22.11.2024

Қазақ халқының рухани құндылықтарында бала тәрбиесіне ерекше мән берілген – Евгений Выблов

Қазақ халқының рухани құндылықтары бала тәрбиесінде ерекше рөл атқарады. Бұл туралы бүгін ҚХА-ның XXIX сессиясында «Үміт» балалар үйінің (ШҚО) көркемдік жетекшісі Евгений Выблов мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.

Сәби кезімнен анамнан айырылып, «Үміт» балалар үйінде тәрбиелендім. Менің анамның есімі Надежда болатын, яғни қазақша «Үміт» дегенді білдіреді. Тәуелсіздік жылдарында қазақ халқы рухани құндылықтарын жаңғыртты, бұл құндылықтарда жетімді жылатпауға айрықша мән берілетінін түсіндім. Қазақстан халқы ата-бабаларының дәстүрін жалғастырып, бала жүрегін мейіріммен, қамқорлықпен жылытады. Сондықтан мен өзімді жетім ретінде сезінбедім. Әрине, балалар үйінде өмір сүру оңай емес. Себебі балалар анасы мен әкесін күтіп, үмітін үзбейтіні анық. Олар үшін ең жақын адам ретінде тәрбиешілер, күтушілер мен аспазшылар болады», – деп тоқталды Евгений Выблов.

Осы орайда ол бүгін ҚХА мінбесінен аталған балалар үйінің директоры Майра Баймұхановаға алғысын айтты.

«Оның аялы алақаны мыңнан астам баланы аналық қамқорлыққа бөледі. «Үміт» балалар үйі шағын ассамблея іспеттес. Мұнда бір-бірімізді ұлтқа бөлу дегенді білмейміз. Біз баршамыз бір үйдің баласындаймыз, себебі барлығымыз үлкен елдің өрендеріміз», – деді Е. Выблов.

Оның айтуынша, «Үміт» шығармашылық тобы әлемнің бірқатар еліне сапармен барып, халықаралық конкурстар мен фестивальдерге қатысқан.

«Қазір аяғыма нық тұрған азаматпын. Үйленіп, пәтерлі болдым және жүрегім қалаған қызметті атқарып келемін. Өзімнің тәрбие алған үйіме тәлімгер ретінде оралдым. Дұрыс таңдау жасап, лайықты орнымды тапқаным үшін шексіз ризамын. Мен – Тәуелсіздік құрдасымын! Балаға деген қамқорлыққа ерекше мән берілетін мемлекетте өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын», – деді ол.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА