22.11.2024

Мектепке дейінгі білім берудің маңызы

ПАРИЖ. Хорватияның солтүстігіндегі Ореховица қаласында мектепке дейінгі жастағы балалар аптасына екі рет жиналып, ойнап, білім алады. Шыққан тегі ромалық (Еуропаны мекендейтін көшпенді сығандар – А.А.) балалар жиналған сыныптағы сабақтар қызыққа толы.

Әр оқушының қажеттілігіне бейім­делген іс-шаралар ұйымдасты­рыла­ды. Бұл әр баланың жеке тұлға ретін­де тәуел­сіз болу сезімін оятады. Мұға­лім­дер инклюзивті білім беру практикасын меңгерген. Олар бастауыш сыныпқа барар алдында осы кішкентай балаларды қалай қолдау керектігін біледі.

Ең бастысы, ата-аналар мектепке дейінгі мекемеде үлкен рөл атқарады. Осылайша, қолдау мен бағалаудың маңызын сезінеді. Балаларға осындай жылылық таныту арқылы жергілікті қоғамдастық та жақсарып, әлеуметтік бірлік күшейеді.

Ореховица қаласындағы бағдарлама­ның тиімділігі адамның ұзақ мерзімді дамуы үшін туғаннан бастап бес жасқа дейінгі кезең өте маңызды екенін көрсе­теді. Бұл бұрыннан бар шындық. Осы мерзімде ми тез жетіледі.

Сондай-ақ келешекте денсаулығы­мыздың қандай болатыны, мектепте қаншалықты алғырлық танытатынымыз, қызметімізді қаншалықты тиімді атқаратынымыз да осы кезеңге байланысты. Өмірге қажетті дағдылар дәл осы уақытта дамиды.

Жоғары сапалы білімді ерте бастан беру осындай дағдыларды дамытуға көмектеседі әрі келешекте керемет пайда әкеледі. АҚШ зерттеушілері кейінгі 50 жыл бойы осындай бағдарламаларға 1960 жылдары қатысқан балаларға оның әсерін зерттеген екен.

Олар ерте жастан оқытуға қатысу балалардың енжарлық пен жалқаулығын төмендететінін, орта мектепті бітіру деңгейін 11 пайызға арттырғанын анықтады. Бұл балалардың арасында оқудан шеттетілгендер өте сирек. Жұ­мысқа орналасу нәтижелері мен жалпы психикалық әл-ауқаты жақсы. Сондай-ақ қылмысқа бейімділігі де өте төмен.

Басқа елдерде жүргізілген зерттеулер де осы пікірді қостайды. Чилиде төртінші сынып оқушыларына жүргізілген талдау көрсеткендей, мектепке дейінгі мекемелерге барған балалар, әсіресе табысы төмен отбасынан шыққан балалар осындай бағдарламаға қатыспаған балдырғандарға қарағанда оқу мен математиканы жақсы меңгер­ген. Индонезияда ерте жастағы білім кедей мен бай балалар арасындағы тілдік, танымдық даму, қарым-қатынас, жалпы білім мен әлеуметтік жақтағы мінез-құлықтағы алшақтықты азайтқан.

ЮНЕСКО-ның білім беруді бақылау жөніндегі жаһандық есебі – Right from the Start жақында зерттеу жүргізген. Бағдарламаның алғашқы жылдардағы осындай табысына қарамастан, негізі­нен кедей және табысы орташа елдерде әрбір бес баланың екеуі әлі күнге дейін мектепке дейінгі сыныптарға қатыса алмайды.

Мүгедектігі, ұлты, тілі, кедейлік, көші-қон немесе қоныс аудару секілді себептердің салдарынан балалардың мүм­кіндігі шектелген. Сондай-ақ тамақ­тан қағылып, денсаулығы нашар­лаған. Олар мектепке дейінгі тәрбиеге қол жеткізе алмайды.

Бай мен кедейлердің балалары арасын­дағы мектепке дейінгі сынып­тарға қатысу айырмашылығы анық байқа­лады. Африканың кей елінде бұл көр­сеткіш 60 пайыздан асады. Этнос­тық алшақтық та үлкен рөл атқара­ды. Мысалы, Грекияда мектепке де­йінгі білім беру мекемелерінде тәрбие­ленушілердің жалпы саны 84 пайыз­ды құрайды. Солардың ішінде рома­лық­тардың 28 пайызы ғана мектепке дейінгі білімді алады.

Right from the Start бәріне бірдей білім беру мүмкіндігін қарастыру инклю­зивті дамытуда үлкен рөл ат­қаруы мүмкін екенін айтады. Барлық бала­ға шығу тегіне, жеке басына немесе қабілетіне қарамастан, мектепке дейінгі білім алуға мүмкіндік беру кейінірек олардың ой-өрісін кеңейтеді. Бірақ көптеген елде мұны кездейсоқтық ретінде қарастырады. Әлем елдерінің 28 пайызы ғана бар­лық балалар үшін мектепке дейінгі дайын­дықты міндеттеген.

Қолжетімділік – мәселенің бір бөлігі ғана. Ең кедей елдерде мектепке дейінгі мекемелердің көбі қаржылан­дырыл­майды және сапалы инклюзивті білім беруге қажетті құралдармен жаб­дық­талмаған. Балалар сапалы білім алуы үшін қауіпсіз мектептер, белсен­ді әрі тиісті дайындықтан өткен мұғалім­дердің көмегі қажет. Бірақ ерте білім беруді шектен тыс арттырып жіберу де балаларға зиян.

Малавиде бала күтімі орталық­тарының қызметкерлеріне жүргізілген сауалдамаға сүйенсек, олардың үштен бірі ғана тиісті біліктілікке ие екен. Бірақ сапа мәселесі табысы жоғары елдерде де бар. Мысалы, Италияның Тоскана аймағында мұғалімдердің шамамен 60 пайызы иммигрант, босқын және рома оқушыларының қажеттілігімен таныс емес екенін айтқан.

Covid-19 пандемиясы осындай өршіп тұрған теңсіздікті одан әрі күрделен­дірді. Осылайша, білім беруді инклю­зивті түрде бастауды одан әрі күшейте түсті. Маусымда Ұлы­бри­танияда өткен G7 саммиті кезінде АҚШ-тың бірінші лэдиі Джил Байден мен Кембридж герцогинясы Кэтрин ерте жастан бастап күтім мен білім берудің маңызына ерекше екпін берді.

Күш-жігерді күшейту және ынты­мақтастықты нығайту үшін үкіметтер мен халықаралық ұйымдар күзде әр баланың мектепке дейінгі сыныпқа баруын қамтамасыз ету мақсатында ерте білім беру бойынша жаңа жаһандық серіктестік стратегиясын іске қосады.

Елдердің ерте білім беруге тиісінше басымдық көрсетуі өте маңызды. Олар мұғалім­дер­дің инклюзивті білім беруге даяр­лығын және оқу бағдарла­маларын­да балалардың әртүрлілігін ескеруін қам­тамасыз етуге тиіс. Осы деректерді жинап, оларды мұқият зерттеп, біраз шаруа атқару керек. Ал үкіметтер ерте білім беру бағдарламаларына құйыла­тын инвестицияны ұлғайтуға тиіс.

Әлем көшбасшылары пандемиядан кейін «жақсырақ қалпына келуге» бірнеше рет уәде берді. Білім мәсе­лесінде олар оны басынан бастап дұрыс жасауға тиіс.

 

Манос АНТОНИНИС,
ЮНЕСКО-ның білім беруді бақылау жөніндегі жаһандық есебінің директоры
“Егемен Қазақстан” газетінен алынды
Дайындаған: Абай Отар

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА