Бүгінде мұғалім мамандығына кім көрінген әңгіме айтып, пікір білдіретін болып алды. Мұнымен қоймай әлеуметтік желіде ұстаздармен ұстасып, тіпті дөрекі сөйлеген мектеп оқушыларының әрекеттері бүгінгі мәртебелі мамандықтың беделіне көлеңке түсірді. Әйтсе де, ел ішінде сыйлы, қоғамда айтары бар педагогтардың саладағы өзекті мәселелерде бас көтеріп, білім саласының дамуына қажетті ұсыныстарын жеткізіп жүргендері аз емес. Соның бірі, елге белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлы. Көптің соңынан еріп кетпейтін, өзіндік ұстанымы бар ұстаздың айтарына құлақ түріп, ашық әңгіме алаңына шақырдық.
– Өмір аға, ұстаз деген ұғымның негізгі түптамыры “зайырлы уағызшылар” делінеді көне кітаптарда. Сіздіңше, ұстаз деген кім?
– Ұстаз – тек үйретуші, білім беруші ғана емес, үлгі-өнеге көрсетуші, тәрбиеші. Жалпыадамзаттық тәжірибеде мектептің басты және негізгі функциясы – оқу-тәрбие беру. Бүгінгі күні мұғалімдерге түрлі курстар мен семинар-тренингтерде қалай оқытуды, сабақты зерттеуді үйретіп жатыр. Ал “тәрбие” туралы әңгіме жоқ. Иә, ол курстарда “Метатаным”, “Метатәжірибе” туралы айтылады. Бірақ “Танымды тану керек”, “Тәжірибені өзгертетін тәжірибе” деген секілді үстірт қана айтылады.
Пажарес деген ғұламаның айтуынша, мұғалімнің көзқарасы мен шешімінен шығатын іс-әрекеті оның ұстанымын анықтайды. Ал адамның ұстанымының қалыптасуы өте ұзақ процесс. Кейбір адамдарда ол ұстаным мүлдем қалыптаспай да кетуі мүмкін.
– Егер бәрін ұстаным анықтайтын болса, мұғалім сабақ берудің алуан түр-әдісін үйренгенімен рухани-адамгершілік деңгейі жалпыадамзаттық нормаларға сай емес болса ше?
– Жоғарыда айтылған “металар” ол үшін бар болғаны ғылыми термин ғана болуы мүмкін. Яғни, сабақты шебер өтетін мұғалім оқушыдан сыйлық алуы немесе дәметуі мүмкін. Одан өзге, мемлекет мектепті жөндеуге жыл сайын бөлетін қаражат тек дәліз бен әкімшілік бөлмелерді жөндеуге ғана жетеді. Сынып бөлмелерін сынып жетекшісі немесе кабинет меңгерушісі жөндеуге міндетті. Ата-анадан ақша жинауға қатаң тиым салынса да, мұғалімнің мардымсыз жалақысы жетпегендіктен кейде ол ата-аналарға алақан жаюға мәжбүр болады. Ал заңсыз ақша айналымы жүрген жерде қандай тәрбие болуы мүмкін?
– “Кейінгі кезде мұғалім даярлаудың жолы тым жеңілдеп кетті. Ұстаздық қызметке кім көрінген түсе беретін болды” деген пікірлерді жиі естиміз. Мұндай көзқарас қайдан шықты?
– Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп, технология жылдам дамып жатыр. Сондықтан өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім ертеңгі сабаққа дайындалу барысында, сабаққа қатысты оқушылар тарапынан қойылуы мүмкін тіпті жанама сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт. Мұғалімнің бір міндеті тәрбие беру екенін ескерсек, мұғалім өз пәні мен педагогикадан өзге диалектика, метафизика, философия, психология, риторика, социология және т.б. ғылымдарды меңгерген интеллектуал болуға міндетті.
– Ал жан дүниесі таза, рухани бай және жан-жақты білімді интеллектуал маманды мектепке қалай әкелеміз? Өз бағасын білетін адам 60-70 мың жалақыға жұмыс істеуге көнеді ме?
– Осыдан бірер жыл бұрын Шымкент қаласындағы ең беделді ЖОО-ң Мемлекеттік Аттестациялау Комиссиясына (МАК) мүше болдым. Болашақ тарихшы мен археологтар алдымыздан өтті. Сонда бір аңғарғаным, “Тарих пәнінің мұғалімі” деген мамандыққа ылғи мектепті сүйретіліп әзер бітірген аутсайдерлер түседі екен. Олармен салыстырғанда, “Археология” мамандығын бітірушілердің білімі ғана емес, жалпы өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеше.
Бүгінгі күні “педагогика” мамандығын кім таңдайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Білімі жетпегендіктен немесе төлейтін ақшасы болмағандықтан өзге мамандықтарға түсе алмай қалған түлектер оқу ақысы ең арзан педагогикалық мамандықты таңдайды. Одан қандай мұғалім шығатынын өздеріңіз шамалай беріңіздер.
Ал ауылдық жерлердегі жағдай тіпті сорақы. Мектеп тұрақты жалақы беретін жалғыз жұмыс орны болғандықтан, кешегі агроном да, веттехник те, қолына біраз қаражат жинаған тракторшы да ЖОО-н сырттай бітіріп алып мектептерде мұғалім болып жүр. Сырттай оқудың жайы өздеріңізге белгілі.
– Мұғалім беделінің артуы қандай да бір күштердің ықпалына байланып тұр ма, әлде ұстаздың өзіне байланысты ма?
– Абыройды ешкім ақшаға сатып ала алмайды.
– Ал, мұғалім абыройлы болу үшін не істеу керек?
– Сауатты қазақ саусақпен санарлық өткен ғасырдың басында “Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі” – деген дәуірден өттік. Бәсекелестік қызған бүгінгі күні мұғалім М.Әуезов айтқандай “Өзі отырған жерді төр етуге” өзі ұмтылуы қажет. Яғни, өзін өзі дамытуды ешқашан тоқтатпауы, білімін жетілдіруді үзбеуі тиіс. Баланы жыл он екі ай алдау мүмкін емес. Жаныңыз таза болмаса, сездіріп аласыз. Абыройды ешкім де сатып ала алмайды. Ол әр адамның өзіне байланысты. Алдымен адам өзін сыйлауы керек. Сонда ғана оны өзгелер құрметтейді. Қазақта “балажан” деген сөз бар. Өз баласын әркім де жақсы көреді. Ал, барлық баланы “бала” деп қабылдау көп адамның қолынан келе бермейді. Егер, мұғалім баланы жақсы көрмесе, онда оның ертерек мектептен кеткені жөн. Бала жақсы көргенді де, жек көргенді де сезіп тұрады. Жалпы, мұғалім үшін ең жоғары баға – шәкірттерінің өз мұғаліміне еліктеуі, ұқсауға тырысуы!
– Ұстаздық жолдың жауапкершілігін бір кісідей түсінесіз. Бұл жанашырлықты білім саласындағы мәселелерде үнсіз қалмайтындығыңыздан байқаймыз. Ұстаз құқы, ұстаз беделі жолында шымкенттік ұстаздардың сөзі бір жерден шыға ма?
– Ұстаз құқын сақтау үшін облыстық білім басқармаларын жергілікті әкімдіктен алып, тікелей Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру керек. Сонда ғана, мұғалім өз міндетіне жатпайтын сайлау, сенбілік, санақ секілді жұмыстардан құтылатын болады. Ал ұстаздардың сөзі бір жерден шығуы үшін олардың басын біріктіретін қоғамдық ұйым керек. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ондай ұйым құру мүмкін емес. Бір жағы қаржы тапшылығы қолбайлау болса, екінші жағынан, 3 адамның басы қосылған жерге күдікпен қарайтын біздің қоғам оларды қолдай қоюы қиын.
– Қазір жаңартылған білім беру мазмұны туралы ел арасында екіұшты ой әлі де бар. Жаңа білім бағдарламасының тиімді де, тиімсіз де тұстарын ашып айта аласыз ба?
– Бұл сұрақтың жауабын “Жас алаш” газетінде жарияланған “Тамыз кеңесіне тамызық”, “Дат” газетіне “ЖАҢА БАҒДАРЛАМА жақсы азамат өсіруге КЕПІЛ БОЛА АЛА МА?” атты мақалаларымда егжей-тегжейлі тоқталдым. Мұғалім және жеке азамат ретінде өзімді бағдарламаның мына тұстары қатты ойландырады. Үштілділік, оқыту мен оқу, кадр мәселесіне мән беру керек. Ал, жалпы алғанда, жаңа бағдарлама өзіме ұнайды.
Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау екендігі белгілі.
– Өмір Шыныбекұлы, жаңару дегеннен шығады, қазір мектеп оқушыларына “Өлкетану” пәні енгізіліп жатыр. Тарихшы ретінде бұл қадамға сіздің алып-қосарыңыз.
– “Өлкетану” пәні 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін аптасына кемі 1 сағат оқытылуы тиіс. Әйтпесе, ежелгі Ұрым, Грек, Мысыр, Қытай, Үнді тарихын білеміз. Ал өз туған ауылымыздың тарихын біле бермейміз.
– Қай кезде де мұғалім ретінде ойыңызды ашық білдіресіз. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси өзгерістерге пікір білдіріп отырасыз. Бұл азаматтық позицияңыз ба, әлде желідегі белсенділік пе?
– Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін. Республикалық және жергілікті баспасөз бетінде мақаларым жиі шығып тұрады. Желіде ғана емес, өмірде де белсендімін деп ойлаймын. Өлкетанушы ретінде аяқасты болып бара жатқан тарихи-археологиялық ескерткіштерді шамам келгенше қорғап жүрмін. Облыс пен қаланың қоғамдық өміріне бір кісідей араласамын. Мақтаныш деп түсінбеңіздер. Сұрақ қойылған соң жауап берейін. Түркістан ауданындағы Молда Мұса атындағы мектепте 2016 жылы қыркүйек айында басталған дау ұзаққа созылып, елімізде ол туралы айтпаған БАҚ қалмады. “Оңтүстік Қазақстан” газетінің тілшісі Өмірзақ Ақжігіт, “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Ғалымжан Елшібай секілді азаматтарды бастап барып, ара ағайындық жасап, сол дауды осы жылдың ақпан айында шешіп қайттық.
– Фейсбуктегі парақшаңызға “100 жыл өмір сүрсең, 110 жыл оқы” дегенді жазып қойыпсыз. Оқудың соңына тым қатты түсіп кету бүгінгідей нарықтық қоғамға қаншалықты қажет деп есептейсіз?
– Оқу бар да, оқығанды тоқу бар. Технология күн сайын дамып жатыр. “Болдым-толдым” деп тоқмейілсіп, үйренуді доғарсаң, көзді ашып-жұмғанша көш соңында қалып қоясың.
– Жақында “ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталдыңыз. Төсбелгінің сіз үшін салмағы қандай? Жалпы мұғалім мамандығы лайықты бағалана ма?
– Әрине еңбегінің бағалануын кім жек көрсін. Дегенмен, өзім үшін ондай марапат қосымша жауапкершілік. Биікке көтерілу қиын. Ал сол биікте тұрақтап қалу одан да қиын.
Ал жалпы мұғалім мамандығының бағалауын оған төленетін жалақымен өлшеу керек болса, Мәжіліс депутаты өзге жеңілдіктерін есептемегенде, айына 600-700 мың теңге жалақы алады. Мұғалімнің орташа жалақысы одан 10 есе кем.
– Өмір аға, соңғы сұрақ болсын. Бүгінгі білім саласының даму беталысы дамыған елдердің ұстанымына жақын келе ме? Білімді биікке көтеру жолында нақты ұсыныстарыңызды айтсаңыз.
– Жалпы алғанда, жаңа бағдарлама өзіме ұнайды. Дегенмен, маман ретінде келіспейтін тұстарым да баршылық.
Реформа керек екені күмән тудырмайды. Бірақ, жаңа білім бағдарламасының тиімді де, тиімсіз де тұстары жетерлік екенін осы кезге дейін жазып келдім. Сондықтан, соны қайта зерделеп, зерттеп, біздің қоғам үшін тиімсіз тұстарынан батыл түрде бас тарту керек.
“Бастан құлақ садаға”, жұмсалған шығын садаға…
– Аға, ашық әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Абай ТАҒЫБЕРГЕН
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Өмір Шыныбекұлы – 1962 жылы ОҚО Төлеби ауданы, Оңтүстік ауылында туылған. 1969 жылы Оңтүстік бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1979 жылы Блинков (Тасарық) орта мектебін бітірген. ҚазХТИ-ң механика факультетін, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ң тарих-география факультетін бітірген.
Жоғары санатты ұстаз, 1-деңгейлі (Кембридж технологиясы) сертификат иегері. Қазір Шымкент қаласындағы А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің тарих және құқықтану пәндерінің мұғалімі.
Отбасылы, екі ұлы бар.