Батыстағы оқушы балалар бір-бірінің қандай бағамен оқығанын білмеген күйі мектеп бітіреді. Мұғалім әркімге өз бағасын жеке хабарлап отырады. Өйткені әркімнің оқу үлгерімі жеке бас мәліметі болып саналады. Ал, ата-аналар жиналысында әр әке-шешемен мұғалімдер нақты уақыт белгілеп, 20-25 минут бөліп, бөлек кездеседі. Баласының үлгерімі мен мінез-құлқын жеке талқылайды. Көптің көзінше бірін көкке көтере мақтау, екіншісін жерге тығып ұялту жоқ. Ал, жалпы жиналысты ата-аналар комитеті өткізеді. Ол жерде жалпы ұйымдастыру мәселелері ғана талқыланады. Мұғалім баланың тәртібіне жауап бермейді, тек үлгеріміне жауапты. Тәртібі нашар болып, өзіне де, өзге балаларға да сәл зияны тие бастаса, ата-анасына ары кетсе үш ескерту беріледі. Одан ештеңе өзгермесе, ол оқушы мектепке кіргізілмейді. Және осы процестің бәрі – балаға, ата-анаға ескерту жасау, мектепке кіргізбеу өте сыпайы, тып-тыныш түрде өтеді. Ешбір мұғалім дауыс көтермейді, эмоцияға салынбайды, оқушыға мораль оқымайды. Киіміне қатысты да сын айтпайды. Өйткені, әр мектептің қалыптасқан киім немесе киіну үлгісі бар. Сол ережеге сай болса, мектепке кіреді, сай болмаса, есіктен қайтарылады.
Балалар сыныпта өзін еркін ұстайды. Дәретханаға сұранбай шыға береді. Кейбір мектептер оқушылардың сынып бөлмесі ішінде су ішіп, жеміс-жидек жеп отыруына да рұқсат берген. Қызым оқитын мектепте таңертең ұйқысы қанбай келген балалар жарты сағаттай мызғып алатын арнайы бөлме бар. Ыстық тамақты әркім ланч-боксына салып, үйінен әкеледі. (Қақалып, я уланып қалса, ата-анасынан көрсін;)
Батыстағы көпшілік орта мектепте сабақ тамыз айының ортасында басталып, маусымның соңында бітеді. Жазғы каникул бір жарым-ақ ай. Бірақ есесіне жыл бойы балаларды көп демалтады. Балалар аптасына бес-ақ күн оқиды, әрбір үшінші аптаның дүйсенбісі мұғалімдер күні болып белгіленген. Ол күні сабақ болмайды. Мұғалімдер алаңсыз оқу-әдістемелік жоспарларын жетілдірумен айналысады. Ал, әрбір тоқсанның соңында бейсенбі және жұма күндері және сабақ болмайды. Өйткені дәл сол күні мұғалімдер жоғарыда айтқанымдай әрбір ата-анаға 20-25 минут уақыт бөліп, жеке-жеке кездесіп, баласының оқу үлгерімі туралы жан-жақты есеп береді. Ал, тәрбие, патриотизм, иба-ұят, ар-намыс, ұлттық дәстүр, (“Нұр-Отан”, Елбасы мен “Қазақстан-2050” деген сияқты нәрселерге мұғалімдер басын ауыртпайды;) Оның бәрі ата-ананың міндеті мен баланың талғамы һәм еркіне салынған. Тәрбиенің ең басты ошағы – әр оқушының өз отбасы екеніне анық меңзеу жасалған. Мектеп – шеберхана. Білім алу һәм әлеуметпен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін шеберхана.
Батыстың мұғалімдері балалардың мектеп тысындағы қауіпсіздігіне де жауап бермейді. Балаларды таситын көлік компаниясы мектеп арқылы ата-аналармен тіке келісім-шарт жасайды. Ата-ана сенсе, сол көлікке баласын мінгізеді, сенбесе – өзі тасиды.
Осының бәрін Астанадағы бір мектепте сабақ беретін жеңгеме айтып беріп ем, аң-таң қалып біраз отырды да, “Мен класымдағы балаларыма сабақ берем; тәрбиесіне жауаптымын; патриоттық сезімнен жұрдай болса, сөгіс алам; әр сөзіне, киім киісіне ескерту жасаймын; терезе сынып қалса, мектептің шатырынан су өтсе, бор таусылып қалса, ақша жинаймын; мемлекеттік телеарналардың ешкім бармайтын хабарларына студияны толтыру үшін шұбыртып апарып жүрем; ешкім көрмейтін спектакльдер мен концерттерге зорлап билет сатам; телестудия мен театрдан шыққанда әрқайсысын аман-есен үйіне жеткізуге міндеттімін; күн сайын жоғарыға өткізетін қағаз есептерімді айтпай-ақ қояйын; үкімет пен партияны насихаттау жұмыстарын және қоспай-ақ қояйын. Өстіп аптаның алты күні өзімді де, балаларды да болдыртам. Кешке келіп құлаймын. Сайлау болса, жексенбінің не екенін ұмытып кетем. Осылайша денем де, жүйкем де тозып, сіркем су көтермей селкілдеп отырғанымда бір оқушым кластан туалетке менен сұранбай, рұқсатсыз өз бетімен шығып көрсінші, не тура алдымда қыршылдатып алма жеп отырсыншы – желкесін үзейін!” деді;)
*** *** ***
Батыс орта мектептеріндегі балалардың еркіндігі мен оларға тәрбие беру жұмысының ата-аналарға ғана тиістілігін сипаттаған постыма біраз жұрт пікір білдіріпті. Рақмет. “Неге тек плюстерін жазасыз, минустарын неге тізбейсіз” деген ескертпелер де түсті. Мақұл, Батыстағы орта білім беру орындарындағы кейбір кемшіліктерді де айта кетейін.
Біріншіден, батыстағы кәсіби тұрғыдан мықты мұғалімдердің көпшілігі бағасы удай қымбат жекеменшік мектептерде сабақ береді. Оған елдің бәрі бірдей баласын оқыта алмайды. Жекеменшік, бай мектептерде балалар арасында сәнді киім мен қымбат гаджет жарысы ара-тұра байқалып қалады.
Екіншіден, балалардың құқығын қорғау ісі тым қатты қолға алынғандықтан, мұғалімдер көп жағдайда оқушыны бауырына тартып құшақтап, я арқасынан қағып жақын тарта алмайды. Яғни, мұғалім мен оқушының арасында әлеуметтік жылы байланыс орнамай қалатын мектептер де бар.
Үшіншіден, либералдық индивидуализмге үйренген, көп жағдайда аз балалы отбасынан шыққан оқушылар бір-бірімен көп араласа бермейді. Саяқ, оқшау күй кешетіндер баршылық.
Басқа кемшілік көре алмадым. Бірақ осы кемшіліктердің жағымды жақтары да бар.
Біріншіден, елдің бәрі баласын жеке меншік мектепте оқыта алмаса да, тегін (қоғамдық) орта мектептегі білім беру сапасы соншалықты нашар емес. Ең бастысы, бұл мектептер “үкіметтің берген қаржысы жетпейді” деп ата-аналардан ақша жинамайды. Көптеген мектептерде оқушылар бірыңғай форма киеді. Заң бойынша зергерлік әшекей бұйымдарын тағуға, татуировка салып жүруге, көзге қораш шаш үлгісін қоюға рұқсат жоқ.
Екіншіден, мұғалімнің оқушының денесіне қол тигізе алмауының керісінше жақсы жақтары да бар. Яғни, балаға қатты сөз айтып, немесе қол жұмсау туралы мүлдем әңгіме тумайды. Ондай жағдайда мұғалім айыппұл төлейді, тіпті сотталып кетеді.
Үшіншіден, либералдық индивидуализм принциптері орнаған ортада әр оқушы жеке тұлға, дара құбылыс ретінде қабылданады да, оның үлгерімі, қабілеті, я таланты басқалармен салыстырыла бағаланбайды. Яғни, күніне бір мәрте көзге түспесе, өліп кете жаздайтын “круглый отличниктер” мен “белсенді старосталар” немесе соңғы партада бұғып отыратын “двоечниктер” синдромы жоқ;) Айтпақшы, Батыс мектептерінде біздегідей қатар-қатар парта қойылмайды. Әр адамның шағын жеке орындығы мен партасы болады, оны кластың қай тұсына қойып алса да, өзі біледі. Әлбетте кез-келген қоғамдағы сияқты белгілі бір деңгейде жасөспірімдер арасындағы бәсекелестік, талас-тартыс бар. Бірақ классикалық “дедовщина” мен “атамандар төбелесі” жоқ. Әркім өзімен өзі.
Ғалым Боқаштың фб-әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.
Осы мақала бойынша еліміздегі мектептеріндегі ұстаздардың пікірін де білген едік. Сол ұстаздардың пікірін де іріктеп ұсынып отырмыз.
Сердалиева Жазира Киікбайқызы: Ақмола облысы, Аршалы ауданы И.Құтпанұлы атындағы орта мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Батыс мектептеріндегі ең басты артықшылық біріншіден: мұғалімге деген құрметінде жатқан сияқты. Себебі, бізбен салыстырғанда олардың құқықтары да қорғалған және мұғалімдердің мойнындағы жүк те аз. Мұны мына сөзден білуге болады. “Батыстың мұғалімдері балалардың мектеп тысындағы қауіпсіздігіне жауап бермейді”. Ал, бізде оқушыны мұғалімнің мойнына салақтатып іліп қояды. Бала үйіне кіре беріп, табалдырыққа шалынып құласа да мұғалім жауап беруі керек. Бұл ең алдымен онсыз да қағазбастылықпен қажып жүрген мүғалімге ауыр салмақ, психологиялық шабуыл. Осыдан кейін мұғалімнің бар ойлайтыны тек құлақтың тыныштығы болады, сапалы білім беру дейтін бірінші кезектегі шаруа төменгі сатыға түсіп, “бастықтан сөгіс, ата-анадан арыз түспесе екен”- деген ой бірінші орынға көтеріледі.
Екіншіден: біздегідей науқаншылдық жоқ. Яғни, баланың білім алуға жұмсайтын уақыты мен мұғалімнің білім беруге жұмсайтын алтын уақытына қол сұқпайды. Бізде, егер қандай да бір науқанға керек болса, бала сабақ түгілі, емтихан тапсырып отырса да саусылдатып оған да бұған да қуа жөнеледі. Негізі сабақтың бір сағатына қол салу, ол баланың өміріне қиянат жасау деген сөз.
Ал, біздің елде де олардан артықшылықтар жоқ емес. Себебі біз рухани толысып болған жоқпыз. Егер мектепте тәрбие жұмысына мән бермесек, біздің балалар қожырайды. Тіл мен ділдің, рухани хал-жағдайымыздың күйін оңалту біздегі басты мақсат. Сол үшін де бізде білім мен тәрбие егіз болуы керек.
Әрін Қайса: Астана қаласы №66 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатын ескерсек, мұғалім баланың тәртібіне толықтай жауап бермесе де, тәрбиесіне мән беруі керек. Батыстан үйренеріміз болса да жиренеріміз аз емес! Мүмкін батыста мұғалім тек қана білімге жауапты болған соң да белең алған кейбір батыстың рухани азғындығы да осы үрдістің нәтижесі болар. Тәрбие мен білім егіз екенін әр кез ұмыт қалдырмаған абзал. Себебі, жоғарыдағы үрдісте біраз тәрбиесіздіктің бейнесі шығып тұр. Біздің ұрпақтың бойындағы ибалылық пен ұяңдықты жоғалтпағанымыз жөн. Бірақ, біздегідей әсіре науқаншылдыққа да баруға болмайды. Ол балаға кері әсер береді, ал мұғалімді өзінің басты жұмысы ұрпақ тәрбиелеу атты ұлы ісіне бел шешіп кірісудің орнына текке шаршатады.
Ал енді, біздің аларымыз да көп секілді. Баланың бес күн оқығаны оның есесіне жазғы дем алысы қысқарғаны дұрыс бізде қыс мезгілінде температура төмен болып сабақ дұрыс болмайды. Оның үстіне, жазда ұзақ демалыс балаға білген дүниесін мүлде ұмыттырады. Сол үшін жаздағы демалысты біраз қысқартып, қысқы демалыс, сенбілік демалыстарға бөлген дұрыс.
www.kazbilim.kz