Қоғамда екіұдай пікір тудырған бұл ҰБТ жүйесінің келешегіне кейбіреулері күмәнмен қараса, енді біреулері тиімді екенін алға тартады.
Математик Мұхтарбай Өтелбаев тестілеуді мүлде алып тастауға қарсы. «Біржолата алып тастамай, оның сапасын дұрыстау керек», — дейді.
Еуразия гуманитарлық институтының оқытушысы Жансая Сүлейменова ҰБТ-ны баланың білім деңгейін обьективті анықтайтын бірден-бір жоба деп есептейді. «Кез келген бала білімі мықты болса, ҰБТ арқылы дәлелдеп бере алады»,- дейді.
Мұхтарбай Өтелбаев, физика-математика ғылымының докторы, профессор:
Себебі, біздегі тест сұрақтары алдымен орысша дайындалып, одан кейін қазақшаға аударылады. Міне, түсініксіз сөйлемдер осы жерде туындайды. Қазақшаға аударғанда сөйлем мағынасына қарай емес, көбіне сөзбе-сөз аударылып жатады. Мысалы: «от себя к себе» деген сөз аудармашылардың кінәсінен тікелей «өзіңнен өзіңе» болып аударылады.
Дегенмен, тестің пайдасын да жоққа шығармаймын. Тест мұғалімнің пендешілігіне жол бермейді. Өйткені, емтихан сұрағы балалардың барлығына бірдей. Кейбір мұғалімдердің өзінің нақты қоятын бағасы болады оқушыға. Яғни, бір мұғалімнен бестік алу арман. Сабақты мың жерден мүдірмей айтып бергеніңмен, ол саған 3-тен артық баға қоймайды. Бұл жағдай біз мектепте оқып жүрген кезімізден бері бар. Міне, тест кейбір сараң мұғалімдердің баланы алалап, үздік оқушыға төмен баға қоюына жол бермейді. Өйткені, баланың білімін компьютер анықтайды.
Меніңше, тестті мектеп бітіруші түлектердің тапсырғаны дұрыс. Ал ЖОО-ға түсу кезінде тестің қажеті бар ма, жоқ па, міне осы жағын ойласу қажет. ЖОО-ға тестпен тапсырған күннің өзінде талапкермен әңгімелесу түрінде қосымша сынақ белгілеу қажет. Өйткені, математикаға тапсырған дарынды балалар көп жағдайда тест кезінде білімін толық көрсете алмай, төмен балл жинап, оқуға түсе алмай жатады. Міне, осындай балаларға обал болмауы үшін оларға міндетті түрде ауызша емтихан керек. Әңгімелесу түріндегі емтихан барысында кімнің есепке ебі бар, кімнің қабілеті жоқ екені айқын аңғарылады. Сондықтан, ЖОО-ға түсу үшін ауызша емтихан тапсыру жағын қарастырған жөн. Тест жүйесі, әсіресе, математикаға «ен таққан» талапкерлердің толық ашылып, білімін көрсетуіне мүмкіндік жасай алмай отыр. Алысқа бармай-ақ, өз тәжірибемнен айтсам, тест бойынша өте жоғары балл жинап ЖОО-ға түскен студенттердің басым бөлігі сабаққа үлгере алмай, бірінші семестрден кейін оқудан шығып жатыр.
– ҰБТ-ның басты артықшылықтарының бірі – адами фактордың араласпай, талапкердің білімінің объективті бағалануында. Сондай-ақ, оқушының өз өңірінен алысқа бармай-ақ тестілеуге қатысып, сол жерден жинақтаған баллына қарай қалаған ЖОО-ға құжат тапсыра алу мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде алыстағы ауыл түлектерінің оқуға түсуіне мүмкіндігін кеңейтті. Талапкердің бір жылы бағы жанбаса, келесі жылы кешенді тестілеуге қатысып, қайта тапсыруына да мүмкіндігі бар.
Қазір талапкерлер алдында қандай сынақ күтіп тұрғанын, оған қалай дайындалу керек екенін жақсы біледі. Яғни, қанша пәннен қанша сұрақ болатынын, жауап парағын қалай белгілеу керек екенін алдын-ала біліп, дайындықтан өтеді. Тиянақты дайындығы мен сапалы білімі болса талапкер ата-анасының, ұстаздарының үмітін ақтап, жоғары балл жинап шыға алады. Ең бастысы, ата-ана тарапынан балаға «міндетті түрде жоғары балл жинақтау қажет» деген сияқты қысым көрсетілмеу қажет. Оқушыға тестілеуге дайындалуға барлық мүмкіндіктерді жасап, ата-ана, мұғалімдер тарапынан қолдау көрсетілсе, меніңше бұл сынақтан өту соншалықты қиын емес.
ҰБТ өз кезегінде менің де оқуға түсуіме жол ашты. Ауылдық квота негізінде бөлінетін жеңілдіктің өзі талай сыныптасымның бағын жандырды. Осы сынаққа тиянақты дайындалып, жоғары балл жинақтадым. Өз ауылымда тұрып-ақ, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге құжат тапсырып, мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылдандым. Кейіннен осында магистратураны үздік бітірдім. Айта кететін жайт, ЖОО-да кредиттік оқыту жүйесі негізінде көп пәндерден емтихан тестілеу арқылы қабылданады. Магистратура мен PhD докторантураға түсу үшін де ағылшын тілінен тест тапсыру қажет. Демек, тестілеу әлемде қолданылып келе жатқан және кейбір кемшіліктеріне қарамай қазіргі уақытта білім сапасын бағалаудың ең тиімді жолы.
Ләззат Кемелбаева
http://aynaline.kz/
ҰБТ-ның балалардың білімін нақты көрсететін саралау деп айта алмаймыз. Мұхтарбай ағамыз жақсы айтты, математикадан немесе басқа қиын пәндерден өз дәрежесін көрсете алмаған түлектерге ЖОО-да болатын сынақ үлкен септігін тигізеді. Аталып өткендей: “ҰБТ-ны алып тастағаннан гөрі, оның сапасын арттыру керек”. Ал, көптеген психологиялық стресске ұшырайтын түлектерге айтарым ” бұл сынақтың әсерінен емес, бұз өзіңізді психологиялық тұрғыдан барлық қиындыққа дайындай алмағаныныңыздың көрінісі”
Өз басым ЖОО орнына түсер кезде ҰБТ емес ауызша-жазбаша емтихан өткенін дұрыс деп ойлаймын,өйткені сол ҰБТ ға дайындаламыз деп барлық оқушылар бүкіл уақыттарын дерлік тест жаттаумен өткізеді. Неше түрлі шпор ойлап табады.Ал емтихан болатын болса олар әр сұраққа дұрыстап толығымен дайындалады. Ауызша немесе жазбаша түрде айтуға дайындалады.