23.11.2024

Олимпиада, ҰБТ, магистратура мен докторантураға түскенге дейінгі барлық процесс форматы өзгереді

ҰБТ-ны ғана электрондық форматқа көшіріп қоймай, барлық іріктеу іс-шараларының форматын ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін өзгертіп жатырмыз, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Пәндік олимпиада форматы өзгерді

“Біз биыл ақпанда алғаш рет оқушылар арасында республикалық олимпиаданы электронды форматта өткіздік. Әр қатысушыға жеке компьютер берілді, әр оқушының іс-әрекетін бейнекамера бақылап отырды. Сонымен қатар арнайы орталықта кезекшілер барлық процесті қадағалап, прокторинг жүйесі де қолданылды. Әлеуметтік желілерде және арнайы порталда ашық трансляция жүргізілді”, – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Айтуынша, биыл олимпиада тапсырмаларын тексеру жүйесі де өзгерді. Бұрын қазылар алқасы мүшесіне балалардың жұмысы пропорционалды түрде берілсе, енді бағалау кезінде субъективизмді төмендету үшін қазылар алқасының әр мүшесі бір ғана тапсырманы көріп, бағалады.

Енді келешекте олимпиаданың облыстық және республикалық кезеңдері тек осындай форматта өтеді.

Докторантура мен магистратураға қабылдау форматы

Биыл докторантураға түсу емтихандары ҰБТ-ға қойылған талап негізінде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізілген пунктерде өтеді.

“Бұл бізге “ректорлар тізімі” деген алып-қашпа сөзді және осындай тәуекелдерді ұмытып, докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын”, – деп жазды Аймағамбетов.

Биыл докторантураға түскісі келгендер эссе мен басқа да тапсырмаларды компьютер арқылы бейнекамера алдында отырып жазады.

Айта кетейік, өткен жылы магистратураға түсушілер емтиханды пилоттық режимде электронды форматта тапсырды.

“Оқуға түскен азаматтар емтиханның расында әділ түрде өткенін айтып жатыр. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Енді магистратураның емтихандары да осы форматта өтеді”, – дейді министр.

Осылайша олимпиада, ҰБТ, магистратура мен докторантураға түскенге дейінгі барлық процесс электронды форматқа көшірілді.

“Осындай жаңашылдықтар арқылы әділдік пен ашықтыққа бағытталған бастамаларымызды жүзеге асырып жатырмыз”, – деді Аймағамбетов.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА