Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында aлғашқылардың бірі болып сөз алған Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова:
«Бүгінде мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілердің 27 пайызында тиісті мамандықтары жоқ. 51 пайызы ғана бүгінге дейін біліктілік санаттарын өзгертті. Сонымен бірге балабақша деңгейіндегі бір топқа бекітілген тәрбиешілердің жеткіліксіздігін, яғни олардың жұмысында ауыртпалық бар екенін көріп отырмыз. Осы мәселелерді шешу үшін 2022 жылдан бастап былтыр бекітілген модельді іске асыру басталады. Оның ішінде бағдарламаларды қайта қарастыру, мектепке дейінгі мекемелердің ішіндегі тәртіпті, талаптарды біріздендіру қолға алынады», деді.
Министрдің бірінші орынбасары айтқандай, биыл кемі 70 мың педагог жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Ал мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында білікті педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама іске асырылады. Оларға жоғары жалақы коэффиценті, баспана жалдау және коммуналдық төлемдер шығындарын өтеу секілді әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл жұмыс аталған аймақтарда білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтықты азайтуға бағытталған.
«Президенттің тапсырмасына сай колледждерде білім алу бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Биыл 120 мыңнан аса қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады. Бұл – 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 25 мыңға көп. Сонымен қатар кәсіпорындардың колледждерді шефтік қамқорлыққа алу тәжірибесін дамытып, дуальды білім беруді кеңейту көзделіп отыр», деді Ш.Каринова.