22.11.2024

Асхат Аймағанбетов: Пандемия білім берудегі мұғалімнің баға жетпес рөлін айқындай түсті

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов қазақстандықтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

“Сіздерді 1 қыркүйек — жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Білім беру ұйымдарында оқу жылы қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталады.

Балалар өз мектептерін, достары мен сыныптастарын, ал мұғалімдеріміз оқушыларын сағынды. Барлығы мектептердің ашылуын асыға күтті.

Әлемдік пандемия білім беру үрдісіндегі мұғалімнің баға жетпес рөлін айқындай түсті. Атап айтсақ, мұғалімнің кәсібилігі, тәжірибесі, балаға деген сүйіспеншілігі мен оқушының өміріндегі атқаратын рөлі айқындалды. Әлбетте, мұғалімдер гаджет экрандары арқылы емес, балалармен тікелей байланыста бола отырып беретін білімді заманауи технологиялармен салыстыру қиын», – деп жазды министр желідегі парақшасында.

Министр 1 қыркүйек — бірінші сынып оқушылары үшін ерекше мереке екендігін атап өтті.

«Биыл 394 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Осы салтанатты күні «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтарын қолдарына алатын бірінші сынып оқушыларын құттықтағым келеді. Бүлдіршіндерімізге мықты денсаулық тілеп, ашық және білімқұмар болуға шақырамын.

Жаңа оқу жылы әрбір оқушы, студент, мұғалім және оқытушы, жалпы білім беру саласына қатысы бар әрбір адам үшін қызықты әрі пайдалы болуын тілеймін.

Құрметті әріптестер! Көптен күткен дәстүрлі форматқа оралып, мектеп қабырғасында балалардың жарқын күлкілерін есту сіздерді қуанышқа бөлейтінін білемін. Жоғары оқу орындарындағы аудиториялар да қызықты әңгімелер мен зияткерлік пікірталастарға толы болары сөзсіз», – деп толықтырды А. Аймағанбетов.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА