Бір мұғалімнен «Бүгінгі күні балаға да, ата-анаға да бедел болудан қалдық! Бұлардың барлығы да мұғалімді сыйламайды!» деп нали айтқан сөздерінен кейін көп ойландым. Осы біз басқаларға қалай бедел бола аламыз? Бедел деген әу бастан дайын күйде келетін нәрсе ме?
Мәселен, талай бастықтың аузынан «Сен мені сыйламасаң да, мына менің лауазымымды (орынтағымды) сыйламайсың ба?!» деген сөздерді естіп едім. Бірақ мен тек өз құлқы мен қалтасын ойлайтын, қол астындағыларға еш жаһаттығы мен пайдасы жоқ бастықты қалай сыйлаймын. Ондай адам тіпті таудың құз шыңына шығып алса да мен үшін бедел бола алмайтындығы анық.
Дәл осылай әрқайсымыз да басқалар үшін автоматты түрде бедел бола алмайтын шығармыз? Мысалы, менің ұлдарым мені тек олардың әке болғаным үшін ғана сыйламайтын болар? Оларға бедел болу үшін, әр сөзімді ұттырып, оларды екі етпеулері үшін мен өзімнің әкелік борышымды толығымен орындауым керек шығармын? Ұлдарым үшін әр кезде де қамқор, сенім артуға болатын, ұлдарымның қыр-сырын жақсы білетін, олар үшін жауапкершілікті сезінетін, оларды сыйлайтын тұлға болуым керек шығар?
«Балаларыңды тәрбиелемей-ақ қой, өйткені бәрібір олар өзіңе тартады. Оданша өзіңді тәрбиеле!» деген нақыл сөзге сәйкес мен ұлдарым үшін үлгі-өнеге алатындай тұлға болуы керек. Соған ұмтылуым керек. Әрекеттенуім қажет. Күнде-күнде, әр сағат сайын, тынбай, шаршамай, үзіліссіз, толассыз.
Мұғалім де оқушы үшін үлгі тұтарлықтай тұлға болса ғана өз айтқанын бұлжытпай орындатады, оның «ақ» дегені алғыс болады, оның бір сөзінен жерге түсірмей іліп алып жүзеге асырады. Осындай бедел болуға көп еңбек сіңіру қажет болар. Қалай?
Бұл туралы Ақберген Асылбек ағайдың (Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы мектеп директоры) әңгімесін тыңдайық.
– Балаға бедел болмасаң, оған ықпал жасай алмайсың. Бала тек өзі мойындаған, өзіне ұнайтын адамдарды ғана тыңдайды, соларға иланады, соларды үлгі тұтады, айтқанын екі етпейді. Сол себепті де алдымен баланың алдында бедел жинауға ұмтылу керек, оның сенімін жаулап алу қажет… – деп бастады әңгімесін Асылбек ағай.
– Осы туралы бір әңгіме айтып берейін…
1980 жылы Шымкент педагогикалық институтын аяқтағаннан кейін мен Түркменстандағы Красноводск қаласы маңындағы бір ауылдық мектепке математика пәнінің мұғалімі ретінде жолдамамен жұмысқа жіберілдім.
Ауылда кілең қазақ тұрады. Маған 24 сағатпен бірге 10-сыныптың жетекшілігін де берді. Менің бұл балалардан 4 жас қана үлкендігім бар. Ер жетіп қалған ұлдар мен бой жетіп қалған қыздардан тұратын сыныпқа жетекшілік жасау оңай емес екен. Сыныпта 25 оқушының ішінде ерекшеленетін Айдын мен Серік (әңгімедегі барлық есімдер өзгертілген) есімді екі жігіт бар. Екеуі де байлап қоятын тентектер. Ешкімге де бағынбайды, ешкімді де мойындамайды.
Айдын мектеп директорының өгей баласы: өзінің әкесі ертерек қайтыс болып, анасы екінші рет тұрмысқа шыққан. Айдын өгей әкесін жақтырмайды, екеуінің арасы жақсы емес.
Екі сотқар мектепте де, сабақта да ойына келгенін жасайды. Екеуі де насыбай атады. Сабақта отырып Айдын маған «Ағай, сыртқа шығып келейінші!» деп сұранады. Бұл – үлкен проблема мен үшін! Жіберсең – Айдын далаға шығып бара жатып өгей әкесі кабинетінің есігіне насыбайдың қалдығын түкіріп кетеді. Осыдан кейін мен директордан сөз естимін: «Сабақ кезінде оқушылардың сыртқа шығуына неге рұқсат бересіз!» деп.
«Жоқ, болмайды! Сыртқа шықпайсың!» десең болғаны: Айдынға аузын насыбайдан босатуы керек, жақын отырған қыздардың біреуінің кітабын қолынан жұлып алады да ішіне былш етіп түкіріп, қайта жаба салады. Әлгі қыз баж ете қалады. Жігіттердің барлығы да қыран-топан күлкіге батады, қыздар Айдынға шүйлігеді. Сабақ та осымен аяқталды деп есептей беріңіз!
Әр күні бұл екеуі бірдеңені бүлдірмесе – көңілдері көншімейді! Біреуді сабайды, не бір қызды жылатады, не сабақты бұзады, не сабақтан қашады, не түнде біреудің түйелерін басқа қораға айдап тастайды.
Басқа мұғалімдер Айдынның директор әкесінен қаймығып, екі сотқарға үндемейді. Алайда бәрінің шамасы маған жетеді. Күнінде маған кемінде бір-екі мұғалім келіп «Әлгі екі бұзығың ананы бүлдірді, мынаны қиратты! Оларды тәртіпке салмайсың ба!» деп ренжиді. Ал бұл екеуі қанша айтып жатсаң да сөзді ұқпайды, құлағына да қыстырмайды, тіпті қасарысып, кері жасайды. Ұрсып та айттым, ақырын да алдап-сулап айттым – дәнеңе де өнбеді сөздерімнен.
Осылайша Айдын мен Серік менің мектептегі өмірімді қиынға айналдырды: жегенім желім болды, ішкенім зәһәр болды. «Оларға енді не істеуге болады?» деп жүргенімде бір күні директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әбдіраш ағай мені өзіне шақырып, екеуіміз көп әңгімелестік. Ағай Ұлы Отан соғысының ардагері, өте білікті әрі тәжірибелі ұстаз еді. Сол әңгімеде Әбдіраш ағай менің қиналып жүргенімді біліп, былай деді:
– Қарағым Асылбек! Бұл проблемаңды өзің шешпесең – ешкім де сен үшін шешіп бермейді! Өзің шеш! Ал бұл үшін сен алдымен Айдын мен Серікке бедел болуды ойла!.
Айтуға оңай! Бұл екі жүгермекке қалай бедел болу керек?
– «Қалай?» деп сұрасаң – «Мұны мен білмеймін!» деп жауап беремін. Өзің жасауың керек, жауабын табуың керек! Әйтеуір, бір шешімін тап! Ең бастысы: олардың осал жерін ізде! Сол арқылы олардың беделін жаулап алуды ойлан! – деді Әбдіраш ағай.
Осыдан кейін мен Айдын мен Серікке қалай бедел болып, сөзімді өткіземін деп ойлаумен жүрдім. Бір күні кездейсоқ түрде Айдынның көрші түрікмен ауылындағы Гурбансолтан есімді бір қызға ғашық екендігін білдім. Оның бұл «осалдығын» қалай өз кәдеме жаратамын деп жүргенімде, осы аптаның сенбісінде көрші түрікмен ауылында той болатындығын және де Айдын мен Серіктің сол тойға әлгі қызбен кездесу үшін баратындығын естідім.
Сенбі күні мен математика сабағының аяғына таман бүгін көрші ауылға баратынымды айтып қалдым. Сол-ақ екен Айдынның құлағы елең ете қалды:
– Әй, ағай, ол ауылға неменеге барасың? Бұл екі тентек тіпті мұғалімдерге де «сен» деп сөйлейтін еді-ау!
– Бір той бар еді! – дей салдым.
Серік болса:
– Ағай, ол тойға біз де Айдын екеуіміз барамыз бүгін. Сен немен барасың? – деп сұрады.
– Білмеймін. Әйтеуір бір көлік шығып қалар…
– Өй, ағай, ол жаққа кешке таман ештеңе жүрмейді. Қаласаң, бізбен бірге жүр: біз мотоциклмен барамыз.
Мен қуана келістім. Кешке бұл екеуі мені үйден алып кететін болды.
Айтқанындай-ақ ымырт түспей жатып Айдын мен Серік үйге келіп, мені мотоциклдың бесігіне отырғызып, үшеуміз көрші түрікмен ауылына тарттық.
Күн еңкейіп қалған. Жан-жағымызда тек өркеш-өркеш құм жоталар. Тек анда-санда сексеуілдің сұлбалары ғана көрінеді. Ауылдан біраз шақырым алыстап кеткеннен кейін Айдын мотоциклді тоқтатты. Екеуі көліктен түсіп, мені қаумалап қоршап, екі жақтан тергеуге алды:
– Ағай, шыныңды айтшы: сен осы түркмен ауылына не үшін бара жатырсың? Онда ешкімді де танымайсың ғой! Не қажеті бар?! Егер айтпасаң
– осы жерде тастап кетеміз! – деп қорқытқан болып жатыр.
Бұлтартпады екеуі. Шынымды айттым:
– Мәселе мынада: егер сендермен бір нәрсе болып қалса – кім жауап береді? Класс жетекшісі ретінде мен жауап беремін! Мен сендерді қорғау үшін тойға бара жатырмын! Екеуі қарқылдап кеп күлді.
– Байқа, ағай! Бізге емес, өзіңе көмек керек болып қалмасын! Аха-ха!
Осыдан соң Айдын түсін суытып:
– Онда сөзіңде тұр, ағай! Тойда бізден бас тартпайсың ғой?! Біз не істесек те, біздің жанымызда боласың ғой?! Бізді қорғайсың ғой?!
Мен сөзімде тұратынымды айтып, ант-су ішіп жатырмын. Мотоциклге отырып, алға тарттық…
Түркмен ағайындардың тойында бірінші рет болуым еді. Үйдің ауласында үстелдерді біріктіріп ұзын дастархан жасаған. Дастархандарында тақыл-тұқыл тағамдар, арақ-шарап атымен жоқ. Тойдың негізін біздің тойлардағыдай секілді сөз сөйлеу емес, би құрайды екен: түркмендер көп билейді ме деп қалдым. Ұлттық аспаптардан тұратын шағын «оркестр» түркмен әуендерін ойнайды, ел ортаға шығып түркмен билерін билейді.
Ауылдың тойына ешкімді арнайы шақырмайды ғой. Бізге де «Кет!» деген ешкім болмады, алайда елеп-ескеріп жатқандар да жоқ. Елдің ішіне сіңіп кеткендей болдық. Алайда Айдын сотқар барлық тойшыл қауымның назарын өзіне аударатын қылық көрсетіп жатты. Ол бір түркменше биден кейін міндетті түрде «оркестрге» барып, оларға Пугачеваның сол жылы дүрілдеп тұрған «Миллион алқызыл раушан гүлі» атты әнінің әуенін орындатады. Басында музыканттар «Біз ол әнді білмейміз!» деп қипақтап еді, өжет Айдын біресе даусын көтеріп, өктем сөйлеп, біресе тістене сөйлеп сес көрсетіп, әйтеуір оларды көндірді-ау!
Сонымен бір түркмен биінен кейін «оркестр» «Миллион алых роз» деп қиқалатып орындайды, ал Айдын болса ғашық қызының белінен құшақтап би билейді. Бұлар билегенде бір де бір түркмен ортаға шықпайды, сондықтан Айдын Гурбансолтан екеуі ғана билейді. Бір биден кейін бұйым елдің алдына шығып билеуден қымсынған Гурбансолтан Айдыннан қашады, ал біздің сотқар оны үйден болсын, әке-шешесінің қасынан болсын қолынан сүйреп, қыздың ойбайлағанына, елдің жақтырмағанына қарамай ортаға шығарып билейді. Басында жиналған жұрт бұған күле қараған еді. Алайда Айдын мен қыздың биі жиілеп бара жатқан соң оның елдің қытығына тие бастағанын байқадым: үлкен адамдар күңкілдей бастады, ал жас жігіттер 3-4-тен жиналып, біз жаққа көз тігіп өзара сыбарлап сөйлесіп жатты. Ішім бір жамандықты сезуде. «Енді не істеуім керек?!» деп жанталаса ойлануда болдым..
Көп күтпедім. Бір кезде сартпа-сұрт төбелес басталды да кетті! Қарасам, бес-алты жігіт ауланың бір шетінде Айдын мен Серікті ортаға алып, оларға жұдырықтарын оңды-солды сермеп жатыр екен. Менің екі оқушым да құралақан емес екен: бұлар да жасқанбай әлгілерге жауап беріп жатыр. Менің не істеуім керек еді? Дәл қасымда тұрған жиналған отынның ішінен қолыма ілінген сексеуілдің бұтағын ала сала мен де төбелестің ішіне қойып кеттім.
Жұдырықтар жан-жақтан жауып кетті. Көзімнің оты жарқ ете қалды. Әйтеуір, құламадым, есімнен танбадым, Айдынға арқа беріп, сойылымды сермеп ешкімді жақындатпауға тырысудамын. Басқа амалым да жоқ: орта бойлы жайым бар, құлаштай сермейтіш ұзын қол да жоқ менде.
Байқасам, арамызда Серік жоқ! «Қашып кетті!» деген ой сап ете қалды. Жылт етті де жоқ болды, өйткені Айдын екеуімізге осы кезде тас жауып кетті: бізді тіке ала алмаған тойшы қауым қолына тас алған шамасы. Бір-екі тас басыма көлбей тисе де есеңгіртіп жіберді. Халымыз мүшкіл бола бастады. «Енді не істеу керек?» деп абдырап тұрғанымда аулаға мотоциклдың алдыңғы дөңгелегін жоғары көтерген бойда Серіктің ызғыта кіріп келмесі бар ма! Мотоциклдің табанынан құм боратып, айналдырды да, бар даусымен бізге «Отырыңдар!» деп айғай салды. Айдын екеуміз мотоциклдың бесігіне құладық. Айдын астыма түсіп, денеммен оны жауып қалдым. Серік газды басып-басып жіберіп, моторды өкіртіп, дөңгелекті көтерген күйі бізді ауладан алып қашты. Жан-жақтан қарша бораған тастан бас сауғалап осылайша сытылып кеттік!
Ығзғыта отырып, сол екпінмен ауылдан да шығып жөнелдік. Артымыздан қуғыншы болмады. Оншақты шақырым жүргеннен кейін Айдын көлікті тоқтатты. Аспандағы кемеліне толған ай шөлдің ішін жап-жарық сәулеге бөлеп тұр. Айнала мүлгіген тыныштық. Үшеуміз жерге түсіп, Серіктің ұсынған бөтелкесіндегі жылы сумен бас пен беттен аққан қанымызды жуып, киімімізді тазалағандай болып, кем-кетігімізді түгендедік. Сау-тамтығымыз қалмаған сыңайда: Айдынның басы жарылыпты, Серіктің сол көзі ісіп кеткен, менің де бір көзім көрмейді және бір тісім сынған. Осал нәрсе емес қой бір тойға жиналған жігіттердің барлығына да төтеп беру?!.
Сол жерде екі оқушым маған:
– Ағай, сен бізге әкелерімізден көрмеген жақсылық жасадың: бізді жақтадың, қол ұшын бердің! Бізді тастап кетпедің, аяғына дейін бірге болдың! Денеңмен бізді тастан қорғадың! Енді сенің айтқаныңды екі етпейміз! Саған өмір бойы қарыздар боп өтеміз! Оллаһи! Біллаһи! – деп ризашылықтарын жеткізіп, уәделерін беріп жатты. Сүттей аппақ ай астында қолымды алма кезек қысып, екі оқушым менің айтқанымнан шықпайтындығын айтып, серттерін берді…
Осы оқиғадан кейін мекиепте мен үшін рахат өмір басталды! Әлгі екі сотқарым шындығында да өз сөздерінде тұрып, менің айтқанымды екі қайталамайтын болды! «Қойыңдар!» десем, қоя салады, «Жасаңдар!» десем, жасайды, «Жөнге салыңдар!» десем, басқаларды жөнге салады.
Бұл екеуі өз сыныбы тұрмақ, бүкіл мектепті менің айтуым бойынша жөнге сала бастады. Менің бұл екеуіне сөз өткере алатынымды білген мектеп мұғалімдері де мен арқылы өз сыныптарының проблемаларын шеше бастады. Олар маған келіп: «Асылбек, ана екі балаңа айтшы, менің сыныбымдағы пәленшені түзесін деп! Әйтпесе пәленше бұзық болып барады!» деп жалынады, мен оны Айдын мен Серікке айтамын, ал олар болса жаңағы баламен «тәрбие жұмысын» өткізіп, оны жуасытып алады.
Бұлардың маған деген ризашылығы тіпті күлкілі жағдай арқылы да көрінген еді. Айдын мен Серік құдайдың құтты күні таңертең мен пәтер жалдап тұратын үйдің алдынан өтетін жолдың ар жағында мені күтіп отырады. Мен үйден шыққанда екеуі әрілі-берілі өткен ауыл тұрғындарын, тіпті көшемен өткен автомашиналарды тоқтатып қояды: «Тоқтаңдар! Көрмейсіңдер ме?! Біздің ағай келе жатыр! Осы кісі өтіп кеткен соң ғана жолдан өтесіңдер!» деп. Ыңғайсыз жайда боламын. Әлгі екеуіне «Қой!» десем де дәп осы қылықтарын қоймады.
Осылайша бір таяқ жеп, екі тентектің сеніміне ие болдым. Осының арқасында басқа оқушылар мен мұғалімдер арасында да үлкен беделге ие болдым. Мектептегі өмірім жеңілденді» – деп аяқтады әңгімесін Асылбек ағай.
– Содан кейін бұл әңгіме жалғасын тапты ма? Айдын мен Серіктің тағдыры қандай болды екен? – деп қызыға сұрадым мен. Асылбек ағай:
– Олар қазір білдей азамат болған. Екеуі де Астанада тұрады. Айдын – бір мемлекеттік мұнай компаниясының вице-президенті, ал Серік Астанадағы республикалық дәрежедегі емханада нейрохирургия бөлімінің бастығы болып жұмыс жасайды.
Олардың ауылы менің екінші ауылым іспеттес болып кетті емес пе?! Алайда ауыл тұрғындарының барлығы дерлік Қазақстанға көшіп келген, негізінен Маңғыстау облысында тұрады. Көп адамдармен әлі де қоян-қолтық араласып тұрамыз. Өткен айда (бұл әңгімені Асылбек ағай маған 2014 жылдың қарашасында айтқан еді – Асхат Әлімов) үлкен ұлымның тойына Сарыағашқа Әбдіраш ағайдың үлкен қызы немересін ертіп, тағы да сол кезде мектепте бірге істеген екі-үш апайлар мен ағайлармен бірге келген еді. Әбдіраш ағайдың өзі дүниеден ертеректе озған еді…
Біраз адамдар келе алмай, «Кейінірек құтты болсын айтып шығамыз!» деп сәлемін айтып жіберіпті. Айдын мен Серік те жұмыс бабымен келе алмады, бірақ біз жаққа сапар шеккен жігіттерден тойаналарын беріп жіберіпті. Айдын маған той болған күні қоңырау шалып, кешірім сұрап, «Сәті түскенде бір кіріп шығам, ағай!» деп уәдесін берді.
Балалардың сенімін қалайша жаулап алуға болатындығы туралы Асылбек ағайдың әңгімесі осы. Байқап отырғандарыңыздай, ол кісі сол кезде жас болса да қысқа мерзімнің ішінде екі сотқардың ғана емес, бүкіл ауылдың алдында бедел жаулап алған екен..
Оқушыларға бедел болу оңай да емес шығар? Алайда бедел жинаудан басқа амал жоқ бізде. Бедел дайын күйде келмейді, оны тырнақтап жинау керек, тырбанып, машақаттанып теру қажет. Менің ойымша, тәрбиенің ең тиімді құралы – балаға үлгі-өнеге болу. Біз, ересектер, ұстаздар, ылғи да – жатсақ та, тұрсақ та – баланың «рентгені» астында болатындығымызды ұмытпайық. Балалар бізге қарап бой түзейді. Өзіміз тұлғалық, рухани, кәсіби тұрғыдан жоғары дәрежеде болып қана оқушыларға көтеріңкі талап қоя аламыз. Сабақ өткізуге салғырт қарап, оқушыларды сабақ оқуға ынталандыра алмаймыз, қатал болып, балаларды әділеттілікке үйрете алмаймыз, темекі тарта жүріп, жеткіншектерді салауатты өмір салтын қабылдауға иландыра алмаймыз.
Сондықтан да әр сөзімізге мұқият болайық, әр әрекетімізді жоғарғы құндылықтар тұрғысынан түзейік, өйткені баланың көзі ылғи да бізде.
Өзімізді түзесек – баламыз да түзу болады.
Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.