Бүгін 28 мамыр күні Қыздар университетінде оқу орыны және «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Тауқымет пен тағзым» атты жиын болып өтті. Жиын барысында «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Тауқымет пен тағзым» атты дискілер жинағының тұсауы кесілді.
Таныстырылым барысында «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген: «Бұл 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған CD альбом-жинағын жарыққа шығару тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Басты мақсатымыз – саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шығармалар мен көркем дүниелерді жан-жақты насихаттау болып табылады. Жас ұрпақ өз тарихын, сол зұлмат жылдары құрбан болған азаматтарды, қынадай қырылған алаш арыстарын біліп өсуі керек»,- деді.
Шараға арнайы қатысқан аталмыш жобаның кеңесшісі, Республикалық саяси құғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы: «Бүгінгі жас ұрпақпен қатар, саяси-қуғын сүргін тақырыбын зерттеп жүрген азаматтар үшін бұл жинақ өте құнды дүние болмақ. Бұл шығармалар әр адамды терең ойға жетелейді, намысын оятады», деп атап өтті.
Үш дискіден тұратын жинақтың бірінші дискіне саяси қуғын-сүргін құрбандарының әндері және тақырыпқа сай әндер мен күйлер, екінші дискіге көркем-суретті және деректі фильмдер, ал, үшінші дискіге саяси қуғын-сүргін құрбандарының фото мәліметтері мен шығармалары, естеліктері, тақырыпқа сай мұрағат материалдары топтастырылған.
Шара соңында «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген Қыздар университеті тарихшыларына естелік ретінде бір топ жинақты тарту етті.
1937-38 жылдар – қазақ халқын ұлт зиялыларынан айырған аяр жылдар. Деректерге сүйенсек, қазақ тарихының зұлматты кезеңі аталған репрессия салдарынан 25 мыңнан аса қазақстандық қазаға ұшырады. 103 мың адам саяси айып тағылып сотталып, оның төрттен бірі атылған. Қазақтың қаймағы «халық жауы» атанып, түрмеге тоғытылды. Қазақ үшін қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес.