22.11.2024

Болашақ журналистерге: Шығармашылық емтиханды қалай тапсырамыз?

ҰБТ тапсырғаннан кейін бірден университетке түсіп кетемін деген түсінік жоқ. Әрине, бұл шығармашылық емтихан тапсыратындар үшін. Олар үшін тестілеу – алғашқы қадам ғана. Оларды оқу сауаттылығы мен тарихтан кейін шығармашылық тапсырмалар күтеді. Бұл материалда шығармашылық емтихан, соның ішінде журналистикаға қалай түсуге болады деген сұраққа жауап беретін боламыз.

Журналист болғысы келетін мектеп бітіруші түлек ҰБТ-ны 5 пән бойынша да, 2 пән бойынша да тапсыра алады. Мұнда талапкердің оқу сауаттылығы мен тарих пәні бойынша жинаған ортақ ұпайлары ғана есептеледі (Ол ең көп дегенде 35 ұпай болады. Ұпайдың көп болуы грантқа қол жеткізуге тікелей әсер етеді).

Журналист боламын деген ҰБТ тапсырған түлек басқа мамандықтардан бұрын қалаған университетіне барып құжат тапсырады. Оны тапсырудың шектік мерзімі де болады. Биыл шығармашылық емтихандарға құжат қабылдау 20 маусым мен 1 шілде аралығында, ал емтихандар 2-7 шілде аралығында жүргізіледі (СДУ-да 21 маусым 7 шілде, 8-9 шілде аралығында. Ал IT университетінде 8 шілдеден 13 шілдеге дейінгі аралықта өтеді). Әр университеттегі бағалау шкалалары да әртүрлі (Университет таңдаған соң қандай құжат тапсыратыныңызды сол оқу орнының ресми сайтынан қарап алғаныңыз дұрыс). Осылайша құжат тапсырып болған талапкер шығармашылық емтиханға бет бұрады. Әдетте бұл емтихан екі кезеңнен тұрады. Журналистиканың ішіндегі білім беру бағдарламаларының әртүрлілігіне байланысты шығармашылық тапсырмалар да түрлі болады.

Шығармашылық емтихан ҚазҰУ. Мұнда журналистика факультеті бойынша «Журналистика», «Қоғаммен байланыс», «Халықаралық журналистика», «Баспа ісі», «Дизайн» және жаңа ашылған «Медиакоммуникация», «Кино& Медиа», «Медиадизайн» білім беру бағдарламалары бар. Әрбірінің емтиханы әртүрлі өтеді.

«Журналистика» білім беру бағдарламасына түсу үшін екі кезеңнен тұратын емтихан тапсырасыз. Алғашқысы шығарма жазу болса, екіншісі сұқбат. Бірінші кезеңде берілген тақырыптардың бірін таңдап, шығарма жазасыз. Тақырыптар еркін және теориялық болып бөлінеді. Шығарма жазған кезде идеяға, идеяны жеткізу стиліңізге мән бергеніңіз абзал. Екінші кезең билет алу форматы бойынша өтеді. Әр билетте үш сұрақ болады. Мұнда жоғары оқу орнының жанынан құрылған комиссия мүшелері бақылаушы болады. Олар сізге берілген билеттен бөлек сұрақтар қойып, сіздің ойыңызды білгісі келеді. Барынша шынайы, ашық жауап бергеніңіз дұрыс. Сонымен қатар осы күнге дейін журналистика саласы бойынша жеткен жетістіктеріңіз көрсетілген портфолио дайындайсыз. Оның ішіне аудандық, облыстың газеттерде жариялаған мақалаларыңыз, олимпиадалардан алған орындарыңыз, жасаған сюжеттеріңіз бәрі-бәрі кіреді. Оны екінші кезеңге алып келесіз. Билетіңізді қорғағаннан кейін комиссия мүшесі портфолиоңызға көз жүгіртіп өтеді.

«Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасына түсу үшін алғашқы кезең эссе, келесі кезең жоғарыдағыдай билет форматында болады. Мұнда да портфолио маңызды. Алайда билет сұрақтарына жауап бергенде белгілі бір тақырыпты сіздің ауызша жеткізгеніңізге қарайды. Мұнда фактіден бөлек ораторлық, өзіңізге деген сенімділік маңызды.

«Баспа ісі», «Дизайн» білім беру бағдарламалары бойынша емтихандар мүлдем басқаша болады. Мысалы, баспа ісіне түсу үшін бірінші кезеңде эссе жазу керек. Үш тақырып беріледі (Олардың бірі еркін тақырыпта, келесісі теориялық тақырыпта болуы мүмкін. Жыл сайын өзгеріп отырады). Екінші кезең, сұқбаттасуға барғанда талапкерге мәтін беріледі. Ол мәтіннің қате тұстарын табуыңыз керек (тыныс белгі, әріптік қате, грамматикалық қателер болуы мүмкін). Бір сөзбен айтқанда берілген мәтінді редакциялайсыз. Одан бөлек портфолио тексеріледі.

Шығармашылық емтихан СДУ. Биыл мұнда талапкерлер екі түрлі форматта емтихан тапсыра алады. Алғашқысы – үйден онлайн түрде, екіншісі – университетке келіп тапсыру.

Бұл жерде де емтихан екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде онлайн қосымша арқылы тапсырманы таныстырады. Белгілі бір сюжетті көрсетіп, сюжеттің қателігін анықтауға тапсырма береді. Одан бөлек «сіз не қосар едіңіз?», «нені алып тастар едіңіз?» деген сұрақтарға да жауап беретін боласыз. Ал осы кезеңнің екінші тапсырмасында жағдаятты шешу үшін аудандық газетке хат жаздырады. Екінші кезең (ауызша) сұқбат форматында өтеді. Ауызша емтихан сұрақтары университеттің ресми сайтына жарияланады.

Шығармашылық емтихан IT университеті. Емтихан екі кезеңнен тұрады. Алғашқысында талапкерлер берілген тақырып бойынша эссе жазады. Онда әлемдегі өзекті мәселелер мен білім беру бағдарламасына қатысты тақырыптар болады. Ал екінші кезеңнің өзі екі тапсырмадан құралған. Біріншісі – берілген шығармашылық жобаны қорғау. Мұнда креатив маңызды. Екіншісі – ауызша емтихан сұрақтары. Ал бұл жерде ойыңызды жеткізе алуыңыз, жарияланған жұмыстарыңыз бен жалпы ойыңыз бағаланады.

Жалпы шығармашылық емтиханды қалай тапсыру керек екенін білдік. Айта кету керек, мамандық, одан кейін университет таңдау талапкер үшін маңызды қадамдар болмақ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева қара шаңырақтағы білім беру жүйесінің биыл қалай өзгеріп жатқанын айтып берді.

«Былтыр пандемия жағдайында біраз ерекшеліктер болды. Құжаттар қашықтан қабылданып, емтихандар онлайн форматта өтті. Онлайн емтихан кезінде талапкердің шығармашылық қабілетін толықтай айқындау дәстүрлі форматтағыдай болмады. Десе де пандемияға байланысты талапкерлердің пайдасына жұмыс жасап, бәрін онлайн етуге күш салдық.

Айта кетейік, биыл шығармашылық емтихандарда шектік ұпай 45 болады. Екі кезең бойынша максималды 90 ұпай алуға мүмкіндік бар. Бұған дейін 40 ұпайдан, ортақ есеп 80 ұпай еді.

Сонымен қатар биыл ерекше қажеттілігі бар жандар туралы, санитарлық нормаларға қатысты ережелер енгізілді. Білім беру бағдарламасына жаңа бағдарламалар қосылды. «Медиакоммуникация», «Кино&медиа», «Медиадизайн» – жаңа білім беру бағдарламалары. Жаңа бағдарламалар бойынша шетелдік университеттермен қос дипломды бағдарламаны қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Бізде технологиялық база қалыптасқан», — дейді ол.

Сондай-ақ бір кездері сіз секілді шығармашылық емтихан тапсырған буын «Жас түлектің шығармашылық емтиханды сәтті тапсыруына қандай нәрселер септігін тигізеді?» деген сұраққа жауап берді. Назарларыңызға лайфхактар тізімін ұсынамыз:

— Портфолио маңызды. Сіздің жазған мақалаларыңыз бен блогтарыңыз, журналистикаға қатысты жасаған әрбір қадамыңыз оң нәтижесін беруі мүмкін.

— Сұқбаттасу кезеңінде ойыңызды ашық білдіріңіз. Факті мен креативті жолдас етсеңіз ұтымды болмақ.

— Эссе жазғанда ойыңызды қысқа, нұсқа жеткізуге тырысыңыз. Құрмалас сөйлемдер ойыңызды шашыратып жіберуі мүмкін. Жай сөйлемдерден де керемет мәтін құрастыруға болады.

— Журналистикадағы терминдерден хабардар болғаныңыз дұрыс. Барлығын біліп барыңыз демеймін, десе де база болғаны дұрыс.

— Жазу стиліңіз қалыптасып оқуға түссеңіз, үздікпін дей беріңіз. Өйткені стилі жоқ журналистикада оқитын студенттер де бар.

 

Qadam.asia 

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. ҚазҰУ ауызша емтихан сұрақтарын қайдан көріп, білуге болады?

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА