22.11.2024

Елімізде 11 мың мұғалімнің жалақысы өспейтін болды

Елімізде 11 мың мұғалім аттестациядан өте алмаған. Өйткені жаңа форматтағы тестілеуге 51 мыңнан астам ұстаз қатысқан еді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша, биыл елімізде 221 мың мұғалім дайындалған екен. Бұл – педагогтардың 78 пайызы.

Вице-министр Эльмира Суханбер­диева: «Биыл 110 мыңнан астам педагог рес­публикалық бюджет есебінен білікті­лікті арттыру курстарынан өтуде. Соның ішінде 8 мыңнан астам мұғалім жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда білім алып жатыр. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріскен. «Ұстаз» орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын 4,5 мыңнан астам мұға­лімге қолдау көрсетіп жатыр» дейді.

Мұғалімдер арасында аттестациядан өту мәселесі жыл сайын қозғалады. Жыл сайын сынаққа қатысады. Сынақтан өтпей қалып, келесі жылға қалатын педа­гогтер де же­терлік. Бұл аттестация мұға­лім­ге не бе­ре­ді? Аттестация педагогтің сынақ алаңы ма?

Астана қаласындағы №65 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Закира Ералиева «Аттестация біліктілікті көте­ре­ді» дейді. «Өз пәнін толық меңгерген пе­дагогқа сынақтан өту аса қиындық ту­дыр­мауы тиіс» деген пікірді алға тартады ол.

«Сынақтан өту педагог ретінде шеберлік деңгейін білу үшін керек. Әр мұғалімнің деңгейіне байланысты еңбекақы тағайын­далады. Сол себепті де, ұстазға тестілеуден өту қажет. Осы тұрғы­дан келгенде, Білім және ғылым министр­лігінің бұл шешімі орынды. Ал тестілеуден сүрінген мұға­лімдерге келер болсақ, олар­дың әрқайсысы өз пәні бойынша сынаққа қатысып отыр. Оларды сүріндірген сабақ­тар білім беру әдістемесі болуы мүмкін. Бұл – олар негізгі пәннен біліктілігі төмен деген сөз емес. Сондықтан мұғалімдерге сынақтан өтпей қалды деп, шет қағуға болмайды. Оларға тағы бір рет мүмкіндік берілуі тиіс. Онсыз да азғантай жалақымен еңбек етіп жүрген мұғалімді «тестілеуден өтпедің» деп тағы бір тұқыртсақ, не бо­ла­ды? Аттеста­циядан өткен мұғалімдердің жалақысына келесі жылдан бастап, 30 не 50 пайыз қосы­лады деген сөз бар. Сол үшін де сынақтан өту мұғалімдер үшін аса қажет болып тұр. Тестілеудің тиімді де тұсы бар: ол біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. «Мұғалімдік дип­ломым бар» деп сеніп жүре беруге бол­май­ды. Жыл сайын педагог та өз кәсібін же­­тілдіріп отыруы тиіс» дейді Закира Ералиева.

Кей мұғалімдер аттестация катего­рияны көтеру үшін ғана қажет деген пі­кірде. Онсыз да қағазбасты педагогтер үшін қағаздың санын тағы бір данаға арттырғаны болмаса, пайдасы жоқ дегенді алға тартады. «Мұғалім мәртебесі» Қоғам­дық бірлесті­гі­нің төрағасы Мейіржан Темір­бек: «Аттеста­цияның екі түрі бар. Бірі – кезекті аттес­тация. Одан бес жылда бір рет өтуі тиіс. Екіншісі – кезектен тыс. Егер мұғалімнің жетістіктері көп болса, екі-үш жылда кезектен тыс аттестациядан өтуге мүмкіндігі бар. Оның да өз қиындығы бар. Келіспейтін тұсымыз – бірінші тестілеуден өтесіз. Қазір тестілеуден өтудің жолын жеңілдетті. Қазір елу пайыз жина­саңыз, сынақтан өтуі­ңізге болады. Екінші бір тұсы – тесті­леуден өткеннен кейін қағаз жинайсыз. Портфолио, оқушының жетістігі және тағы басқа толған қағаздарды реттеуіңіз керек. Бұл тестілеуге қатысудан да қиын шаруа яғни не тесті­леуден құлай­мыз, болмаса сынақтан өтіп келсек, портфо­лиоңыз жарамай қалуы мүмкін. Осы жолы аттестациядан сүрінгендердің көпшілігі портфолиодан өте алмаған. Тестілеуден жақ­сы өткенімен, қағазы толық емес. Мұ­­ға­лім – ақпарат тасымал­даушы емес. Ол –­ оқытушы. Осының мәнін ұға алмай келе жатырмыз. Не тестілеу өткі­зілуі керек, не портфолио болсын. Екінің бірі. Қазір екі жұмысты қатар атқарып отыр­­мыз. Ал аттестация категорияны арт­тыруға керек. Категория биіктеген сайын жа­ла­қың да көбейеді. Кейбіреулер «білік­тілік тестілеумен өлшенеді» деп айтады. Шын мәнінде, мұғалімнің сынақ тап­сыруға дайындалатын уақыты да жоқ. Екін­шіден, қазір мұғалімнің деңгейі жетістігімен баға­ланады. Мәселен, құрмет грамотасы, әртүр­лі медальдарыңыз көп болса, сынақ тапсы­руға қатыса аласыз. Оған респуб­ликалық журналдарда жарық көретін мақалаларыңызды қосыңыз. Ал қазір мақтау қағаздардың өзін «сатып алу» көбейді яғни, ол да бизнестің бір түріне айналды. Сол арқылы «жетістігің» артады. Сынақтан өтпей қалған жағдайда, тағы бір тестілеуге қатысы бар. Егер мүлдем тапсы­ра алмаса, катего­риясынан айырылады. Шынымды айтсам, осы квалификацияны көтеру қажет пе, жоқ па деген ой туады кейде. Ол үшін біліктілікті арттыру аса маңызды емес», – дейді.

Осыған дейін де аттестация жөнінде «Бір күн – әуре, бір күн – дау» деп, газеті­міздің бетінде мәселе көтерген едік. Содан бері де сынақтан өту, жаңартылған білім жүйесі бойынша тестілеу бағдарламасы біршама жақсарған еді. Алайда мұғалім­дердің біліктілігін арттыру үшін сынақтан өткені дұрыс па, жоқ па деген сауал күн тәртібінен түспей тұр. Бұл мәселеде ұстаздардың да пікірі екіге жарылған: бірі – қарсы, екіншісі құптайды. Демек, таразының басы тең емес.

Тестілеу 100 сұрақтан тұрады. Оның 70 па­йызы оқытушының пәніне қатысты, қал­ған 30 пайызы білім беру әдістемелері мен заң­ға негізделген. Мұғалімді сүріндіріп жат­қан жеке пәні ме, әлде білім беру әдістемесі ме? Наурыз айында Үкімет отырысына келген бас мұғалім Ерлан Сағадиев: «Ең жоғары деңгейге жету үшін сұрақтың тоқ­сан пайызына, педагог-зерттеуші – сексен пайызына, педагог-сарапшы – жетпіс па­йы­зына, педагог-модератор алпыс пайы­зына жауап беруі керек», – деген еді. Биылғы тестілеу жаңа форматта өтті. Одан әрбір педагог хабардар. Оның үстіне, мұғалімдер тестілеуден елу пайыз жинаса, сынақтан өтуге мүмкіндігі бар екенін жоққа шығарып отырған жоқ. Сонда 11 мың мұғалім неден, неге сүрінді?

Ұстаздарды алаңдататын дүние – сы­нақ­тан сүрінгендер не істейді? Бірінші жолы құлады делік, екінші рет оның қайта тап­сы­руға мүмкіндігі бар. Ал сынақтан мүлдем өте алмаса ше? Онда тағдыры не болмақ?

UIB университетінің президенті Дар­хан Ахмед Заки «Мұғалім де ҰБТ тапсыруы тиіс» деген еді. «Сонда мұғалімнің деңгейі анық­талады» деген пікірді алға тартқан. Мұ­­ғалімнің квалификациясын арттыру үшін тестілеу қажет делік. Одан бөлек, білік­тілігін арттырған педагог үстемақы алады. Біліктілігің төмен болса, жалақың да өспейді.

Мұның тиімді де тұсы бар. Білікті ма­мандарды іріктеп алуға мүмкіндік туады. Ал келеңсіз тұсы – мұғалім тестілеуге да­йындала ма, сабақ бере ме? Онсыз да қағаз­басты­лықтан шаршаған мұғалім көп. «Осылай әуре-сарсаңға саламыз деп, білікті кадр, білімді мамандардан айы­рылып қалмаймыз ба?» деген қауіп басым. Ал сынақтан сүрінген 11 мың мұғалім­нің қамын кім ойлайды?

Гүлзина БЕКТАС

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Мен 30 бойы ұстаздық қызмет жасап келемін. Жоғарғы санатты математика пәні мұғалімімін. 10 жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым.. 2008 жылы жанұямызда қайғылы оқиға болып, 18 жасар музыкант ұлымыз аяқ астынан қайтыс болды. Әйелім де өзім де қатты күйзеліске ұшырадық. Алланың қалауымен дүниеге 2011 жылы Айеркем деген қызымыз келіп есімізді жидық. Қазір қызымыз 9 жаста. Қазір жасым 57 -де, аттестациядан екі рет тест тапсырып қажетті балды жинай алмай өтпей қалдым. Күн ұзаққа қашықтықтан сабақ өткізу үшін көмпьютер алдында, одан соң оқушылармен кері байланыс жасап, тағы шұқшиып түнгі сағат 3-ке дейін отырасың. Тіпті өз қызымыздың сабағын қадағала алмай қаламыз.Әйелімде мұғалім, Осындай жағдаймен тест тапсыруға бардым. Шындығы керек, жастар сияқты мен шпор да қолдана алмадым. Оның үстіне компьютер алдында өтырып көзімде ауырып көрмей қойды. Есеп шығарып отыруға уақытымда жетпей қалды. Содан соң, “тисе терекке,, тимесе бұтаққа” дегендей белгілей салдым. Нәтижесінде қажетті балл жинай алмадым. Былай қарасам, өз пәнімді түк білмейтін біреу болып қалдым. Егер өте алмасаңыз, жоғарғы санаттан түсесіз деген. Сонда күні кеше келген жастардан төмен айлық алып жүргенше, ұстаздық жолмен қош айтысам ба деген ой келіп отыр. Бұндай жағдай тек жалғыз менің ғана басымда емес шығар деп ойлаймын. Сіздер қалай ойлайсыздар, құрметті ұстаздар!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА