23.11.2024

Жатақханалардың жайы жақсы болмай тұр

Өңірдегі студенттерді жатақханамен қамту қазіргі кезде ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Ауылдан мектеп бітіріп, қалаға келген барлық жастың қалада дайын тұрған пәтері жоқ. Ал ақысына пәтер жалдап тұрудың өзі табысы жоқ студент үшін де, ауылдағы ата-анасы үшін де оңай емес екені белгілі. Дегенмен, бүгінгідей білім саласына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп отырған кезде әр өңірдегі жоғары оқу орындарымен қатар, кейбір орта арнаулы білім беру мекемелері де жатақханамен қамтылған. Бірақ өкінішке қарай, Жамбыл облысындағы орта арнаулы білім беретін оқу орындары жатақханасының жағдайы жақсы болмай тұр. Өңірдегі білім саласының басшылары есеп бергенде бәрін керемет етіп көрсеткенімен, іс жүзінде олай болмай шықты. Әсіресе аудандарда орналасқан жатақханалардың жағдайы тіпті нашар.

Мәселен, Тараз қаласындағы Жамбыл по­ли­техникалық жоғары колледжінің әлеу­е­ті өте жақсы. Білім берудегі жаңа­шыл­­дықтар, тың бастамалар мұнда көп. Бірақ аталған білім нысанының жатақханасына кө­ңіл бөлінбеген. Яғни, күрделі жөндеу қа­жет. Мұнда жаңарту жұмыстары соңғы рет 10 жыл бұрын жүргізіліпті. Содан бері жатақхана күрделі жөндеу көрмеген күйі тұр. Айта кетейік, колледж жатақханасы 40 жылға жуық студенттердің үйі болған. Сол сияқты Жамбыл ауданында ор­на­ласқан №17 Жамбыл колледжінің жатақ­ха­насында да осындай мәселе бар. Бү­гін­гідей күрделі жағдайға қарамастан, сту­дент­тер аталған колледжде дәстүрлі оқу форматында білім алуда. Бірақ жатақ­хана жайсыз, бір сөзбен айтқанда, тұруға қолайсыз. Тіпті бөлмелерінің есігі мүлдем құлыптанбайды. Ал колледж басшылығы тозығы жеткен ғимаратты қайта-қайта сырлап, әктеп әрең ұстап отыр. Аталған колледжде жуынатын ар­найы орын болма­ған­дықтан жас­тар сенбі, жексенбі күндері үйлеріне жібе­рі­леді.

Бұл күнде Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 4 колледж бар. Қа­ладағы №2 Қаратау колледжінің жа­тақханасында 36 студент тұрады. Ғи­ма­рат 1977 жылы салынған. Мұнда да жа­тақхананы күрделі жөндеуден өткізу мә­селесі туындаған. Бүгінде жатақ­ха­на ғимараты ескіріп, терезелері сын­ған. Есіктері құлыптанбайды және ғи­ма­раттың сыртында «Жатақхана» деген атауы да жазылмаған. Бұл колледж былтыр жүргізілген мониторинг нә­тижесінде е­ліміздегі ең нашар 10 кол­ледждің тізіміне еніпті. Қалған 3 кол­лед­ждің жатақханасының жағдайы орташа. Сондай-ақ Жуалы ауданында орналасқан №16 Жуалы колледжінің жатақханасына да күрделі жөндеу қажет. Жалпы, 32 орынға арналған жатақханада карантин талаптарына сәйкес қазір 20 студент тұрып жатыр. Алайда студенттер та­рапынан жатақханаға деген сұраныс өте жоғары. Бірақ бәріне бірдей орын жеткізу тағы мүмкін емес. Биылғы оқу жылының өзінде жатақханадан орын алуға 50 студент өтінім беріпті. Өңірдегі кол­ледж жатақханаларының бүгінгі жағ­да­йы осындай.

Осы орайда Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы Jas Otan жас­тар қанатының мүшелері де өңірдегі кол­ледждерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, аталған кемшіліктерді облыс­тық білім басқармасына жолдаған. Енді ал­дағы уақыттарда құзырлы мекеме атал­ған мәселелерге байланысты қан­дай ше­шім шығарады, ол уақыттың енші­сін­де­гі дүние.

Бүгінде білім сапасын арттыру – басты талап. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да аз емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да тоқталған болатын. Алайда студенттердің сапалы білім алуы үшін де жағдай керек. Бірақ Жамбылдағы жатақханалардың бүгінгі жағдайы осындай болып тұр. Жыл сайын өңірдегі білім беру саласына тиісті қаражат бөлінеді. Аталған білім нысандарының бәрі де облыстық білім басқармасына қарасты болғандықтан, басқарма басшылығының осы уақытқа дейін жатақхана мәселесіне көңіл бөлмей келгені тіпті түсініксіз. Бүгінде облыста 46 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның 23-і мемлекеттік болса, 23-і жекеменшік. Сондай-ақ мемлекеттік 16 колледжде, мемлекеттік емес 3 колледжде жатақхана бар.

«Жалпы, облыстағы 19 колледждегі жатақханалардың сыйымдылығы 2 840 адамды құрайды. Штаттық режімде жұмыс істеп отырған №2 Қаратау, №8 Мойынқұм, №16 Жуалы және №17 Жамбыл колледжінде 110 студент жатақ­ха­намен қамтылған. Сонымен қатар 3 колледжге 750 орындық жатақ­ха­на­ға қажеттілік бар», дейді облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіп­тік білім беру бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышқызы. Бөлім бас­шысының айтуынша, №16 Жуалы ко­л­леджі жатақханасының ғимараты то­зы­ғы жетуіне байланысты былтыр қа­ра­ша айында аудан теңгеріміне беру құжаттары дайындалып, өткізу-қабылдау актілері жасалған. Биыл ғимаратқа аудан тарапынан жобалық-сметалық құ­жат­тар жасалып, облысқа 2021 жылға «Жол картасы» бағдарламасы аясында құрылысын жүргізу ұсынылған. «№2 Қа­ратау колледжінің жатақханасы бес қабаттан тұрады. Бірақ оның үшінші және бесінші қабаттары пайдаланылмайды. Жатақхана қазіргі таңда 50 орынға ыңғайластырылып, екінші қабатқа ор­на­ласқан. Колледждің үнемделген қара­жа­тынан студенттерге тамақ дайындайтын, жуынатын бөлме және әжетхана іске қосылған. Келесі жылы №2 Қаратау колледжін оңтайландыру жұмыстары жос­парланып отыр», дейді Алтынай Жайлышқызы.

Қазіргідей ғылым мен білімнің да­мы­ған ғасырында аудандардағы колледж жатақханаларына көңіл бөлінбеуі естіген құлаққа ерсі жағдай. Талапқа сай емес жатақхана «жырының» Жамбыл облысында жуық арада бітетін түрі кө­рінбейді. Оның үстіне, облыстағы мердігер компаниялар да жатақхана құ­ры­лысын жүргізуге құлықсыз екен. Не себепті олай екені өздеріне болмаса, өзге­лерге беймәлім. Осылайша бүгінде студ­енттер тозығы жеткен жатақханада әупі­рімдеп күнелтуде. Бүгінгі студент, ер­теңгі маманның әлі қанша уақыт осылай жүретіні белгісіз…

 

© egemen.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА