07.11.2024

Өнер додасына физика-математика мектебінің талантты оқушысы қатысып, бәйгенің алдында келді

Киевте балалар арасындағы Еуровидения академиясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық «Поколение Junior» телевизиялық байқауында 12 жастағы алматылық Камилә Жүсіпова Гран-при иеленді.

Өнер додасына физика-математика мектебінің талантты оқушысы қатысып, бәйгенің алдында келді. Ол 7 жасынан ән айтумен айналысады. Бұған дейін 7 республикалық, халықаралық байқауда топ жарып үлгерген. Украинада өткен байқауда Камилә бір апта бойы бәсекелестерімен бас жүлде үшін таласты. 7 мемлекеттен келген 11 үміткердің ішінде озық шығып, жарыстың мәресінен көрінді. Ұстазы Ләйла Болаттың айтуынша, ең мықты бәсекелес Израильден келген жас өнерпаз болыпты. Олар бас бәйгені ешкімге бермейтінін де ашық жариялаған. Сәтін салғанда, отандасымыз азулы әншінің алдын орап, өзінің мықтылығын дәлелдей білген.

Никитин бастаған қазылар алқасы бірауыздан Камиләнің өнерін жоғары бағалапты. «Океан Эльзы» тобының «Не твоя война» әні мүлтіксіз орындалып, көпшіліктің қошеметіне ие болған. Камилә өзіне украин тіліндегі әндерден бөлек, ұлттық мұраларымыз бен қазіргі таңдағы танымал әндер мен билердің ұнайтынын айтады. Сонымен қатар, джаз жанры да көңіліне жақын. Гитара аспабында ойнап, өзі де ән шығарып, музыка жазатын қабілетке ие. Енді жеңімпаз ретінде Сан-Ремода өтетін байқаудың ақтық мәресінде бақ сынау мәртебесіне ие болып отыр. Бұйыртса, Камилә Италияда да жарқырап көзге түсетін күн алыс емес.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
“Айқын” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА