23.11.2024

Техникалық мамандықтарға қосымша 10 мың грант бөлінеді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің кезекті отырысында білім мен ғылым саласына жаңа серпін беру мәселесін қозғады.

«Біздің басты міндетіміз – халықтың барлық деңгейдегі сапалы білім алуға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жыл балалар жылы деп жарияланды. Оны елеулі, дамушы және білім беру іс-шараларымен айшықтыру қажет. Мектепке дейінгі білім беруде сапаны бағалау құралдарын күшейтіп, әлемде балалардың ерте дамуының жалпы қабылданған көрсеткіштерін енгізу қажет»,  деді Премьер-Министр Үкімет отырысы барысында.

Премьер-Министрдің айтуынша, орта білім беруде басты назарды қала мен ауыл арасындағы оқыту сапасын теңестіруге, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға, тұлғаны жан-жақты тәрбиелеуге аудару қажет.

«Педагогтерді әлеуметтік қолдаудың арнайы бағдарламасы аясында кадр тапшылығы бар өңірлерге педагогтерді тарту үшін әкімдіктер мен білім министрлігі қосымша ақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу шараларын қарастырғаны жөн», деді ол.

Әлихан Смайылов мектептен тыс ұйымдардың, тегін мектеп үйірмелерінің, спорт секцияларының, аула клубтарының санын көбейту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Кәсіби-техникалық білім беру жүйесін одан әрі реформалау керек, оның сапасын, тәсілдерін және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін түбегейлі өзгерту керек. Кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығын барлық жерде жолға қою маңызды. Колледждер жастар үшін ғана емес, жұмыс берушілер, инвесторлар үшін де тартымды болуы тиіс. Дәстүрлі ғана емес, қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын да ұсынуы тиіс. Біз жұмысшы мамандықтарының жетіспеушілігін сезініп отырмыз. Әкімдіктер білім министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде мұны әртүрлі өңірлердегі белгілі бір жұмысшы мамандықтарына деген қажеттілікті ескере отырып, ескеруі қажет. Ең бастысы-колледждер мен университеттердің түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек. Қазіргі уақытта еңбек нарығындағы сұраныс және оның болашаққа перспективалық болжамы кадрларды даярлау кезінде негізгі фактор болып табылады», деп атап өтті Премьер-Министр.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының жоғары білім беруді, әсіресе техникалық білімді дамытуға қатысты тапсырмасы туралы еске салды.

«Индустрияландыру және цифрландыру жағдайында бірінші кезекте заманауи тәсілдер мен дағдылары бар білікті техникалық мамандар қажет. Жоғары білім беру жүйесін қайта жаңғырту отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары білімді жаңа ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет. Алдымызда осы бағыттағы жұмысты жеделдетіп, белгілі университеттердің филиалдарын, кампустарын ашу бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті тұр», деп атап өтті Премьер-Министр.

Жастардың жоғары білімге қол жеткізуін кеңейту үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтып, оның ішінде батыс өңірлерінің студенттері үшін техникалық мамандықтар бойынша қосымша 10 мың грант бөлу жоспарлануда.

«Гранттар арқылы жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде Білім министрлігі мен әкімдіктер өңірлердің ерекшелігін және облыстардағы кадрлардың қажеттілігін ескерсін. Техникалық ғылымдарды басымдықпен дамыту, «E-lab» бірыңғай платформасын құру арқылы ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, ғылымды базалық қаржыландыруды кеңейту бойынша шаралар кешенін көздеу қажет», деді Әлихан Смайылов.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА