07.11.2024

Балаңызға жаныңыз ашыса…

Мен сіздерге бір қызық айтып берейін. Мен балаларымның біріне экпримент жасадым. Қандай экспримент дейсіз ғой баяғы?! Қолына телефоннан бірін ұстаттым да, «үнін» өшірдім. Екі жастан енді асқан бала бастабында оның ішіндегі қызылды-жасылды нәрселерді ғана қызығып көргенімен, бірер айдан кейін телефонды «шемішкедей» шаға бастады. Уақыт өте келе соткамыз «соскаға» айналды. Сонда да эксприментті тоқтатпадым. Телефон баламыздың айырылмас бір бөлшегіне айналды. Екі жылдан астам уақытта адам айтса сенгісіз нәтижелерге ие болдым. Енді соны сіздермен бөлісейін.

Ең әуелі баланың тіліне әсер етеді екен. Көп сөйлемей, тек телефонның ішіндегі әлеммен ғана болған баланың тілі баяу шығады екен. Комуникация болмаған жерде тілдің де дамымайтыны екі бастан түсінікті. Өзімен құрдас достарымыздың балаларымен салыстырғанда тілі мүлдем анық емес. Сырттан оны алғаш көрген адам не айтып, не сұрап жатқанын  айыра алмайды. Сырт адам дейміз-ау, кей кездері не деп жатқанын түсіну үшін ағасы мен әпкесінің көмегіне жүгінетін кезіміз көп болады. Жас «аудармашыларымыз»  бауырларының айтпағын бізге «тәпсірлегеніне» мәз. Қолынан «соскасы» түскеннен бері жап-жақсы түсінісе бастадық.

Екіншіден баланың психикасы бұзылады. Өз дегені болмай қалса, үйде «революция». Өте өзімшіл мінез қалыптаса бастады. Қолындағысымен үйдегі басқа балармен бөліскісі келмейді. Тек қана бәрі өзімдікі болсын дейтінді шығарды. Жеміс-жидек әкелсек, бәрін өзім ғана жеймін дейді. Қолындағы телефонға басқаларын мүлдем жуытпайды. Тіпті, өзінен кейінгі қарындасын да аямайды. Қолындағы «қаруы» түскен бес-алты айдан бері жап-жақсы. Қарындасын ойнатады. Барын соған береді. Бұрынғыдай емес, мінезі де қалпына келе бастады.

Үшіншісі денсаулығынан ақау шыға бастады. Телефон көру уақытын қадағаламай, еркіне жіберсеңіз мұрнынан қан тоқтамайды. Көзінеде айтарлықтай зиян келе бастады. Тамақты да дұрыс ішпейді. есіл-дерті «сосканың» ішінде. Дұрыс тамақтанбаған балада қайбір жырғаған денсаулық болсын. Далаға шығып ойнауға жіберсекте, айналшықтап, қайтадан телефонның қасынан табылады. Көп физикалық қозғалысқа түспеген баланың шабан болатыны, қимыл қозғалысының баяу болатын тағы бар. Өзіне міндеттелген жұмысты да жүрдім-бардым орындап, тезірек «жан серігіне» қауышқысы келіп тұрады. Бұл күндері ол мінезіне негізінен арылды. Себебі анық, телефонынан алыстаған. Басқа ойыншықтарды ойыншық екен деп қарамайтын «батырым», базардан ойыншықсыз оралмайды бұл күнде. Айтпақшы, бауырларының осы жағдайы аға-әпкелерінің осы сымсыз құрылғыға деген қызығушылығын азайтты.

Ал, сымсыз құрылғы пайда болғаннан бері балалармен жұмыс жасап келе жатқан педагоктар, психологтар мен дәрігерлер де осы қасыңыздағы «кішкентай пәленің» бала денсаулығына айтарлықтай әсері бар екенін жасырмайды. Қазіргі көптеген балапандарымыздың көру қуатының нашарлағанын балалардың дәрігерлері де баса айтып жүр. Бұл әсіресе, қалалы жердегі ата-анасы жұмыс басты балалардан көп кездеседі екен. Психолгтар болса, тіпті де қорқынышты мәліметтер ұсынып отыр. Ашушаңдық, төзбеушілік, психикалық ауытқу, семіздік… осылай тізе беруге болады дейді балалардың психикасымен жұмыс жасап жүрген мамандар. Бұның алдын алмаса, бала рухани құндылықтардың орнын басқа жеңіл ақпараттармен толтырады да қарапайым қажеттіліктерден ары аспайтын мінез қалыптасады. Болмашы нәрсеге ашулану, төзбеушілік сияқты мінездер бірте-бірте бала психикасын бұзады да, соңы қайғылы жағдайларға алып бару мүмкін екенін де жасырмайды. Ал ұстаздар қауымы телефонның ішіндегі дайын ақпараттарға иық сүйеген қазіргі шәкірттердің дені кітапттан алыстаған. Тіпті, электронндық кітаптарға да көз салмайды дейді.

Балаңыздың ертеңінің нұрлы болғанын қаласаңыз оны бүгіннен бастаңыз. Өзіңіздің уақыттық тыныштықты ойлап, балаңыздың қолына ұстатқан телефон, жүрегіңіздің жазылмас жарасына айналуы бек мүмкін. Сондықтан Телефонға үйір етпеңіз. Керек болса, теледидар көретін уақытын да бақылауда ұстаңыз. Балаңызға ой-санасын жетілдіретін ойыншықтар алып беріңіз телефон емес.  Кітапқа үйір етіңіз. Оның жолы өте оңай. Күніне бір сағат балаңызбен бірге қызықты кітап оқыңыз, мазмұндатыңыз. Кітап оқығаны үшін ынталандырып отырыңыз. Ар жағын бала өзі-ақ алып кетеді. Ұлтымыздың болашағы осы өскіндеріміздің қолында екенін әрбір ата-ана ұмытпауы керек.

 

Сәрсенбек Бақыт

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА