Сайтымыздың поштасына төмендегі хат пен сурет келді. Суреттердегі өрескел қателіктерді көрген соң, бұл оқулықтар мектеп бағдарламасында бар екенін тексердік. Хатты өзгертпей басуды және редакция пікірін беруді жөн көрдік.
Құрметті, «Қазбілім» редакциясы!
Сіздердің ұлттың ең басты құндылығы, ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне, жанашыр болып, әр күндеріңізді сүбелі ой айтуға арнап жүргендеріңізге мың алғыс. Бірақ, мен бүгін сіңлімнің оқулығынан мына олқылықты көріп, сіздердің порталдан қолдау болар дедім. Білім министрлігінен арнаулы адамдар осы туралы жауапқа тартылуы, әйтпесе, түсініктеме беруі керек деп санаймын.
Бұл нағыз бармақ басты, көз қыстылардың ел үшін, ұлт үшін, ұрпақ үшін ет жүрегі елжіремейтін, қазақ қаны жоқ, өз еліне өгей ұлына қарағандай қарайтын жемқор, топастардың жасап отырғаны секілді. Бұл деген ел қамын емес, қара басының қамынан аспаған, жемсауларын толтырудан қашпаған білім минисрлігіндегі қара құзғындардың тірлігі.
Қайран, менің тарихым, жауапсыз, ұятсыздардың қолынан жемпір-жемпір болған, жылағым келеді. Қайран, баба тарихымды балаға дұрыс жеткізбей, ұрпақ санасын былғағандардың жазаға тартылмағаны өкінішті. Ұрпақ ұлтсыз, ұятсыз болса, обалы дәл осындай жандарда болады.
Білім министрлігі осы іске жауапты адамдарды жазаға тартып, баспаға, сарапшыға тиісті жаза береді деп күтемін.
Құрметпен: Астана Тұран университеті студенті, Айжамал Кәдірбек
Редакция пікірі
Р.S. Бұл үшінші сыныптың «Әдебиеттік оқу» және «Дүниетану» оқулықтары.
Оқулық жазу дүниедегі ең қиын шаруа екенін білеміз. Бірақ, жауапкершілігі мол жұмыс. Өйткені, ұрпақты ұлтынан жиіркендіретін, қазақ елінің беделі мен ұлтының сапасына тікелей қатысты мұндай қателіктердің, үш қолдан (автор, баспа редакторы, оқулық сараптама орталығы сарапшысы) еленбей, сорақы қалпы кетуі, бұл – қастандыққа біліп тұрып баруы. Бұл қателіктерді көруге бәлендей білім де керек емес деп ойлаймыз.
Көшеде түкіргенді жауапқа тартатын біздің заңдарымыз ұлт болашағына «түкіргендерге» келгенде неге қауқарсыз?
Құрметті, білім және ғылым министрі, Аслан Сәрінжіпов, бұл оқулықтар сіздің құзырлы орынға келгеніңізше кеткен қателіктер екенін білеміз, алайда, сала тізгіні сізде тұрғанда сапасыз сарапшыларды тезге салады деп үміттенеміз.
kazbilim.kz
Не деген масқарашылық!
Ахмет Байтұрсынұлының айтқан сөздері (сайттың жоғарғы жағында) өкінішке орай, парақ беттерінде ғана қалуда.