22.11.2024

Білім мен ғылымды бөлетін уақыт келген жоқ па?

Мемлекеттік қызмет са­ла­­сында әкімшілік рефор­малардың жиі жүр­гізілуі Қазақстан үшін таң­сық емес. Талай министр­лік бі­рікті, бөлінді, қайта қо­сылды, тарап кетті. Әрбі­рінің өз себебі де болды.

Ал кейде білетіндер кезек­ті өзгерісті лобби қақты­ғы­сының нәтижесі деп те бағалап жатты. Алай­да қазір Білім және ғы­лым министрлігін ортадан қақ бөліп, еншілерін бөлек шыға­рып, қос мекеме қылатын кез кел­гендей. Бұл ешкімнің ерке­лігі, қалауы емес, уақыт талабы сияқты.

Егер ел тарихына қарайтын болсақ, аталған сала 90-жылдары бөлек жұмыс істеген. Ғы­лым және жаңа технология ми­нистрлігі мен Білім министрлігі болған. Кейін уақыт өте келе қос мекеме бірігіп, бір бүтін болады. Жалпы, логикаға салсақ та, білім басқарған адамның ғылымды да игеруге қауқары жетеді әрі олар бір шатырдың аясында өзара қабыса қызмет етуі керек. Бұл тұжырым 2010 жылдарға дейін өзін-өзі ақтаған сияқты. Алайда қазір ғылыми жобалардың, технологиялық жаңалықтардың миллиардтаған қаражат әкелетін үлкен нарыққа айналғанын әрі ғылым өзге елдерде экономиканың негізіне айналып бара жатқанын ескерсек, онда ғылым, технология, инновация еншісін бөлек алуы тиіс сияқты.

Әлемнің біраз елінде бұл қос саланы бөліп тастағанына бі­раз уақыттың жүзі болды. Тіп­­ті, Ресейдің өзі былтыр Ағар­­ту­шылық министрлігі және Ғы­лым мен жоғары білім ми­нистр­лігі етіп, екі мекемені қайта құрды. Францияда Ұлттық білім және жастар ми­нис­тр­лігі бар, бұдан бөлек Жо­­ғары білім, зерттеу және ин­­новация министрлігі жұмыс іс­тейді. Ис­па­нияда бұл сала­ны екіге бөл­ген: Білім және кә­сіптік оқыту минис­трлігі мен Ғылым, инновация және уни­вер­ситеттер министрлігі бар.

Біздің Үкіметтің құрамында қос саланы біріктірген минис­трлік аз емес. Оларды бөліп- қос­­қаннан өзгеретін дүние де шамалы. Айталық, Мәдениет пен спорт немесе Ішкі істер және төтенше жағдайлар. Бірақ білім мен ғылым бүгінде екі ұғым, екі сала, екі нарық. Неге? Себе­бі білім қазір тек баланың сауа­тын ашатын құндылық деген ұғым­нан өсіп, қанатын кең жайды.

Ұрпақтың сапалы білім алуы олардың денсаулығына, келе­шектегі табыс көлеміне, елдегі қылмыстың деңгейіне және басқа да маңызды салаларға тікелей ықпал ететіні дәлелденіп жатыр. Сол үшін сарапшылар орта білім беру саласында фин, сингапур моделін бас­шы­лыққа алуға кеңес береді.  Оның себептері де жоқ емес. Мә­селен, 2015 жылы жүр­гізілген 15 жасар оқушылардың қабілетін баға­лайтын халықаралық PISA тестінде Син­гапур 72 елдің арасында топ жарған. Ал дәл осы ел БҰҰ-ның 2017 жылғы Адам дамуының әлемдік индексінде 9-орынға жайғасқан. Яғни, елдің орта бі­лім беру жүйесі үздік болса, ол мемлекет дамиды деген қорытындыға келуге бола­тын сияқты.

Ал ғылым ше? Оның дамуы эконо­микаға қалай әсер етеді? Бәрі салыстырмалы, сол үшін тағы да рейтингтерге жү­гінуге тура келеді. Жыл сайын әлем елде­рінің инновациялық қабілеттерін өл­шейтін Global Innovation Index рейтингісі даярланады. 2011 жылдан бері бірінші орынды Швейцария ешкімге берген емес. Ал биыл Қазақстан бұл тізімде 79 орында. Альпі баурайындағы елдің тек ин­новациялық зерттеулерге бөлетін қара­жаты ғаламат, 2017 жылы 22,6 млрд доллар­ға жеткен және ол жыл сайын өсіп келеді. Бұл – елдің ІЖӨ-нің 3,4 пайызы. Ал Қа­зақстан зерттеулерге емес, жалпы ғы­лым­ға өзінің ІЖӨ-нің 0,12 пайызын бөледі.

Иә, бұл елдермен Қазақстанды салыстыру оңай емес. Үкімет әлі де болса көптеген саланың қар­жыландыру ауыртпалығын өз мой­­нына алып отыр. Басқаша айт­са, ғылымды қаржыландыру жүйесі кеңестік әдіспен жұмыс істеп тұр. Талай ғылыми инсти­тут Үкіметтің тапсырысын орын­дайды, ал ол жобалардың эко­номикаға қаншалықты пайда әкелетіні туралы зерттелген есеп жоқ. Сол себепті ғылыми қыз­­меткерлер атақ-дәрежесіне қара­май, 120-140 мың теңгенің айналасында жалақы алады. Неге? Себебі біз ғылымды қар­жы­ландырудың батыстық мо­деліне әлі толық өте алмадық. Ком­паниялар, корпорациялар ғы­лымға қаражат бөлуге даяр емес.

Егер білім және ғылым екі салаға бөлініп, екі мекеме атанса, онда екі тараптың да көсегесі сәл көгерер ме еді?! Әрине ғылымға бөлінетін қаражат көбеймей, жемқорлыққа жол беретін жүйесі өзгермей, жеке министрліктің ғылымға берері шамалы деп қарсы шығатындар да табылар. Ол пікірдің де жаны бар. Алайда, отандық ғылымның да трагедиясы әлі де сол бюджетке үміттенуде емес пе? Ғылым бизнестің тапсырмасын орындап, өз патенттерін өндіріске енгізіп, жеке дара нарыққа, индустрияға айналмай, қазіргі халі өзгере қоймас.  Алысқа бармай, бәріне мәлім touch screen технология­сын алайық. Яғни, ақпаратты енгізуге мүмкіндік беретін сенсорлы экран. Ол 1960 жылдары ғылыми идея ретінде пайда болды. Аталған технологияны бизнесте – смартфондарда  кеңінен қолданған Apple компаниясы (iphone). Бұл компания жыл сайын 200 млн-нан аса iphone смартфондарын сатады. Пайдасын есептей беріңіз.

Ғылыми патенттер мил­лион­­­даған доллар пайда әкел­генде, компаниялар тың ғылыми жаңалықтардың көбірек ашылуына өздері мүдделі болады және оларды қаржыландырады. Осы бір қарапайым қағида Англиядағы алғашқы өнді­ріс­тік революциядан бері ірі нарықтарға негіз болды. Алайда, біздің елде ол әлі толық кү­шіне енген жоқ. Оның да өз се­бебі бар. Отандық бақуатты компаниялардың көпшілігі әлі шикізат, кен байлықтарын қа­зып, шетелге экспорттаумен шек­теледі. Сол себепті де олар кейбір қазба жұмыстарындағы қиыншылықтарды есептемегенде, ғылыми жобаларға қаражат бөлуге мүдделі емес.

Білім мен ғылым саласын іргесі бөлек екі мекеме етудің тағы бір себебі – бүгінге дейін Білім және ғылым министрі қызметін атқарған азаматтардың басым көпшілігі кітаптағы қа­телік, мұғалімнің жалақысы, үш тұғырлы тіл мәселесімен күресіп, қолы ғылымға жете бермейтін. Ғылым саласында 2011 жылы арнайы заң қабылдап, біраз өзгеріс әкелген министр Бақытжан Жұмағұлов болатын. Бұл аргументтің де өз себебі бар. Бүгінге дейінгі көптеген министрлер бұрынғы педагогтар еді. Ал Б.Жұмағұлов ғылым саласының өкілі болды. Педагог-министрлердің бұл салаға өзге­ріс әкелмеуінің себебінен болар, ғылымға қарастырылған бюджет қаражатының кімге, қалай, не үшін бөлініп, қайда жұмсалатыны түсініксіздеу еді. Ол туралы ғалымдар бірлі-жарлы айтып жүретін, ал биыл жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық ғылыми кеңестің 1 миллиард тең­геден аса қаражатты заң­бұзу­шылықтармен бөліп жібер­генін анықтады.

Жоғарыда сөз болған қос са­ла­ның іргесін ажыратуға та­­ғы бір себеп – жоғары оқу орындарына қажет реформа. Иә, енді ректорларды конкурс арқылы таңдау, ЖОО-ға академиялық еркіндік беру мә­селесі қолға алына бастады. Алайда, отандық университеттерде жас мамандарды даярлау сапа­сына көпшіліктің көңілі толмайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, ЖОО түлектерінің 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Ал сол оқу ошақтарынан тек 2017 жылы 82 мың адам түлеп ұшты. Сапасыз жас маман экономика мен Үкімет үшін бас ауру. Неге? Себебі ертең жұ­мыс берушінің талабына сай кел­мейді, содан жұмыссыздар армиясын толықтырады, нан табу үшін қолына ілінген қыз­метке келісе береді. Бұдан соң сөз жоқ, кәсіби маман атану, халықаралық сертификаттарға ие болып, талап­қа сай болу, жоғары жалақы алу туралы сөз қозғау мүмкін емес.

Білім мен ғылым саласын кейбір Еуропа елдерінің үлгі­сімен екіге бөлуге болады. Ай­талық, Білім министрлігіне ба­лабақшалар, мектептер мен кол­­ледждер қарасты болады. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым, универси­теттер, инновация саласын ба­қылауына алады. Әрине бұл жерде инновация саласының не себепті Цифрлық даму, ин­нова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігіне бе­рілгені де түсі­нік­сіз. Өйткені ғылымсыз иннова­ция қайдан шықпақ?

2018 жылы Ресей ғарышқа 20 зымыран ұшырды. Ал Илон Масктың SpaceX компаниясы 21 зымыран ұшырған. Оның біреуі 64 тонна жүк көтере алатын Falcon Heavy зымыраны. Жеке компания ең күрделі саналатын ғарышқа жүк жеткізу саласында тәжірибесі мол ірі мемлекетті басып озды. Оның басы-қасында жеке кәсіпкер жүр. CNBC бұл компания былтыр 2 млрд доллар пайда тапқанын жазады. Әлемде ғылымның миллиардтаған айналымы бар үлкен бизнес нарыққа айналғанын дәлелдейтін фактілер жетерлік. Ендеше Қазақстанға да шикізатқа үміттенуін, мұнай бағамын үнемі бақылауын до­ғарып, ғылымға негізделген эко­номиканы дамытатын кез кел­ген жоқ па? Әйтпесе, сонау 2007 жылы өз Жолдауында Н.Назарбаев «парасатты экономиканы» қолға алуды ұсынған жоқ па? Содан бері бақандай 12 жыл өтті. Әзірге парасаттанған экономиканың орнына Brent  мұнайының құнына тым әсершіл нарығымызды көріп отырмыз.

 

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА