22.11.2024

Асхат Аймағамбетов Президентке жаңа оқу жылына дайындық туралы есеп берді

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдады, деп хабарлайды Қазбілім порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа білім және ғылым саласын дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалуы және жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы есеп берді. Дәстүрлі оқу форматына оралу үшін жүргізіліп жатқан ұйымдастыру шаралары туралы баяндады. «Білімді Ұлт» ұлттық жобасының дайындалуы, Жолдауда және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында берілген Президент тапсырмаларының орындалуы жайында мәлімет берді.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында берілген тапсырмалардың 43 пайызы білім және ғылым саласына қатысты. «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында мектеп кітапханаларының қызметін қайта қалыптастыру және көркем әдебиет пен балалар әдебиетін сатып алу жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысына ведомствоны кәсіби кадрлармен, соның ішінде, әлемнің жетекші университеттерінің түлектерімен және жастар кадрлық резервінің мүшелерімен күшейту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Сондай-ақ сапасыз жоғары оқу орындарын жабуға қатысты Президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берді.

Мемлекет басшысы министрге бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, сапасыз университеттердің лицензиясын қайтарып алу және олардың жұмыс істеуіне мерзім белгілеу рәсімдерін жеңілдету үшін заңнамалық тұрғыдан түзетулер енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік жоғары оқу орындары қызметкерлерінің еңбекақысын биылғы 1 қыркүйектен бастап арттыру маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар Президент оқушылар арасында өтетін Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА