Мемлекеттік қызмет саласында әкімшілік реформалардың жиі жүргізілуі Қазақстан үшін таңсық емес. Талай министрлік бірікті, бөлінді, қайта қосылды, тарап кетті. Әрбірінің өз себебі де болды.
Ал кейде білетіндер кезекті өзгерісті лобби қақтығысының нәтижесі деп те бағалап жатты. Алайда қазір Білім және ғылым министрлігін ортадан қақ бөліп, еншілерін бөлек шығарып, қос мекеме қылатын кез келгендей. Бұл ешкімнің еркелігі, қалауы емес, уақыт талабы сияқты.
Егер ел тарихына қарайтын болсақ, аталған сала 90-жылдары бөлек жұмыс істеген. Ғылым және жаңа технология министрлігі мен Білім министрлігі болған. Кейін уақыт өте келе қос мекеме бірігіп, бір бүтін болады. Жалпы, логикаға салсақ та, білім басқарған адамның ғылымды да игеруге қауқары жетеді әрі олар бір шатырдың аясында өзара қабыса қызмет етуі керек. Бұл тұжырым 2010 жылдарға дейін өзін-өзі ақтаған сияқты. Алайда қазір ғылыми жобалардың, технологиялық жаңалықтардың миллиардтаған қаражат әкелетін үлкен нарыққа айналғанын әрі ғылым өзге елдерде экономиканың негізіне айналып бара жатқанын ескерсек, онда ғылым, технология, инновация еншісін бөлек алуы тиіс сияқты.
Әлемнің біраз елінде бұл қос саланы бөліп тастағанына біраз уақыттың жүзі болды. Тіпті, Ресейдің өзі былтыр Ағартушылық министрлігі және Ғылым мен жоғары білім министрлігі етіп, екі мекемені қайта құрды. Францияда Ұлттық білім және жастар министрлігі бар, бұдан бөлек Жоғары білім, зерттеу және инновация министрлігі жұмыс істейді. Испанияда бұл саланы екіге бөлген: Білім және кәсіптік оқыту министрлігі мен Ғылым, инновация және университеттер министрлігі бар.
Біздің Үкіметтің құрамында қос саланы біріктірген министрлік аз емес. Оларды бөліп- қосқаннан өзгеретін дүние де шамалы. Айталық, Мәдениет пен спорт немесе Ішкі істер және төтенше жағдайлар. Бірақ білім мен ғылым бүгінде екі ұғым, екі сала, екі нарық. Неге? Себебі білім қазір тек баланың сауатын ашатын құндылық деген ұғымнан өсіп, қанатын кең жайды.
Ұрпақтың сапалы білім алуы олардың денсаулығына, келешектегі табыс көлеміне, елдегі қылмыстың деңгейіне және басқа да маңызды салаларға тікелей ықпал ететіні дәлелденіп жатыр. Сол үшін сарапшылар орта білім беру саласында фин, сингапур моделін басшылыққа алуға кеңес береді. Оның себептері де жоқ емес. Мәселен, 2015 жылы жүргізілген 15 жасар оқушылардың қабілетін бағалайтын халықаралық PISA тестінде Сингапур 72 елдің арасында топ жарған. Ал дәл осы ел БҰҰ-ның 2017 жылғы Адам дамуының әлемдік индексінде 9-орынға жайғасқан. Яғни, елдің орта білім беру жүйесі үздік болса, ол мемлекет дамиды деген қорытындыға келуге болатын сияқты.
Ал ғылым ше? Оның дамуы экономикаға қалай әсер етеді? Бәрі салыстырмалы, сол үшін тағы да рейтингтерге жүгінуге тура келеді. Жыл сайын әлем елдерінің инновациялық қабілеттерін өлшейтін Global Innovation Index рейтингісі даярланады. 2011 жылдан бері бірінші орынды Швейцария ешкімге берген емес. Ал биыл Қазақстан бұл тізімде 79 орында. Альпі баурайындағы елдің тек инновациялық зерттеулерге бөлетін қаражаты ғаламат, 2017 жылы 22,6 млрд долларға жеткен және ол жыл сайын өсіп келеді. Бұл – елдің ІЖӨ-нің 3,4 пайызы. Ал Қазақстан зерттеулерге емес, жалпы ғылымға өзінің ІЖӨ-нің 0,12 пайызын бөледі.
Иә, бұл елдермен Қазақстанды салыстыру оңай емес. Үкімет әлі де болса көптеген саланың қаржыландыру ауыртпалығын өз мойнына алып отыр. Басқаша айтса, ғылымды қаржыландыру жүйесі кеңестік әдіспен жұмыс істеп тұр. Талай ғылыми институт Үкіметтің тапсырысын орындайды, ал ол жобалардың экономикаға қаншалықты пайда әкелетіні туралы зерттелген есеп жоқ. Сол себепті ғылыми қызметкерлер атақ-дәрежесіне қарамай, 120-140 мың теңгенің айналасында жалақы алады. Неге? Себебі біз ғылымды қаржыландырудың батыстық моделіне әлі толық өте алмадық. Компаниялар, корпорациялар ғылымға қаражат бөлуге даяр емес.
Егер білім және ғылым екі салаға бөлініп, екі мекеме атанса, онда екі тараптың да көсегесі сәл көгерер ме еді?! Әрине ғылымға бөлінетін қаражат көбеймей, жемқорлыққа жол беретін жүйесі өзгермей, жеке министрліктің ғылымға берері шамалы деп қарсы шығатындар да табылар. Ол пікірдің де жаны бар. Алайда, отандық ғылымның да трагедиясы әлі де сол бюджетке үміттенуде емес пе? Ғылым бизнестің тапсырмасын орындап, өз патенттерін өндіріске енгізіп, жеке дара нарыққа, индустрияға айналмай, қазіргі халі өзгере қоймас. Алысқа бармай, бәріне мәлім touch screen технологиясын алайық. Яғни, ақпаратты енгізуге мүмкіндік беретін сенсорлы экран. Ол 1960 жылдары ғылыми идея ретінде пайда болды. Аталған технологияны бизнесте – смартфондарда кеңінен қолданған Apple компаниясы (iphone). Бұл компания жыл сайын 200 млн-нан аса iphone смартфондарын сатады. Пайдасын есептей беріңіз.
Ғылыми патенттер миллиондаған доллар пайда әкелгенде, компаниялар тың ғылыми жаңалықтардың көбірек ашылуына өздері мүдделі болады және оларды қаржыландырады. Осы бір қарапайым қағида Англиядағы алғашқы өндірістік революциядан бері ірі нарықтарға негіз болды. Алайда, біздің елде ол әлі толық күшіне енген жоқ. Оның да өз себебі бар. Отандық бақуатты компаниялардың көпшілігі әлі шикізат, кен байлықтарын қазып, шетелге экспорттаумен шектеледі. Сол себепті де олар кейбір қазба жұмыстарындағы қиыншылықтарды есептемегенде, ғылыми жобаларға қаражат бөлуге мүдделі емес.
Білім мен ғылым саласын іргесі бөлек екі мекеме етудің тағы бір себебі – бүгінге дейін Білім және ғылым министрі қызметін атқарған азаматтардың басым көпшілігі кітаптағы қателік, мұғалімнің жалақысы, үш тұғырлы тіл мәселесімен күресіп, қолы ғылымға жете бермейтін. Ғылым саласында 2011 жылы арнайы заң қабылдап, біраз өзгеріс әкелген министр Бақытжан Жұмағұлов болатын. Бұл аргументтің де өз себебі бар. Бүгінге дейінгі көптеген министрлер бұрынғы педагогтар еді. Ал Б.Жұмағұлов ғылым саласының өкілі болды. Педагог-министрлердің бұл салаға өзгеріс әкелмеуінің себебінен болар, ғылымға қарастырылған бюджет қаражатының кімге, қалай, не үшін бөлініп, қайда жұмсалатыны түсініксіздеу еді. Ол туралы ғалымдар бірлі-жарлы айтып жүретін, ал биыл жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық ғылыми кеңестің 1 миллиард теңгеден аса қаражатты заңбұзушылықтармен бөліп жібергенін анықтады.
Жоғарыда сөз болған қос саланың іргесін ажыратуға тағы бір себеп – жоғары оқу орындарына қажет реформа. Иә, енді ректорларды конкурс арқылы таңдау, ЖОО-ға академиялық еркіндік беру мәселесі қолға алына бастады. Алайда, отандық университеттерде жас мамандарды даярлау сапасына көпшіліктің көңілі толмайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, ЖОО түлектерінің 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Ал сол оқу ошақтарынан тек 2017 жылы 82 мың адам түлеп ұшты. Сапасыз жас маман экономика мен Үкімет үшін бас ауру. Неге? Себебі ертең жұмыс берушінің талабына сай келмейді, содан жұмыссыздар армиясын толықтырады, нан табу үшін қолына ілінген қызметке келісе береді. Бұдан соң сөз жоқ, кәсіби маман атану, халықаралық сертификаттарға ие болып, талапқа сай болу, жоғары жалақы алу туралы сөз қозғау мүмкін емес.
Білім мен ғылым саласын кейбір Еуропа елдерінің үлгісімен екіге бөлуге болады. Айталық, Білім министрлігіне балабақшалар, мектептер мен колледждер қарасты болады. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым, университеттер, инновация саласын бақылауына алады. Әрине бұл жерде инновация саласының не себепті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілгені де түсініксіз. Өйткені ғылымсыз инновация қайдан шықпақ?
2018 жылы Ресей ғарышқа 20 зымыран ұшырды. Ал Илон Масктың SpaceX компаниясы 21 зымыран ұшырған. Оның біреуі 64 тонна жүк көтере алатын Falcon Heavy зымыраны. Жеке компания ең күрделі саналатын ғарышқа жүк жеткізу саласында тәжірибесі мол ірі мемлекетті басып озды. Оның басы-қасында жеке кәсіпкер жүр. CNBC бұл компания былтыр 2 млрд доллар пайда тапқанын жазады. Әлемде ғылымның миллиардтаған айналымы бар үлкен бизнес нарыққа айналғанын дәлелдейтін фактілер жетерлік. Ендеше Қазақстанға да шикізатқа үміттенуін, мұнай бағамын үнемі бақылауын доғарып, ғылымға негізделген экономиканы дамытатын кез келген жоқ па? Әйтпесе, сонау 2007 жылы өз Жолдауында Н.Назарбаев «парасатты экономиканы» қолға алуды ұсынған жоқ па? Содан бері бақандай 12 жыл өтті. Әзірге парасаттанған экономиканың орнына Brent мұнайының құнына тым әсершіл нарығымызды көріп отырмыз.