22.11.2024

Қазақшаң қалай қазақ баласы?

Осыдан он алты жыл бұрын киелі қазақ топырағына қадам басқан кезде, алып ұшқан көңілімді су сепкендей басқан ең басты себеп қазақ тілінің жағдайы еді. Бізден ертерек келеген ауылдастарым өздері келген кездегімен салыстырғанда көп жақсарғанын айтып, жұбатқан болды. Мамандығым сай ортамыз негізінен қазақ тілді болғандықтан, маған да қазақ тілінің мәселесі шешілгендей сезілетін. Университеттегі ұстазадрымызға орыс тілін үйренгіміз келетінін айтсақ, «біз қазақ бола алмай жүргенде, сендер орыс болып не істемексіңдер. Одан да бізді қазақ етіңдер» деп әзіл-шыны аралас сөздерімен тоқтататын. Университетті бітірер жылы мектептерге практикаға түстік. Оқушылар сабақ үстінде қазақша сайрап отырғанымен, табалдырықтан аттай бере «сүйікті» тілдеріне ауысады. Себебін сұрасақ, таяқтың бір ұшы мемлекеттік саясаттың қазақ тіліне деген немқұрайлығы балалардың да ана тіліне деген сенімсіздігіне апарып соғатынын анық аңғарып едік. Бұл қазақ тәуелсіздігінің сиволына айналған Алматы қаласындағы балалардың күнделікті тұрмыста қолданатын тілі орыс тілі болғанда солтүстік, шығыс өңірлердегі қазақ балаларының күй-жайы қандай екен деген сұрақ мазалайтын.

Арман қала Алматыны артқа тастап, Арқа төсіне табан тірген жылдары қоғамдық көліктерде аялдамалардың аттарын тек қана қазақ тілінде хабарлап отыруы саяси қаланың бір жақсы шешіміндей елестегенімен,  Елордамыздың өзіндегі тұрғын үйлердің аулаларында ойнап жүрген балалардың тілі негізінен орысша екенін көргенде жаңағы жылт еткен үміт ғайып болды. Тіпті, қазақтың қаймағы саналатын оңтүстік өңірден келген ағайындарымыздың балаларының тілі орысша қалыптасқаннан кейін, солтүстік өңір қазақтарына не деп наз айтарыңды да білмей дал боласың.

Өз басымнан өткен жауап берерімді білмей, тығырыққа тіреген екі жағдай болды. Бірі елбасының қай бір жылғы халыққа арнаған жолдауын көріп отырғам. Қызым балапан арнасын көргісі келді. Мен жолдау біткен соң көресің деп дегенін орындамадым қызымның. Жолдаудың негізгі тілі ұлт аралық тіл екені айтпасада түсінікті ғой. Қызым:
-Әке Нұрсұлтан Назарбаев қазақ па деді?
-Иә.

-Онда неге орысша сөйлейді? Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Телетидарды қалай балапан арнасына өзгерткенімді өзімде білмеймін. Бес жасқа енді толған балапанымның сұрағы біраз уақыт ойымнан кетпей жүрді. Тілі басқа болған соң, түрі қазақ болса да бала санасы қабылдамайтынын тағы бір дәлелдеді. Содан аз бұрын ған Қытайдағы туыс-туғандарыма барып қайтқан сапарымда да балаларым ағайын-туыстың балаларымен ойнамай қойған олар қытай деп. Балама әлі күнге дейін берер жауабым жоқ.

Екінші бір жағдай Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде оқып жүрген кезім. Түркияның Измир қаласындағы Еге университетінен екі профессор, Анкарадағы Башкент университетінен бір профессор келді.  Қазақстаннан арнайы шақырту алған Зеки Каймаз мырза арнайы қазақ еліне барамын деп үш ай қазақ тілін үйреніпті. Бірақ Қазақстанға келгенде әуежайдан қонақ үйге келгенше бір ауыз қазақ тілін естімеген, университетте де қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығын көріп, қатты пұшайман күймен: «Қазақтарға керек емес тілге мен несіне үш ай уақытымды құрттым. Одан да орыс тілін үйренсемші. Орыс түрколог ғалымдарының еңбектерін өз тілінде оқитын» деді. Біраз ұстаздарым мен курстастарым көкейлеріндегі сұрақты түркиялық ғалымдарға орысша қойғанына куә мен ғалымға не деп жауап берерімді білмей, үнсіз қалдым.

Осылай досқа күлкі, дұшпанға таба болып жүргенде,   Білім беру ұйымдарының жоғары сыныптарында (10-11 сынып) жаратылыстану бағытындағы химия, физика, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады деген жарлықта  қазақ тілінің ғлымдағы мүмкіндігін шектеу болып табылады. Шектеу емес-ау, баланың санасын қойыртпақ жасау бұл. Оны да өз балаларымнан көрдім. Біраз уақытқа дейін сөздердің қай тілге тән екенін айыра алмай жүрді.

Осыдан жүз жыл бұрын, алаштың ардақты азаматтары қызыл империяның қанды шеңгелінде бола тұрса да, қазақ балалары мектеп пен жоғарғы оқу орындарын тек қана ана тілінде оқуы керек деп, басын бәйгеге тіге жүріп, мектептер мен алғашқы оқу ордаларын ашып, соған жарғақ құлақтары жастыққа тимей, оқулықтар дайындап шыр-пыр болса, біз тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр өтсе де, білім саласында дұрыс жүйе қалыптастыра алмай-ақ қойдық. Тіпті, бар дайын жүйенің өзін қиратып, қазақ тілінің мектептегі аясын тарылтып әлекпіз. Бұл тәуелсіздіктің тұтқасын ұстап отырған азаматтарға сын. Отыз жылда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте алмай отырған елдің, «үш тұғырлы тіл» деген мемлекеттік ұранмен, жұмыс жасауы, оң-солын танымаған баланы, сол «үш тұғырға» апарып қондырам деу күлкілі екені айтпаса да түсінікті.

Отбасында орыс тілі үстемдік құрса, үкіметтің тілі жүз пайыз орыс тілі болса, балаларды сапалы  қазақ тілді кітаптар мен интернеттік өнімдермен қаматмасыз ете алмай отырған соң жас бүлдіршіндерге қалай кінә тағарсың? Қазақ елінде қазақ тілі толық тәуелсіздікке жетпей, қазақ елінің тәуелсіздігінен сөз қозғаудың өзі артық нәрсе екенін бідің бүгінгі билік түсінсе екен.

Бақытбек Сәрсен
“KAZBILIM.KZ”

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА