Бүгін, 13 мамыр күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Студенттер Үйі алаңында оқу орынның 70 жылдық мерейтойына орай Қызғалдақ балы болып өтті.
Шынайы музыка мен классикалық биді бағалайтын жандардың басын қосқан мереке салтанатты полонез биімен ашылды. Қыздар университетінің шаңырағы бір күн Венаға айналғандай болды. Би патшасы – вальстің әуезді ырғағымен айнала билеген аққудай сұлу да көрікті қыздар мен сұңғақ бойлы, сымбатты жігіттер баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, тамаша әсерге бөледі. Қызғалдақ балының форматы классикалық Вена балының дәстүрінен ауытқымады. Балға қатысушы жұптар полонезден өзге, полька, мазурка мен Вена вальсін билесе, Қыздар университетінің белсенді де, өнерлі жастары флешмоб ұйымдастырып, оқу орынның 70 жылдығына орай «70» деген сан жазды. Сондай-ақ, әйгілі «Тақиялы періште» кинофилімінен үзінді көрсетіп, «Одиссей» әніне би биледі.
Әсемдік пен әдемілікке баулитын салтанатты шараны Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашты:
Шара барысында Балдың құрметті қонағы ретінде шақырылған оқу орынның құрметті ардагер ұстазы Қазына Аймағанбетқызы оқытушылар атынан өз лебізі мен құттықтауларын білдіріп, «Бұл керемет жоба тек қана жоғары мәдениеттілікке бастап қоймайды, жастарды әдемілік пен әсемдікке баулиды», деп атап өтті.
Аталмыш шараның ұйымдастырушысы, Жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы Маржан Ахтаеваның айтуынша, «Қызғалдақ балы» – ең алдымен достыққа, салауатты өмір салтына және жастардың рухани дамуына арналған іс-шаралар жиынтығы. «Қызғалдақ Балына» дайындық бір айдан аса жүрді. Шара Қыздардың парасат мектебі атанған Қыздар университетінің 70 жылдық мерейтойына арналады, белсенді студенттердің мерекеге деген арнайы тартуы десем болады», деді М. Ахтаева.
Көрікті шараны оқу орынның ұжымы мен студенттер қауымы тамашалады.
Kazbilim.kz