23.11.2024

Каникулдағы қосымша білім

Қазір балалар демалыста. Қысқы каникул уақыты 10 қаңтардан 17 қаңтарға дейін ұзартылды. Елдегі жағдайға байланысты ин­­тернет кей өңірлерде әр­түр­лі уақыт аралығында беріліп отыр. Оған қоса комендаттық уа­­қыттан тыс кезде де балаларды мей­лінше сыртқа шығармау ұсынылды. Сон­­дай-ақ қаңтар айында оқу­шылар қашықтан оқы­тылмақ. Телефонға тел­мір­ген буын үйге сыймай жатыр. Осын­дайда қосымша білім сапасы әрі еске, әрі сынға түсетіндей.

Шұғыл шешім шығарудың пайдасы

Былтыр жер-жаһанды жайла­ған пандемияның кесірінен бі­лім алушылар бір тоқсанды толы­ғымен қашықтан оқыды. Оқыту­дың бұл түріне интернет керек екені белгілі. Содан еліміздің білім жүйесі телеарналардан сабақ беруге көшті. Қазір телеарналардан сабақ оқитын кез де емес. Ата-аналар балаларды таңнан қара кешке дейін үйінде ұстап отыру мүмкін болмай жатқанын желіге қосылған сайын жарыса жазып жүр. Осындай уақытта қосымша білім беру тығырықтан шығуға септесуі керек еді…

Жаңа жылғы 5 қаңтардан ішінара өңірдегі, кейін бүкіл ел көлемінде енгізіл­ген төтенше жағдай кезінде кейбір банк қо­сымшалары мен ақпараттық сайттар интернетсіз жұмыс істей бастады. Бұл халықты дағдарыстық кезеңнен жеңіл өтуге көмектесті. Осыдан соң Білім және ғылым министрлігіне «Ведомство бала­лардың қазіргі бос уақытын пайдалы өткізуге қандай шаралар қабылдап, мүмкіндік қарастырып жатыр? Былтыр пандемия кезінде біраз білім беру платформалары тегін болған. Сондай жағдай жасала ма?» деп сұрау салдық.

Сұрағымызға министрліктен: «Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 6 қаңтардағы №3 бұйрығына сәйкес қосымша білім беру ұйымдары, арнайы білім беру ұйымдары нақты елді мекен­дегі орын алған жағдайларға байланысты жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша штаттық режімде қыз­ме­тін жалғастыра алады. Елдегі ахуал тұрақталған соң қосымша білім беру меке­мелері өз жұмыстарын қалыпты жағдайда жалғастырады», деген жауап алдық.

Иә, шұғыл шешім шығару же­тіс­пейтіндей. Жағдайға қарай шара қабылдау, мәселенің шеші­мін табу, тіпті кейбір дағдарыс кезеңін келесі бір ақсап тұрған тұсты аяқ­тандыруға тиімді пай­далану тәсілдері кемшін болған­дай. Әйтпесе бүгінгі техника мен тех­­нология заманында ту­ған жас ұрпақтың бар уақытын интер­нетте өткізетінін бәріміз білеміз ғой. Ал интернеттің жоқтығын пайдаланып, балаларға қажетті ресурстардың «есігін ашық» қалдырып, аудиторияға интернетсіз ұсынсақ, еріксіз қарамай ма?

Білім алу құқын шектемейміз десек

Шындығына келгенде, интер­нетсіз істейтін білім беру платформалары аса қажет. Елде қан­дай жағдай болсын, интернет берілсін-берілмесін, ештеңеге қарамай тегін жұмыс істейтін платформа керек. Өйткені пандемия талай былықтың бетін ашты. Қашықтан оқыту кезінде кейбір ауылдардағы оқушылардың тау-тасқа өрмелеп кеткенін білеміз. Қазір ішінара интернет беріліп жатыр десек те, шалғай елді мекендерде байланыстың өзі нашар. Міне, олардың қалалық балаларға қарағанда қосымша білім алу құқы шектеліп отыр. Өйткені ауылдарда қосымша білім берумен айналысатын арнайы оқу орталықтары жоқ. Екіншіден, мегаполистердегі мықты орталықтардан қашықта отырып-ақ сабақ алайын десе, интернеттің нашарлығы немесе мүлдем жоқтығы қолды байлайды. Өңір-өңірде қосымша білім беретін оқу орталықтарын ашқан ұстаз Аятжан Ахметжан интернетсіз жұмыс істейтін білім беру платформасын құруға болатынын, бірақ бәрібір бірқатар қиындық кездесетінін айтты.

«Расымен де мұндай білім беру платформасы керек. Өйткені балалардың бәрі ешқандай ерек­шелігіне қарамастан сапалы білім алуға, барлық замандасы, құр­дасы секілді қосымша білім алуға құқылы. Алайда оған біраз қиын­дық бар. Айталық, бізде көбіне видеосабақтар түсіріледі. Ал оны мүлдем интернетсіз жұмыс істейтін платформада тарата алмайсыз. Оған қоса авторлық құқық, плагиат проблемасы да алдымыздан шығуы мүмкін. Бұл жүйелі жұмысты, жақсы қаржыны қажет етеді. Мұны министрлік қолға алса болады», дейді А.Ахметжан.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бір айдай бұрын қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс бері­летіні туралы: «Қосымша білім беру жүйесіне оқушылар сарайлары, түрлі үйірмелер, секциялар, көркемөнер және музыка мек­теп­тері, жас техниктер стансалары және тағы басқа енеді. Бұл бағыт арқылы бала қосымша білім алып, түрлі дағдыларын да­мы­тады. Мемлекет тарапынан ақша бөліп, оқушылар сарайын, өнер мектептерін салу, үйірмелер ашу – бір бөлек. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік орталықтарда баланың қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды. Бұл – мемлекет-жеке­меншік әріптестік қағидаты. Міне, осы мемлекет-жекеменшік әріптестік негізін­де қысқа мерзім ішінде балаларды үйір­мелермен және секциялармен қамту деңгейін айтарлықтай шығынсыз арттырамыз. Жұмыс істеп тұрған қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдар да өз қызметін жалғастырып, дамиды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес қосымша білім беру қызметкерлерінің де еңбекақысы жыл сайын өседі, санаттар үшін қосымша ақылары ұлғайтылады. Сондықтан қосымша білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айта аламын», деген.

Бұдан бөлек министр қосымша білім беруді ұйымдастыратын әр қаладағы оқушылар сарайларының құрылыстары жанданғанын, са­лынғанын, ғимараттар бе­ріл­ге­нін атап өтті. Ал оқу орталық­тары да жоқ ауыл балалары қалай қосымша білім алады? Олар­дың бәрін қамту мүмкін бе? Негізгі біліммен де, қосымша біліммен де айналысып отырған А.Ахметжанның күмәні басқада болып шықты.

«Ауыл балаларын да қосымша білім­мен қамтудың жолы табылар. Менің күмәнім басқада. Мемлекеттік тапсырыс шынымен де қосымша білім беріп, ата-аналар мен оқушылардың талабын, сұранысын қанағаттандырып отырған оқу орталықтарына беріле ме? Жоқ жалған құжат жасап, есеп үшін ғана оқушы жинағандарға, таныс-тамырын жағалағандарға беріле ме? Міне, осы жерде бұл мемлекеттік тендерді ұтудың келесі бір көлеңкелі жолына айналып кетпей ме деген күмән басым. Тендердің бізде қалай жүзеге асатынын білеміз ғой. Сондықтан бұған күмәнмен қараймын. Не­гізі мен қосымша білімнен гөрі сол қаржыны мемлекеттік мек­тептердегі білімге бөліп, сапаны жақсартуды ұсынар едім», дейді А.Ахметжан.

 Қосымша білімнің көрінбейтін қыры

Біз әдетте қосымша білімге оқу­­шылар сарайындағы, бол­ма­са жеке­меншік оқу орталықта­рындағы сабақ­тарды жатқыза­мыз. Кезінде әдебиет мұғалімі айт­қан, жасымызға сай, бі­рақ мек­теп бағ­да­р­ламасына енбеген көр­кем шы­ғар­малардың тізі­мін мектеп кітапханашысына ұст­а­­та­­тынбыз. Сол кітаптарды тоқ­сан­­дық каникул­дарда оқып, мазмұндайтынбыз. Кітап­­ханашы­ның ұсынғанын да қоса қолтықтай кетеміз. Сөйтіп өскен талай замандасымыз кейін қа­лам ұстады. Қосымша білімнің маңызы да – осы. Болашаққа бағдар беруі бек мүмкін, ең маңыздысы оқу­шының сауатын ашуға сеп бо­ла­­ды. Өйткені Қазақстан оқу­шы­­­лары халықаралық білім баға­лау көрсеткіштерінде оқу сауаты бо­йын­ша төмен деңгейді көрсетіп тұр.

Осыны негізге алған Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінде аталған түйткілдің түйінін тарқатуды тапсырды. Президенттің берген тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігі «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекітіп, жоба аясында көркем әдебиеттер сатып алынғанын хабарлады. Мектеп кітапханаларын байытуға бағытталған бұл жоба шеңберінде 4 бағыт бойынша көркем әдебиеттердің тізімі әзір­ленген. Оның қатарына еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, осы заманғы ақын-жазушылардың еңбектері енетіні белгілі болған-ды. Осыған орай мектеп кітап­ханаларына 2,5 млн-ға жуық көркем әдебиет сатып алынды.

«Оқулық» республикалық ғы­лыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталы­ғының директоры Елдос Нұрла­нов былтырғы қазан айының соңында: «Негізгі қор өткен жыл­­мен салыстырғанда биыл 2,5 млн кітапқа артты. Нәтижесінде, жас оқырмандардың саны айтар­­лықтай өсті. Жобаны іске асыру кезеңінде мектеп оқушыла­рының кітапханаға деген қызығу­шылығы арта түсті. Осы оқу жы­лы­ның ба­сынан бастап Түр­кіс­тан, Пав­лодар, Солтүстік Қазақ­стан және Қостанай облыстарында бір оқушы кітапханаға орта есеппен 10 реттен аса, ал Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Маң­ғыс­тау, Атырау және басқа да облыстарда 6-9 рет барған. Бұл балалардың көркем әдебиетке көбірек қызығушылық таныта бастағанын көрсетеді», деді.

Орталық өкілінің айтуынша, «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері мектеп кітапханалары мен ондағы орындар саны да көбейді. Мектептерде балалардың кітап оқуы үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Осы мақсатта жалпы республика бойынша 121 коуоркинг-орталығы ашыл­ды. Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін 3,7 мыңнан аса іс-шара ұйымдас­тырылған.

Кітап бар, насихат жақсы, жағдай жасалған дейік. Енді шынымен мектеп оқушылары кітап оқып жатыр ма? Бір оқушының кітапханаға бір оқу тоқсанында орта есеппен 10 реттен аса бар­ғаны рас па? Осы сұрақтарды халық ең тығыз орналасқан және орталық өкілі ауызға алған Түр­кістан облысындағы мектеп кітап­ханашысына қойып көрдік.

«Алдыңғы жылы жақсы көр­кем кітаптар келді. Көбі бастауыш сыныптың оқушыларына арналған. Ертегілер, батырлар жырлары бар. Ағылшын тілін, үштілділікке үйрететін жұқа кі­тап­шалар да жетті. Бірақ қазақ­шаға аударылған шетелдік ақын-жазушылардың еңбектері кел­меді. Б.Соқпақбаев, Б.Майлин, Ә.Нұршайықов, С.Сей­фулин, М.Мақа­таев сияқты классиктердің кітаптарын жі­береді. Заманауи, оқушылардың қызығушылығын арттыратын тың дүниелер жоқ. Оқушылармен бекітілген жоспа­рымыз бойынша кітап оқу апта­лықтарын өткізіп, ұдайы жұмыс жүргізіп, насихаттап отырамыз. Аптасына кемі екі іс-шарадан өткіземіз. Бірақ соның өзінде бір оқушы айына бір-екі рет қана келеді. Кітапқа құмар деген балалардың өзі ең көп дегенде төрт-бес рет кітапхананың есігін ашады. Онда да 5-6-сыныптарға дейінгі оқушылар ғана келеді. Жоғары сынып оқушыларының арасында кітапқа қызығатындары саусақпен санарлық», деп жауап берді кітапханашы Дәмеш Еркінбекқызы.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА