануымыз қажет секілді.
«Төңкерілген сабақ» дегеніміз не?» деген сұраққа жауап іздесек, мына жәйтке назар аударайық: әдетте біз аралас сабақта жаңа тақырыптың теориясын сыныпта талқылаймыз (өзіміз түсіндіреміз, оқулықты оқытамыз, т.б.), ал үйге практикалық тапсырма береміз (жаттығуларды орындау немесе есептерді шығару, т.б.). Теория – сыныпта, практика – үйде.
Ал төңкерілген сабақта бұл оқу әрекеттері керісінше, «төңкерілген» болады: теория үйге өздігімен қарастырылуға беріліп, сыныпта практикалық тапсырмаларды орындау ұсынылады. Теория – үйде, практика – сабақта.
Төңкерілген сабақтың ауқымында қарастырылатын тақырып оқушыларға үйге оза өздігімен зерттеуге беріледі. Тапсырманың екі нысанда болғаны дұрыс. Біріншісі – ауызша: «Мына параграфты (немесе материалды, не мәселені, не проблеманы, не мақаланы) оқып (немесе танысып, зерттеп, қарастырып), мына сұрақтарға жауап беріңіздер (немесе «Мына мәселердің қалай шешілетініне назар аударыңыздар», «Шешілетін 3 жолын көрсетіңіздер»)» деген сыңайда.
Екінші тапсырма – жазбаша. Мәселен, «Осы параграф (мәселе, тақырып, сұрақ, материал, т.б.) бойынша кесте (немесе диаграмма, гистограмма, кластер, менталды карта, т.б.) құрастырып келіңіздер» деп ұсынамыз. Немесе «Осы мәселе жайында мына 3 сұраққа жазбаша жауап жазып келіңіздер», не эссе жазу, жаттығу орындау, есеп шығару немесе құрастыру секілді жазу тапсырмаларын орындауды тапсырамыз.
«Жазу – дәлел» демекші, оқушылардың жазба тапсырмалары олардың үйге берілген тақырыпты қандай деңгейде игергендігінің айғағы болады. Олардың материалды білгендігін, түсінгендігін, талдай алатындығын, рефлексия жасай алатындығын олардың өз қолымен жазғандарынан көре де, өлшей де, бағалай да аламыз. Егерде сабақта мұғалім «Балалар, үй берілген тапсырманы орындадыңыздар ма?» деп сұрағанда, оқушылар жамырай «Иә!» деп жауап берсе, ұстаз олардың бұл жауабын ауызша қалай тексере алады? 20-30 баладан тұратын сыныпта үй тапсырмасын қанша оқушыдан сұрай алар екен? Мүмкін ең жақсы жағдайда оншақты оқушыдан болар. Ал қалғандарының не білгені, олардың білімін қай бағытта және қалай дамыту керектігі назардан тыс қала ма?
Ал жазу жұмысынан әр оқушының тапсырманы қалай орындап, үйге ұсынылған тақырыпты қалай меңгергенін анықтауға болады. «Жазу – дәлел» деген осы болар.
Бұған қоса мұғалім үйге оқушыларға өзінің осы тақырып бойынша оқыған шағын лекциясын да беріп жібереді. Ол үшін мұғалім камераға не ұялы телефонға 8-10 минуттық өз лекциясын түсіреді. Жолай ол дәрісінің негізгі ұғымдарын тақтаға жазып немесе слайд көрсете отырып түсіндіреді. Осыдан соң мұғалім лекциясын оқушыларға What’s App арқылы жіберуіне болады. Оқушылар осылайша үйге берілген жаңа тақырыпты игеру барысында бірнеше ресурсты (материалдарды, мәтіндерді) қолданады, олардың ішіне, мәселен, оқулық №1, оқулық №2, мұғалімнің видеодәрісі, мұғалімнің сілтеме жасаған Интернет сайты, т.б.
Сабақта оқушылардың үйге берілген тапсырманы қандай деңгейде ұғынып, орындағанын анықтау үшін мұғалім оларға практикалық тапсырма ұсынады, яғни оқушыларға өз үйренгендерін дәлелдеу үшін бір нәрсе жасатады.
Әрине, бірлесе: не топ, не жұп құрамында. Мәселен, мынандай әрекеттерді:
– постер дайындау (тізім, деректерді жіктеу, алгоритм құрастыру, тірек сызбалар, схема, кесте, диаграмма, кластер, менталды карта, кроссворд, сканворд, ребус, суреттер, көрнекі құралдар, стенд баяндамасын дайындау),
– комикстер жасау,
– слайд жасау,
– сахналау (рөлдерге бөліп ойнау, жағдаят құрастыру, ойнап шығу),
– ғылыми-зерттеу жобасын дайындау (баяндама, мақала, реферат, аннотация, рецензия, гипотеза),
– эксперимент, тәжірибе жасау,
– бірін-бірі үйрету немесе тексеру (Жигсо, т.б.),
– пікірталас, дебат, дөңгелек үстел, ток-шоу өткізу,
– видеофильм, ролик, жарнаманы ұялы телефонға түсіру,
– есептер шығару,
– жаттығулар орындау,
– есептер немесе жаттығулар жинағын құрастыру,
– тест сұрақтарын құрастыру,
– шығармашылық жұмыстар: эссе, РАФТ, сценарий жазу, Қазақша Уикипедияға мақала жазу,
– оқу, рөлдік, іскерлік ойын дайындау және өткізу, т.б.
Осы секілді әрекеттерді орындау, жасату арқылы мұғалім оқушылардың үйрену деңгейін анықтайды, оларға өз білімдерінің қай жағын қандай бағытта дамыту керектігін айқындап, өз ұсыныстарын оқушыларға кері байланыс арқылы жеткізеді.
Оқушылардың өз қолымен жасағандарын сыныпқа жариялап, олардың жұмыстары талқыланып, талданып, оларға кері байланыс берілгеннен кейін оқушылардың рефлексиясы ұйымдастырылып, олар алдымен топ ішінде, содан кейін сыныппен жасағандарының, түсінгендерінің, білгендерінің, ұсынғандарының ішінен ненің және неліктен жақсы болғанын (шыққанын), ал нені және қалай жақсарту керектігін талқылайды, сабақ мақсатына жеткен-жетпегендерін талдап-тұжырымдап, қорытындылайды.
Қажет болған жағдайда мұғалім оқушылардың топ жұмысына қосқан жеке үлесін анықтау үшін немесе әр оқушының тақырыпты игеру деңгейін нақтылау және бағалау мақсатында мынандай жеке жазу жұмыстарының бірін орындауды ұсынуына болады: эссе, хат жазу, өлең, есеп беру, есеп шығару, жаттығуды орындау, тестілеу, шығармашылықпен құрастыру: критерийлер, тест сұрақтары, кесте, есеп, ереже, анықтама, нұсқаулық, алгоритм, менталды карта, диаграмма, семантикалық карта, т.б.
Жалпылама алғанда, төңкерілген сабақ осы айтқанымның аржақ-бержағындағыдай ұйымдастырылады. Байқап отырғанымыздай, бұл сабақта оқушыға үлкен сенім жүктеледі. Әрине, оқушының сеніп тапсырған жұмысты асқан жауапкершілікпен орындауы үшін мұғалімнің шәкірт алдындағы беделі өте жоғары болуы шарт. Өйткені оқушы тек өзіне ұнайтын, өзі сыйлайтын мұғалімнің сөзін екі етпей, ыждахатпен бұлжытпай орындайды, шығармашылық танытып, тапсырманы түрлендіреді, оған жаңа мазмұн мен леп қосады.
Бүгінде төңкерілген сабақ ХХІ ғасыр білім беру жүйесінің негізгі ұстанымдарының бірі ретінде танылады. Көптеген білім ордалары өз тәжірибесінде осы әдісті қолдануда. Мысалы, Алматыдағы «Нархоз» университетінің жаңа басшылығы төңкерілген сабақты негізгі әдіс ретінде таңдап, осы арқылы сабақ беруді едәуір жақсартқаны туралы баспасөз беттерінен оқып жүрміз.
«Болмасаң да, ұқсап бақ!» дегендей, оқушыларды өздігімен жұмыс жасауға, теорияны өздігімен игеруге дағдыландырып, икемдеп, ынталандырып, ақырындап төңкерілген сабақтарға бет бұра бастағанымыз жөн болар.
Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Пикиринизге косылмаймын.10,12окушы болса тусинем.менде35 окушы.айлыгым70000мын айлык 200000болса болады истеуге.