Өткен апта бойы порталымызда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Сейілбекұлы Әбдиев мырза интернет-конференцияда болып еді. Қали Әбдиев мырза ҰБТ-ға байланысты оқырман тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап берді.
Қали Сейілбекұлы Әбдиев 1956 жылы дүниеге келген. 1979 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Бірнеше жыл Қазақстанның жоғары оқу орындарында қызмет атқарған. 1997-2007 жылдары статистика саласында еңбек етті. 2010 жылдан бері «Ұлттық тестілеу орталығының» директоры болып қызмет атқарып келеді.
1. Қазбілім порталы.
Сіз биылғы ҰБТ туралы, қатысатын оқушы саны, уақыты туралы толық мәлімет бере кетсеңіз.
Жауап:
Биылғы ҰБТ маусым айының 2-8 аралығында 155 пунктте өтеді. Оған қатысуға 92080 мектеп бітірушіден өтініш түсті, оның ішінде 63604 – қазақ тілінде тапсырушылар, 28476 – орыс тілінде. Тест тапсыру уақыты бұрынғыдай – 210 минут (3,5 сағат). Апелляцияға өтініш тест тапсырғаннан кейін, келесі күні сағат 14:00-ге дейін қабылданады.
2. Дарын Илиясов
Ассалаумағалейкум! Осы ҰБТ сұрақтары жиі қайталанады. Әр жылы көп болса 20 пайыз сұрақ жаңадан енгізілген. Қалғаны ескі сұрақтар. Сонда, жалпы база жаңармай ма? Бұл кей оқушылардың жаттандылыққа салынуына себеп болып отыр. Біз осыдан қалай арыламыз? Қашан арыламыз?
Жауап:
Сұрақтар жиі қайталанады деген дұрыс емес. Соңғы 3 жылда негізгі пәндер бойынша сұрақтар толық дерлік жаңартылып отырды. Байқау сынақтарында сұрақтар қайталануы мүмкін. Мұндай сынақтардың негізгі мақсаты тестілеу технологиясымен таныстыру болғандықтан, оны көп тапсырған жағдайда сұрақтар қайталанып келе береді деген ой болуы мүмкін.
3. Сәбина Алмасбекқызы
Сәлеметсіз бе? Менің сұрағым, ҰБТ оқушының білімін толыққанды бағалай ала ма?
Жауап:
ҰБТ білімді дұрыс бағалай алады. ҰБТ және ТКТ нәтижелері бойынша мемлекеттік гранттарға конкурс өткізіледі. Негізгі мақсат осы конкурсқа қатысушыларды нәтижелері бойынша мамандықтарға сәйкес тізімге дұрыс орналастыру. Міне, осы жағдайда тест әдісі өте тиімді.
4. Айдос
Кей жылы Ұлттық бірыңғай тест нұсқаларының жауабы сатылыпты деп шу шығады. Талай қылмыстық іс те қозғалды? Бұл сіздердің кінәларыңыз ба? Биыл мұндай олқылықтар болмауы үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
Жауап:
2011 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында осындай оқиға болған. Ата-аналар тапсырыс берген, мектеп директоры ақша жинаған, сұрақ кітапшаларын сақтауға жауапты ҰҚК қызметкері қораптарды ашып берген, мектеп мұғалімдері жауаптарды дайындаған. Қылмысқа қатысушылардың барлығы сол ауданнан, емтихан өткізу кезінде бұл қылмысты ашқан министрлік өкілдері. Қорыта айтқанда, ҰБТ өткізуге қатысы бар жергілікті адамдардың қылмысқа баруы кездеседі. Оның негізгі себебі, ҰБТ-ның қорытындысы бойынша көп нәрсе шешіледі, кейбір адамдар осыны пайдаланып, пайда тапқысы келеді. Біз өз тарапымыздан мұнымен жылда күресіп келеміз. Алайда, бізді қолдаушылар әлі де болса аз. Мысалы, Жаңақорғандағы қылмысқа қатысқан мектеп мұғалімдерін біздің қоғамда ешкім сынаған жоқ, олардың кінәсі өте көп екендігін ешкім айтпады. Сондықтан, бізге қолдау жетіспейді деп айтуға болады.
5. Алмас Баяхметов
Осы апелляция деген нәрсе бар, не жоғалмайды. көп оқушылар апелляцияға беріп түзеттіріп алдым деп жатады. Менің білгім келетіні, демек, ҰБТ да қателік өте көп деген сөз. Бұл неге азаймайды? Әлде біреулерге балл қосудың амалы ма?
Жауап:
Апелляция ҰБТ-ға қатысушылардың құқығын қорғау үшін ұйымдастырылады. Оның нәтижесі бойынша балл қосып алушылар көп деген бекер сөз. Мысалы, 2013 жылы тек 150 сұрақ бойынша ғана талап қанағаттандырылды. Бұл көп емес, сұрақтардың барлық санының бір пайызына да жетпейді.
6. Гүлжан
Саламатсыз ба?
1. Баспа беттерінде келесі оқу жылында ҰБТ формасы өзгереді деген ақпарат бар, Осы қаншалықты шындық? Егер өзгерсе келесі жылғы ҰБТ формасы қалай болады? Сізше болашақта болатын екі кезеңнен тұратын ҰБТ -ның қаншалықты пайдасы бар?
Жауап:
ҰБТ форматы 2015-2016 оқу жылынан бастап өзгертілуі мүмкін. Бұл туралы шешім биылғы жылы күзде айтылатын болады.
2. Егер ҰБТ формасы өзгерсе сұрақтары жүйелене ме, бір ізге түсе ме? Сіздерде ҰБТ тесттерін кімдер құрастырады?
Жауап:
ҰБТ сұрақтарын мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушылары құрастырады. Биыл мұндай жұмысқа 150-ден астам адам қатысты.
7. Ұлан Ерсейтов
Тарих пәнінде қазақ хандығының құрылған жылы туралы екі нұсқа бар, ҰБТ- да қайсы жауапты таңдаймын?
Жауап:
Қазақ хандығының құрылу жылдары туралы мәлімет 6-9 сынып оқулықтарынан алынған.
8. Ұлдана
Сәлеметсіз бе? Осы ұлттық бірыңғай тесттің кей сұрақтарының жауаптарында екі түрлі вариант кездесіп, қайсысын таңдарымызды білмей жатамыз, осы жағдай қашан бір қалыпқа түседі?
Жауап:
Жауаптың екі түрлі варианты дұрыс болып кездесуі қате болып есептеледі. Байқау сынықтарында мұндай жағдай кездессе бізге хабарлау қажет. Егер ҰБТ тапсыру кезінде кездессе, апелляцияға беру қажет. Бұл техникалық қатеден ғана болуы мүмкін жағдай. Және мұндай жағдайлар ҰБТ-да көп кездеспейді. Соңғы жылдардағы мәлімет бойынша апелляция қорытындысында барлық сұрақтардың бір пайыздан аз мөлшері ғана қате деп табылды. Негізгі себептер – техникалық қателіктер.
9. Ерғанат
Ассалаумағалейкум аға, менің түсінбейтінім ұлттық тесттен соң оқушылар апелляция арқылы бал қостырып жатады. Тесттерден өз жауабының дұрыстығын дәлелдейді, сонда тесттің ішінде қателіктер көп кете ме? Неге алдын-ала мүлде қателік кетпестей тексерілмейді? Егер тест сапалы болса апелляцияның не керегі?
Жауап:
5-ші және 8-ші сұрақтарға берілген жауаптарды қараңыз.
10. Амире Жекебатыров
Ұлттық тестілеу орталығындағы коррупциялық жағдайға қандай баға бересіз (пайызбен%)?
Жауап:
Ұлттық тестілеу орталығында ешқандай коррупция жоқ. Барлық жұмыстар мемлекеттік құпияны сақтау талаптарына сәйкес жүргізіледі. ҰБТ өткізу кезіндегі тәптіп бұзушылықтарды талдасаңыз, барлық мәселе жергілікті пункттердегі ҰБТ-ны өткізуге қарсы әрекеттер жасалуынан екендігін байқайсыз. Оқушылардың әрқайсысы 2-3 телефоннан алып кіруге тырысады, оларға мұғалімдер көмек көрсеткісі келеді, жергілікті басшылар өз талаптарын қоюға тырысады, т.б. Ұлттық тестілеу орталығы технологияға жауапты, тест тапсырмаларын құрастыруды ұйымдастырады. Ал, ҰБТ өткізуге көп ұйымдар мен адамдар қатысады, олардың барлығы бірдей өз жұмысына жауапты қарай алмай жатады. Мұндайды болдырмау үшін барлығын жоғарыға сілтей бермей, әрбір жағдайды жария түрде талдау қажет.
11. Азамат
Сізге қояйын деген сұрағым, бірінші, биылғы тест сұрақтары былтырғыдан қаншалық парықты? Айырмашылығы көп пе?
Жауап:
Негізгі пәндер бойынша биылғы сұрақтарда өзгерістер көбірек. Байқау сынақтарында пайдаланылғандар өткен жылдардағы сұрақтар, олар көп кездеспейді.
Екінші, осы ҰБТ кезіндегі бақылау кей жерде қатаң, кей жерде бос болады дейді? оны сіздер қадағалайсыздар ма? Әлде басқа органдардың жұмысы ма?
Жауап:
Бақылау барлық жерде бірдей болуы тиіс. Қадағалайтындар – Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Білім саласындағы бақылау департаменттерінің өкілдері, мемлекеттік құпия бойынша – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, құқық бұзу бойынша – Ішкі істер департаменті, ұйымдастыру жұмыстары бойынша – жергілікті мемлекеттік комиссиялар.
kazbilim.kz