Таланттың бәрі ауылдан шығады дейміз. Бұл ретте ауылдағы үздік оқушыларды іріктеп, олардың республикадағы жетекші мектептерде білім алуын жалғастыруға мүмкіндік беретін «Мың бала» олимпиадасының үлесі зор. Осынау зияткерлік байқауда бірнеше оқушысы жеңімпаздар қатарынан көрінген ауыл мектептері де елеусіз қалмады. Мұғалімдер күні қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев қоры Елбасының «Ел үміті» бастамасының жобаларында жоғары нәтиже көрсеткен ауыл мектептерін марапаттап, әр мектепке 2 млн теңгеден тапсырды.
Мұндай қаржылай сертификат алдымен Қызылорда облысының Қазалы ауданында орналасқан Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейіне табыс етілді. Аталған мектеп ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті. Жобаға қатысқан 4 мыңнан аса мектептің ішінде осы білім ошағы – үздіктер қатарында. Олимпиаданың қорытындысы бойынша бұл мектепте 66 финалист және 21 жеңімпаз анықталды.
«Мың бала» олимпиадасы осымен екінші жыл өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде жобаға 450 мыңнан аса ауыл оқушысы қатысып үлгерді. Олимпиаданың нәтижесі бойынша 2 мың оқушы жеңімпаз атанып, республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері, «Дарын» мамандандырылған мектептері сияқты еліміздің жетекші мектептерінде оқуға, сондай-ақ Елбасы академиясының Birge oqý онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуге мүмкіндік алды.
Екінші ақшалай сертификатты Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының №1 Смирнов орта мектебі алды. «Елбасы медалі» жобасын іске асыру шеңберінде неғұрлым белсенді ауыл мектептеріне талдау жүргізіліп, олардың ішінде №1 Смирнов орта мектебінде Елбасы медалінің ең көп иегерлері анықталды. Аталған мектептің 12 оқушысы бағдарламаны 7 бағыт бойынша аяқтап, қола медальға ие болды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша барлығы 292 қатысушы қола медаль жеңіп алды. Қазіргі уақытта өңір бойынша «Елбасы медалі» жобасының бағдарламасына 404 жас қатысты.
Жалпы, екі жыл ішінде бүкіл ел бойынша 20 мыңнан аса қатысушыны қамтыған «Елбасы медалі» жобасы 7 бағытты негізге алады: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Биыл Елбасы медалінің 605 иегері гранттар алып, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсті. Олардың 30%-дан астамы – ауыл мектептерінің түлегі.