22.11.2024

Ұлттық жоба: Шалғайдағы мектептерге қаладағы әлеуетті мектептер «тәлімгер» болады

«Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында 5000 мектептің материалдық- техникалық базасы жаңартылып, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ал шалғайдағы шағын мектептерге қаладағы әлеуетті мектептер әдістемелік көмек беріп, «тәлімгер» болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова ҚазАқпарат тілшісіне берген сүхбатында айтты.

Жоба аясында мектепке дейінгі тәрбиенің мемлекеттік стандартын өзгерту көзделген. Министрлік өкілі осы жоспардың қала іске асатынын баяндады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізіледі. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады. Бұрынғы стандартта негізінен мектептердегі академиялық білім қамтылған. Яғни балабақшадан бастап пәндер оқытылатын. Енді жаңа стандарт бойынша балабақшада қалыптасатын дағдылардың бәрі ойын арқылы сіңіріледі. Мектепке дейінгі тәрбие дегеннің өзі балабақша мен мектепалды даярлығы деп бөлінеді. Сол мектепалды даярлықта ғана оқыту ұйымдастырылады. Оның өзі бағаланбайтын ойын түрінде жүреді», – дейді комитет төрағасының орынбасары.

«Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында қала мен ауыл мектептерінің арасындағы сапа айырмашылығын қысқарту мақсат етіліп отыр.

«Ол үшін ең әуелі қалалар мен аудан орталықтарындағы әлеуеті мықты мектептер ауылдағы қандай да бір кедергісі бар мектептерге тәлімгер болып бекітіледі. Бұл негізі 2019 жылдан басталған болатын. Бірақ саны аз еді. Яғни мектептер арасында әдістемелік сүйемелдеу жанданады. Тәлімгер мектептер мен түрлі кедергісі бар мектептердің саны кейін нақтыланады. 2019 жылдан бері 50-дей мектеп осындай әдістемелік сүйемелдеуге тартылған», – деді Сапура Төлекова.

Министрлік Ұлттық жоба аясында мектептердің әлеуетіне жеке-жеке талдау жүргізбекші. Сол үшін халықаралық PISA стандарттарын пайдалану жоспарланып отыр.

«Келесі жылы халықаралық PISA сараптамасы бойынша салыстырмалы талдаулар жүргізіледі. Осы жолы Қазақстан мектептерінде алғаш рет «Мектепке арналған PISA» деген жоба іске асады. Қазіргі PISA талдауларында жалпы Қазақстан бойынша көрсеткіштер анықталса, мұнда әр мектептің мүмкіндігі мен әлеуеті, проблемасы мен кемшілігі айқын көрінеді. Бірінші жылы пилоттық негізде 200 мектеп алынып тұр. Кейін бірте-бірте 1000 мектепке барады. Бұл да мектептердің проблемасын жеке-жеке талдап, шешімін табуға септігін тигізеді», – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол 2024 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланғанын еске салды.

«Оның аясында оқу бағдарламасы толығымен өзгереді. Бұл жерде білім мазмұнын қолданбалы форматқа ауыстыруға басымдық беріледі. Қазір бізде алған білімді қолданып үйрену деген мәселе кенже қалыңқырап тұр. Сондықтан 12 жылдық жүйе аясында функционалдық құзыреттілікке бағытталған білім мазмұны енгізіледі. Демек қазіргі жаттанды ереже, жаттанды формула сияқты нәрселерден сәл алшақтаймыз. Мысалы, математикадан «аудан» ұғымы оқытылса, әр оқушы үйінің еденін кафельдеу үшін қанша материал алатынын есептейді. Осы сияқты барлық пәндерді нақты өмірмен байланыстырып оқыту, пәнаралық байланысты тереңдету алға шығады. Қазіргі STEM бағыты сияқты бірнеше пәннің интеграциясы бойынша оқушылар өзіне қажетті жоба жасауға бейімделеді», – деді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, 12 жылдық білім жүйесіне көшу жергілікті бюджеттер есебінен іске асады. Ал «Мектепке арналған PISA» жобасы бойынша 200 мектепте талдау жүргізуге 213 млн теңге бөлінген.

Ұлттық жобаның тағы бір жаңашылдығы қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс беру бастамасымен байланысты. Маманның сөзінше, бұл да жергілікті бюджеттен қаралады.

«Яғни жерігілкті бюджеттің мүмкіндігіне қарай бөлінеді. Қосымша білімге мемлекеттік тапсырыс аясында тегін үйірмелермен қамту биыл да іске асып жатыр. Тек оқушылар сарайы мен музыка мектептері ғана емес, түрлі дамыту орталықтары, жекеменшік би үйірмелері де конкурс арқылы тапсырысқа ие болып, орындай алады. Бұл не үшін керек? Бала робот техникасы бойынша үйірмеге қатысқысы келді дейік. Бірақ оны үйрететін мемлекеттік орталық қаланың екінші шетінде болуы мүмкін. Осындай балалар мемлекеттік тапсырыс арқылы үйіне жақын жердегі жекеменшік орталықтағы үйірмеге тегін қатыса алады. Мысалы спорттық үйірмелер бойынша айтсақ, 2020 жылы оқушылар 87 пайыз қамтылған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайыз болуы керек», – .деді Сапура Төлекова.

Бесжылдық жоба шеңберінде мектептерді қауіпсіз әрі жайлы етудің нақты өлшемдері енгізілмек.

«Бұл іс екі негізгі бағыт бойынша қарастырылып отыр. Ауылдар мен шағын қалалардағы мектептердің ішінде 5000 мектепті жаңғырту қолға алынған. Оның ішіне күзетшімен, бақылау камераларымен қамту сияқты қауіпсіздік шаралары кіреді. Сондай-ақ, күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи пән кабинеттерімен жабдықталады. Интернетпен қамтамасыз етіп, асханаларын жаңа үлгіде жабдықтау, кітапханаларын жаңарту да бар.

Бұл мақсатқа 2021 жылы 133 млн теңге қарастырылған. Жалпылап айтсақ, апатты және үш ауысымды мектептердің санын азайту, жаңадан ашылатын мектептерді кадрмен қамтамасыз ету, қауіпсіздік шаралары мен матералдық-техникалық базаны жаңартуға 2021-2025 жылдары 3,6 млрд теңге бөлінбек», – дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары.

Ұлттық жоба аясында ел арасында «ПМПК» деп қысқартылып айтылатын ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз ету үшін норматив жеңілдетілмек.

«Бұрын 60 мың балаға бір комиссия деп қарастырылса, Ұлттық жоба аясында соны 50 мың балаға 1 комиссия деп жаңарту көзделіп отыр. Яғни аймақтарда жаңа комиссиялар құрылады деген сөз. Бұл кезектерді азайтады. Қазір ерекше білім беруге мұқтаж балалардың ұзақ уақыт кезек күтуі жиілеп барады. Бұл соның алдын алу үшін жасалып отыр», – деді Сапура Төлекова.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА