22.11.2024

Аятжан АХМЕТЖАН. ДАЛАҒА ШАШЫЛҒАН ДАРЫН

Адам мемлекеттің басты құндылығы, адами ресурс күллі байлықтың бастауы. Адами капиталының бастау көзі партадағы бала! Біздің партадағы балалар мемлекеттік картадан тысқары жүруге һәм тысқары білім алуға неге құмар? 11 жыл оқытқан баламыз отанының құшағынан жылу (білім) іздемей, неге шет жағалап кетті? Өз балаларына мүлде грант бөлмейтін Қытай Қазақстан баласына келгенде неге мыңдап грант бөледі? Ресейлік жоғары оқу орындары солтүстік түгілі оңтүстіктің мектептерінен түлек «ұрлауға» неге құмар? Елдің ұлттығы бар, мемлекеттігі бар, жекесі бар жоғары оқу орындары неге қаладан аттап сыртқа шықпайды? Бүгінде шетелде оқу неге «мода»? Халықаралық ғылым бәсекесінен медаль таққан қазақ баласын бауырға басар, өзіне студент етер университет бізде неге жоқ? Бұл сұрақтар бүгін бізді ойландырмаса, ертең елді өкінтері анық…

Он бір жыл мемлекеттен әр баланың білім алуына қыруар қаржы бөлінетінін, бір тұлғаның қалыптасуына әлденеше адамның тер төгетінін, өзгелерге дайын еңбек күшін үлестіріп отырғанымызды еске алсақ, ел үшін шексіз шығын, экономикалық, адами капитал һәм шашылған дарын.

Әуелден бастайық, нәтижесіне емес, неге деген себепке үңілейік, біздің түлектер неге шетел асуға құмар, бәлкім, мәжбүр?!

Бұның ең әуелгі себебі, біздің отандық университеттер мемлекеттің масылдары, олар оқушы іздемейді, өздері жарнамасын жасап бір мектептің есігін қақпайды, бір сөзбен айтқанда, біздің университеттерде менеджмент атымен жоқ. Үкімет деген теңіз, ебін тауып жеңіз, – деген жүйені ұстаған. Үкіметтен грант бөлінеді, ол грантқа таласып (университетке емес) бәлен мыңдаған студент келетінін жақсы біледі. Грантпен келетін оқушының қаражаты жоғарыдан төгіледі, ол өзегіңді талдырмас үкіметтің ақшасы. Ал осы дүрмекте ақшасы жетіп ақылы оқуға тағы келетінін біледі. Бұл қаражаттар әлемдік алдыңғы мың университеттің қатарынан құлап қалмауға жетеді, ал үздік жүздікке талпыну естерінде жоқ та шығар…

Дәлелсіз сынады деп жүрер, бір ғана мысалмен нүкте қоя кетелік, өткен жылы ұлттық бірыңғай тестің форматы өзгеріп, таңдау пәндерінің классификациясы жаңаланғанда түлектер қай пәндерді таңдасақ қандай мамандыққа түсеміз, қандай университетте қандай мамандық бар деп сансырады, әлеуметтік желідегі жекемізде түсіндіру жұмысын, мамандық таңдау туралы семинар-тренингтерді өткізуге біз мәжбүр болдық. Бірақ, селт етіп мамандықтары, оларға түсуге болатын жолдары туралы ақпарат таратқан бір университет болмады. Бізге бармағанда қайда барады, – деген кесірлік қой тағы сол. Соның нәтижесі болар ҚазҰУ, ЕҰУ бастаған біраз ұлттық университеттің химия кафедрасы қабылдайтын студент таппай бос қалды. Себебі, көп түлек химияның біраз саласына химия-физика таңдау керектігін, түсінбей, есесіне химия-биология таңдағандардың санын мыңдап өсіріп, бұл бағытта жұртқа грант жетпей жатты. Ал химия физика бағытында бөлінген грантқа талапкер табылмады. Иә, біз неге осындаймыз…

Екіншіден, шетелдік университеттердің айдағаны бес ешкі, бірақ біздің елде ысқырықтары жер жерады. Елге жаман болса да шетелде оқыды деген атақ керек, тіпті Омскі мен Томскі немесе Қытайдың қиыр шетіндегі әлем түгіл өздері білмейтін университетінің білімі бізден озып тұрғаны шамалы, бірақ, балам шетелде оқыды дейтін мақтан керек. Шетелде білім алдым дейтін сасық көкірек керек. Сол университеттердің білімінен гөрі ауылда тұрған колледж артық екенін ескермейміз, иә, атам қазақ ауылдастың аузы сасық, – деп меңзеп кетпеп пе еді…

Дәл осы жерде біздің «болашақпен» келгендердің әсері басым, бүгінде олар, қарапайым емес, шенді, шекпенді. Бірақ, олар оқып келгендей әлемнің озық университеті болса бір сәрі, сайда саны, құмда ізі жоқ, аты бар заты жоқ университеттер еліміздің дәл осы кемшілігін жақсы біліп алған. Келеді, мектептерді емін-еркін аралайды, жарнамасын жасайды, қажетті оқушысын артынан ертеді де кетеді. Қайтып оралары неғайбыл!

Үшіншіден, ғаламдық алпауыттардың тағы сол әлемдік саясаттары! Қажетті дарынды еңбек күштерін өзіне тарту, тегін оқытып, дайын асқа тік қасық болу. Былайша айтқанда екі жеп биге шығу, өзінің үстемдігін молайта түсу. Басқасын айтпағанда, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Шахия тіпті, берідегі Белорыстар да тілімізді үйрен де тегін оқы деп желеулетіп жүр. Жылда он мыңдап бала Ресей, бес мыңдап бала Қытай асса, сол шамадағы бала кәрі құрлыққа аттанатынын санды мәліметтерді зерделеген адамға қиын емес…

Өз баласына грант бермейтін Қытай неге қазақ баласына құмар, әрине, орталық азиядағы, тілдік, ділдік, экономикалық үстемдігін дамыту үшін, өз майын өзіне қуырудың ең тамаша жолы… Ал Ресей үшін Қазақстандағы орыс тілінің мемлекеттік тілге біртіндеп орын босатып бара жатқаны ұнамайды, сол үшінде тілдік үстемдікке, байырғы күшін сақтауға бірден-бір жол қазақ жастарын өз еліне, өз тілінде оқыту. Оған, Ресейдің Қазақстанның солтүстік бөлімінен гөрі оңтүстіктен шәкіртті көбірек іздейтіні дәлел болса керек.

Төртіншіден, университеттегі білім сапасы… Әрине, бәрі сапасыз емес, бірақ…

Бірде мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шыққанда мамандық таңдау туралы көп сұрақ туындады, бірде, машинада келе жатсам, радиода елге танымал бір ағамыз: «Біздің жастар экономика мен заң саласын таңдай береді», – деп ұрып отыр. Иә, олар сол саланы таңдайды, ол шындық, бірақ мектеп бітіруші түлектерде бұдан басқа таңдау жоқ, амалсыз…

Неге? Неге олар тек осы саланы грант саны аз екенін, оқуға түсу мүмкіндігі аз екенін біле тұра таңдайды, – деп ойланып зерттеп көрген адам бар ма?

Себеп, бізде мектепте гуманитарлық және жаратылыстық білімнің берілуінің сапасының әртүрлілігінде. Орта білім 10-11 сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық сынып және матаматика-жаратылыстану бағыты болып екі топқа бөлінеді. Гуманитарлық сыныптарда физика, химия, биология пәндері аптасына 1 сағат. Ал аптасына бір сағатпен бұл салаларға ішінара болмаса баруы мүмкін емес. Ал математика-жаратылыстану бағытының балалары ше? Иә, ол жерде физика, химия, биология пәндерінің сағат саны жақсы, бірақ сапасы ше? Сапасы жоққа тән деп айтпасқа шара жоқ. Неге?

Себеп, бірінші Назарбаев зияткерлік мектептері, қазақ-түрік лицейлері және үлкен қалалардағы аз санды мектептері болмаса, елдегі мектептердің 80%-да зертхана жоқ, барының көбі «мұражай мүліктері». Оқушы ары кетсе толық емес мүмкіндіктермен жылына бір немесе екі рет қана жұмыс жасайды. Ал тәжірибе көрмеген баладан сапа күтеміз бе? Қызығушылық күтеміз бе? Екіншіден, елімізде ең тапшы мұғалімдер де осы математика-жаратылыстану бағыты. Ауылдарда химия, физика, биологияны сағаты толмаған басқа мұғалімдер береді. Енді, ол кісілерден сапа сұрап көріңіз… Сапасыз, толымсыз берілген білімнің саласына баруға қай бала беттесін, мұндай жағдайдағы білімге кім қызықсын?…

Жаратылыстық зертханаларымыз университеттерде де бар мен жоқтың ортасы. Ондай мүмкіндікпен есі дұрыс маман шықпайтынын есті қауым біледі, білген соң алыстайды…

Гуманитарлық салаға келсек, шенеунік болғысы келетін қауым көп, ал, шенеунік болу үшін шеттен оқу парыз секілді болып кетті бұл күнде.

Бесіншіден, отандық университеттерінің оқу ақысының қымбаттығы. Қарапайым бір ғана мысал, Еуразия ұлттық университетінде екі шет тілі деген мамандықты оқу үшін жылына 850-900 мыңды университетке төлейсіз, бірақ жатақханадан орын жоқ, пәтер жалдап оқитыныңызды ескерсеңіз бұл қаражаттың көлемі жылына 1 миллион 200 мыңнан асып жығылады. Бұл ақшамен біраз шетелдік университетте 4 жылды толық тәмәмдауға болады. Осыдан кейін, ақылы өзімізде оқы, өз қаржың елде қалсын деп айту, жалған патриоттық болатыны анық.

Елдегі университеттер неге қымбат, себебі оларға ақылы бөлім студентінен мемлекеттік гранттың баласын оқытқан біріншіден жеңіл, екіншіден, ақшасы мол. Ал, ақылы бөлімде бала оқыту проблемасы ауыр. «Оқысаң осыны шыдап төлеп оқы, оқымасаң сенсіз де мұртымызды балта шаппайды» деген қиял басым… Қиял емес, шындығы сол, бізде мемлекет жеке банкті асырайды, оның қасында университетті асырағаны дұрыс қой дейсің кейде…

Сол себептен де шығар университет дарынды балаларды іздеп жүгірмейді, шетелде әлемдік пәндік олимпиадаларда жүлдегер атанып, мойнына алтын, күміс медаль асынып жатқан дарынды балаларға іздеп жүріп грант беріп жүрген отандық университетті әлі көрмедім. Тіпті өзімізде халықаралық физика, химия олимпиадалары әлденеше мәрте өтті, соларға келіп, марпаттауына қатысып, грант сыйлап жүрген елдің университетін осы бағытта жұмыс істегелі он жылға жуықтаса да әлі көрмедім. Ал, Ресейдің университеті елдің ең үздік мектептерін торуылдап жүреді, тіпті, қай жерде әлемдік білім додасы болса сонда, өз жарнамасын жасап үлгереді. Ал біздікілерге дарынды бала керегі жоқ… себебін, жоғарыда айттық…

Міне осыдан кейін, елімізде мектеп бітіріп жатқан басқасын айтпағанда дарынды балаларға арналған деген статусы бар 150-ге жуық мектептің бір жылғы бітіруші түлегінің тең жартысы, шетел асатынын ескерсек, елге адам керек емес пе, елге дарын дәрі емес пе, – деп қынжыласың…

Бағанадан біразыңыз, шетелге барып білім алса не болыпты, – деп отырған боларсыздар, иә, олардың мақсаты тек білім беру, біздің балалардың қарым-қабілетін арттыру болса мейлі ғой… Бірақ, сол кеткеннен мол кететінін қаншамыз ойладық… Елдің жан санын өсіреміз деп сырттан шақырып жүргенде ішімізден, басқа емес интеллектуал буынымыз сыртқа шашылып жатқанын ескермейтініміз өкінішті, әрине…

Педегогикада бала ақ парақ, оған не жазсаң соны оқисың, – дейтінін білетін шығармыз… Онда сол ақ параққа өзгелер жазу жазып, қалағанын оқып жүргені ойландырса керек…

Аятжан АХМЕТЖАН. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры.

“Астана ақшамы” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА