Барлық саланың тірегі – білім мен ғылым. Өйткені кез келген мамандыққа кадр даярлайтын білім жүйесі болса, барлық саланың сапалық өнімділігі мен жалпы дамуын жіті зерттейтін – ғылым. Өткен жылғы осы қос саладағы негізгі жаңалықтар мен енгізілген өзгерістерге тоқталдық.
Мемлекет басшысының 2020 жылы мамырдағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделі бекітілді. Бұл – мектепке дейінгі білім берудің мақсаттарын, міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат.
Бұған дейін жекеменшік балабақшалардағы келеңсіздіктер көбейгені жиі айтылды. Бұған ең алдымен мұндай мекемелерді тексеруге рұқсаттың жоқтығы себеп болған. Енді бұл реттелді. Өйткені биыл мектепке дейінгі ұйымдарды мемлекеттік аттестаттау қайта іске қосылды. Мемлекеттік аттестаттаудың жаңа форматы мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін өзін-өзі бағалау негізінде талдаумен ерекшеленеді.
Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін ғылыми негіздеу және сүйемелдеу бойынша туындайтын мәселелерді шешу мақсатында «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 қарашадағы №796 қаулысымен «Балаларды ерте дамыту институты» болып қайта аталды.
Қосымша біліммен қамту заңдастырылды
2020-2021 оқу жылында орта білім жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына толықтай көшті. Орта білім үшін бұл жылдың жаңалығы – А.Байтұрсынов әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппенің» қайта оралуы.
Жалпы, білім беретін мектептерге инклюзияны қолдау кабинеттері (400 инклюзияны қолдау кабинеті, оның 68-і 2021 жылы ашылған), педагог-ассистенттің штат бірліктері (396 арнайы педагог, 55 мұғалім, 189 психолог, 443 педагог-ассистент) енгізілді. Аутизмі бар балаларды дамыту және оқыту, олармен уақтылы түзету жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылы орта білім беру ұйымдарының түрлеріне аутизм орталықтары қосылды.
Біз осыған дейін «Көлеңкеде қалған қосымша білім» деген тақырыпта қаншама баланың қосымша біліммен қамтылмай қалғанын мәселе ретінде көтерген едік. Биыл осы түйткілдің түйіні тарқатылды. Барлық балаларды қосымша білім алуға тарту және тең қол жеткізу мақсатында 2021 жылы жергілікті атқарушы органдардың балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысын орналастыру нормасы заңнамалық түрде бекітілді («Білім туралы» Заңының 1-бабы). Сонымен қатар 2021 жылдан бастап денешынықтыру педагогтеріне негізгі бағдарламадан тыс спорттық сабақтар өткізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы заңнамалық деңгейде енгізілді.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы тағы да 25%-ға өсті. Мұғалімдердің жүктемесі аптасына 18 сағаттан 16 сағатқа дейін қысқартылды.
Білім бөлімдері тікелей басқармаға бағынады
Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларына үміткерлерді сапалы іріктеуді жүзеге асыру үшін жоғары оқу орындарына түсу және қабылдау үшін шекті балл 50-ден 75 балға дейін ұлғайтылды. Педагогикалық мамандықтар студенттеріне стипендия мөлшері 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттырылды. Сондай-ақ мұғалім мамандығына талантты түлектерді тарту және сапаны қамтамасыз ету үшін 2021 жылдан бастап қанат қақты режімде ұлттық біліктілік тестін тапсыру арқылы түлектердің біліктілігін растау рәсімі басталды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес 2021 жылдың қаңтарынан бастап өңірлерде білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі енгізілді. Аудандық, қалалық бөлімдер қаржы және ұйымдастыру жағынан облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларына есеп бере бастады.
Грант колледжге емес, студентке беріледі
Биыл колледждерге академиялық дербестік берілді. Енді кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдар өздері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындай алады. Бұл өз кезегінде колледждерге жұмыс берушілердің талаптарына қарай мамандарды даярлауға, еңбек нарығының сұранысына сай білім бағдарламаларын әзірлеуге, сол арқылы оқытуға мүмкіндік береді.
Колледжге оқуға түсу тәртібі өзгерді. «Ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру мен колледждерге қабылдаудың жаңа тетігі енгізілді. Жаңа механизм бойынша болашақ студенттер төрт мамандық пен төрт колледжге дейін таңдай алады. Қабылдау рәсімі жаңа ережелерге сәйкес жүзеге асырылды. Биылдан бастап педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихандары болған жоқ. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту конкурсы білім басқармаларының ақпараттық жүйелері арқылы өткізілді, талапкерлерді бөлу автоматтандырылған.
Елбасы бастамасымен қабылданған «Жас маман» жобасы аясында 2021 жылы 180 колледжге заманауи жабдықтар беріліп, кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттары енгізілді. Соған сай білім берудің жаңа технологиялары бойынша педагогтер біліктіліктерін арттырды. Тиісті заңға колледждердің ақылы қызмет көрсетуі бойынша түзетулер енгізілді. Бүгінде колледждер оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында шығарылатын тауарларды сата алады және ақылы қызметтер көрсетуге де болады.
Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, дуалды оқыту кезінде студенттердің практикадан өту мерзімі еңбек өтіліне есептеледі. Бұл колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.
Грантқа түсуге 2 рет мүмкіндік берілді
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібіне енгізілген өзгеріске сәйкес грант ұтып алу үшін талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр-маусым айларында тапсыруға мүмкіндігі бар. Бірақ тестілеуге бір күнде 2 қайтара қатысуға тыйым салынады.
Педагогикалық мамандыққа мықты түлектерді қабылдау мақсатында 2021 жылы ҰБТ-ның шекті балы 75 балға дейін көтерілді. Болашақ мұғалімдерді ынталандыру үшін олардың стипендиялары 42 мың теңгеге дейін өсті. Қазір педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттер ең жоғары стипендия алып жатыр.
Вирусологтарды даярлау қолға алынды
Докторантураға түсу емтихандары 2021 жылы алғаш рет электронды форматта өтті. Былтыр магистратураға түсу кезінде тестілеудің электронды форматы апробациядан сәтті өткен. Бұл механизм сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою тұрғысынан тиімді.
Елімізде биылдан бастап вирусолог мамандарды даярлау қолға алынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп оқытпақ. Вирусология бағыты бойынша магистранттар мен докторанттар даярланбақ.
Президенттің тапсырмасын іске асыру шеңберінде еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының шәкіртақы көлемі осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап артты. Бакалавр бағдарламасы бойынша оқитындардың шәкіртақысы 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға ұлғайтылды. Бакалаврда оқитын студенттердің шәкіртақысы 26 186 теңгеден 31 423 теңгеге дейін артты.
Волонтер-студенттерге төлем қарастырылды
Қазақстанда волонтер-студенттерді материалдық ынталандыру жүйесі енгізілді. Енді волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын білім алушылар атқарған еңбегі үшін ақшалай сыйақы ала бастайды. Сондай-ақ академиялық кредиттер есептелуі мүмкін. Білім және ғылым министрлігі тиісті нормаларды енгізді. Бұл шешім әлеуметтік маңызды қызметпен айналысатын белсенді студенттердің санын көбейту мақсатында қабылданып отыр. Мысалы, мұқтаж адамдарға көмек көрсету, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және т.б. Министрлік жастардың бастамаларына ерекше ден қойып, олардың бастамаларын қолдайды. Мәселен, енді 20 сағаттық волонтерлік қызмет үшін студенттерге ваучер түрінде кредит беріледі. Бұл студент оқитын жоғары оқу орнында/білім беру ұйымында екі академиялық кредитті (сағатты) есепке алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ студент 20 мың теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем алады. Егер студент 50 сағат жұмыс істесе, оған бес академиялық кредит (сағат) есептеліп, 50 мың теңге төленеді. Айта кетейік, волонтер-студенттерге арналған төлемдер тілдерді оқыту және компьютерлік сауаттылық бойынша репетиторлық қызмет, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс, сонымен бірге аула және спорт клубтарын ұйымдастырғаны, балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі адамдармен жүргізілген әлеуметтік жұмыс, қоршаған ортаны қорғау және басқа да қызметтер үшін қарастырылған.
Іргелі зерттеу ұйымдарын қаржыландыру енгізілді
Отандық ғалымдардың әлеуеті мен үлкен жетістігінің дәлелі бүгінде қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғайтын, бауырлас елдерге жіберілетін коронавирусқа қарсы QazVac отандық вакцинасының «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ» әзірлемесі болды.
«Ғылым туралы» Заңға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу енгізілді. Бұрын ғалымдар жалақыны тек конкурстар арқылы ғана алып, конкурстық рәсімдер кезінде ақысыз мәжбүрлі демалысқа, кейде тіпті мүлде жұмыстан кеткен болса, енді жетекші ғалымдар тұрақты жалақы алады.
Президенттің тапсырмасы бойынша ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі – іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру енгізілді.
Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландыру ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды. 3 жыл ішінде ғылыми зерттеулердің қандай да бір маңызды нәтижелері туралы айту екіталай екені анық.
Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерін апелляцияға беруге болады. Өйткені биылдан бастап Апелляциялық комиссия енгізілді. Бұған дейін біз газетімізде «Сарсаңға салған сараптама» деген тақырыппен проблемалық мақала жазып, 2 ғалымның бірі формальды тексерістен өтпей қалатынын, ондағы техникалық қатесін түзетуге мүмкіндік берілмейтінін жариялағанбыз.
Бесіншіден, былтыр Мемлекет басшысы жыл сайын кемінде 500 ғалымды жетекші ғылыми орталықтарға тағылымдамадан өтуге жіберуді тапсырған болатын. Осыған байланысты, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес БҒМ ғылыми қызметтің ерекшелігін ескере отырып, ғылыми тағылымдамадан өтудің барлық нормативтік базасын әзірлеуі тиіс.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
“EGEMEN QAZAQSTAN” GAZETI