07.11.2024

Кітапты қалай оқу керек?

«Кітаптар – сөйлемейтін ең адал достар: олар – әрқашан жаныңнан табылатын данышпан кеңесшілер, сондай-ақ, олар – сабырлы ұстаздар»

(Чарльз Уильям Элиот)

Әрқайсымыз ішімізден «кітап оқу керек еді, ә?» деп ауыр күрсінетініміз анық. Сіздің айналаңызда білгіңіз келетін ақпараттар мен үйренгіңіз келетін машықтар ұшан-теңіз. Тарихта атыңызды қалдырып, әлемге өзгеше көзқараспен қарағыңыз келеді. Сонымен қатар, көп дүниеге кітап оқып, оны бойға сіңірген кезде ғана қол жеткізетініңізді де білесіз.

Бірақ басқа нәрселерге алаңдап, еліктеп кетесіз немесе ерінесіз. Мысалы, теледидар алдына жатып, ВКонтакте немесе Facebook-ке кіресіз, YouTube-тан күлкілі видеоларды көресіз. Осылайша уақыттың да қалай өткенін байқамай қалып, ұйықтайтын мезгілдің келгеніне «әй, уақыт деген…» деп философиялық тұжырым жасап, таңданып жатасыз. Былай қарап отырсаңыз, кітап оқитын уақытыңыз қалмады.

Егер осы айтқандардың ішінде өз бейнеңізді кезіктірсеңіз, еш уайымдамаңыз. Ештен кеш жақсы. Біз сіздерге, тығыз уақытыңызды барынша үнемдеп, сол азғантай уақытта көбірек кітап оқуыңыз үшін бірнеше пайдалы кеңес ұсынамыз.

* Үнемі өзіңізбен бірге кітап ала жүріңіз!
Егер сөмкеңізде кітап болса, онда кезек күткенде ұялы телефоныңызда «отырмайтыныңыз» немесе бос қиялдамайтыныңыз анық. Күтетін уақытыңызды кітаппен өткізсеңіз, сіз оқыған кітаптар тізімі артары хақ.

* Ұйықтар алдында кітап оқуға уақыт бөліңіз!
Ұйқы алдында 10 немесе 15 минут кітап оқу – ұзақ уақыт жұмыс күнінен кейінгі серігудің жақсы амалы.

* Ұйқыңызды қандырыңыз!
Бұл кеңес мына жерде орынсыз болып көрінуі мүмкін. Сондықтан, қысқаша түсіндіріп кетейік. Адамдардың көпшілігі жұмысқа бара жатып қоғамдық көліктерде отырып оқығысы келеді, әйткенмен, олардың ұйқылары қанбағандықтан, сол уақытта мызғып алады. Егер сіз жақсы демалсаңыз, жол-жөнекей оқып, рухани байи аласыз.

* Саусағыңыздың «соңынан еріңіз!»
Оқып отырып, көздеріңіз алдыңғы не болмаса төмендегі жолға түсіп кетуі мүмкін. Кітапты көп оқитындарда бұндай жағдай сирек кездеседі. Оқып отырған жолыңызды саусағыңызбен немесе қаламмен «жүгіртіп отырсаңыз», қай жерге келгеніңізді білдіріп, көзіңізге бағдар беріп отырады. Бұл әдістің сіздің оқудағы нәтижеңізді арттыра түсетініне кәміл сенуіңізге болады.

* Электронды кітап қолданыңыз!
Ыңғайыңызға қарай өзіңіз үшін қаріпті үлкейтіп, мәтінді белгілеп, керек оқулығыңызды басқа құрылғылардан жүктеуіңізге толық мүмкіндігіңіз бар. Сол қызметтердің бәрін бір қолдың көмегімен-ақ жасауға болады. Бұл адам толы автобустарда екінші қолыңызбен тұтқадан ұстап тұрған жағдайда септігін тигізеді емес пе?

* Аудиокітаптар алыңыз!
Егер сіз тыңдағанды ұнатсаңыз, бұл нұсқамыздың ұнамауы мүмкін емес.

* Кітапты бір демде оқып шығыңыз!
Бұл пікіріміз қызық көрінетін шығар. Басқа кітаптарға алаңдамай, оқып отырған кітабыңызды нысанаға алыңыз.

* Оқыған кітаптарыңыздың атын жазып отырыңыз!
Бұл тізімнің уақыт өткен сайын артып, толып отырғаны жаныңызды жадыратады. Алға қарай демеп, күш беріп, әлі де оқи түсуге жәрдемдеседі.

* Оқығыңыз келетін кітаптардың тізімін жасаңыз!
Бұл тізім – болашақта сіңіргіңіз келетін ақпараттардың көзі. Ол тізім көбейген сайын сіздің зейініңіз ашылып, оқудағы жылдамдығыңызды арттырады.

Кітап оқу дегеніміз – химиялық реакция сияқты. Реакциядан кейін бастапқы элемент өзінің бір қасиетінен арылып, жаңаша түрге енеді. Сол секілді, сіз де, кітап оқыған соң, бұрынғы «сіз» болмайсыз, өйткені кітап бізді құбылтады, өзгертеді, өсіреді. Айтылған бұл кеңестеріміз оқырмандарымызды рухани жағынан байытады деп үміттенеміз, ал сізді жақсы, жаңа, қызықты кітаптар күтіп тұр деп сенеміз.

 

Ербол Жұмабайұлы
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА