22.11.2024

Елордада №91 мектеп-гимназиясы ресми түрде ашылды

Бүгін Нұр-Сұлтанда қала басшылығының қолдауымен Бахрейн Корольдігімен бірлесіп салынған №91 мектеп-гимназиясы ресми түрде ашылды.

Анатолий Храпатый көшесінде орналасқан жаңа мектеп 1200 оқушыға арналған.

Оқу орнының ресми ашылу салтанатына елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов және Корольдік гуманитарлық қорының бас хатшысы Мұстафа әл-Саид бастаған Бахрейн Корольдігінің делегациясы қатысты.

 

«Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Мерейтой қарсаңында елордада үлкен және ауқымды мектептің құрылысы аяқталып, оқу процесі басталды. Оқушылар мен педагогтерді дәстүрлі форматта оқу жылының басталуымен құттықтаймыз. Пандемияға байланысты оқушылар 1,5 жылдан астам уақыт қашықтан оқуға мәжбүр болды. Қазір оқушылардың жоғары деңгейде білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Біз әрқашан осындай идеялар мен әлеуметтік жобаларды қолдауға дайынбыз. Болашақта бауырлас елдермен осындай жобаларды одан әрі жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде Мұстафа әл-Саид қала тұрғындарын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, еліміздің қарқынды дамуы мен жетістіктеріне таңданысын білдірді.

«Осы мектептің ашылуына қатысқандардың бәріне, қала әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Өйткені біз бұл мектептің Қазақстандағы, сондай-ақ Азиядағы ең үздік және әдемі мектептердің бірі болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мектепте араб тілін үйренуге арналған мұражай мен кабинет бар. Мұнда еліміздің мәдениеті мен дәстүрлері туралы білуге болады. Бұл мектеп мәдениет пен ғылымның орталығы болып есептеледі. Қазақстан мен Бахрейн Корольдігінің арасындағы байланыс өте тығыз», – деп атап өтті Бахрейн Корольдігінің Корольдік гуманитарлық қорының бас хатшысы.

 

Жаңа мектеп ғимаратында 62 кабинет және 11 зертхана бар. Мұнда еңбек кабинеттері, қыш шеберханасы, 418 орындық асхана, спорт және акт залдары, коворкинг аймағы, лингвистикалық кабинеттер және тағы басқалары бар.

Мектептің оқу тілі – қазақ және орыс. Оқу орны көптілділік принципі бойынша жұмыс істейді. Мұнда негізгі екі тілден бөлек, араб, француз және неміс тілдері де оқытылады.

Ғимараттың үшінші қабатында 5 елдің – Қазақстан, Бахрейн Корольдігі, Ұлыбритания, Франция, Германия мәдениетін дәріптейтін мектеп мұражайы орналасқан. Осы мұражайда балалар көптілділік дағдыларын дамытады, полиглоттар клубы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, мектеп кітапханасында 5 елдің көркем әдебиетін табуға болады.

Қазір мектепте 1 370 бала оқиды. Оқыту – тегін.

Айта кетейік, 2021 жылы Нұр-Сұлтанда барлығы 15 мектеп пайдалануға беріледі, бұл 40 мыңнан астам оқушы орнын құрайды. Олардың көпшілігі ашылды.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА