22.11.2024

Еңбек пәнінің ендігі сипаты қандай?

Еліміздегі мектептер жаңартылған білім бағдарламаларына толық көшкен болатын. Жақында аяқталған осы реформа бойынша орта білім беру ұйымдарындағы бейнелеу өнері (яғни, сурет), сызу сабақтары алынып, оның мазмұны бұрынғы еңбекке баулу пәніне кіріктіріліп көркем еңбекке айналды. Жуырда механик, құрылысшы, дизайнер, архитектор, ағаш пен металл шеберлерін қалыптастыруға ықпал ететін пәннің қалай өтетінімен таныстық.

Сызу ма, сурет пе, әлде еңбек пе?

Елордадағы №78 мектеп. 7-сынып. Көркем еңбек сабағы. Оқушылар екі партаны қосып, айнала жайғасқан. Тура осындай екінші топ әріректе отыр. Сабаққа барлығы 9 бала қатысты. Олардың үшеуі ұл, қалғаны қыз. Балалардың алдында көркем еңбек оқулығы ашық тұр. Бір пәнге арналған екі оқулық бар, бірі қыздарға, екіншісі ұлдарға арналған. Кітаптың төменгі тұсындағы А4 қағаздың жартысындай парақшаларда балалар қарындашпен шаршының суретін салып отыр. Өшіргішті қа­рын­дашпен кезектестіріп қолда­нады. Мұғалім оқушы­лар­дың әрқайсысына жақындап бағыт береді, кейбірін түзейді. Муль­тимедиялы тақтада «Яндекс» іздеу жү­йесі ашылып тұр. Іздеу жо­лағында «3 Д иллюзия как нарисовать» деп жазылған. Іздеу нәтижесі бір видеоны та­уып берді. Видеода қа­рындашпен, сызғышпен сурет салудың кезеңде­рі, содан соң су­рет­тің кей бөліктерін қанық, кей бө­лі­гін ашық бояуды көрсетіп
жатыр.

Балалар көбіне тақ­таға емес, алдындағы ақ қағазға жиі үңіледі. Қағазда ғимараттар­дың төбесінен қарағандағы көрініс бейнелен­ген. Сурет тегіс қағазда салынғаны­мен, оған қарағанда ғи­ма­раттар­дың әрбір қыры, формасы толық көрінеді. Оқушылар салған сызбасын қарындашпен штрихтап, ғимараттардың көлеңкесін келті­ру­ге көшті. Олардың жұмыстары үлгідегіге ұқсап келеді. Бір кезде мұ­­ғалім әлдебір қыздың жаны­на жақындап келіп: «Мінекей, Меди­наның көрінісі жақсы көрініп қалды. Қане, фотода қалай болатынын телефонға түсіріп көрейік», деді. Осыдан соң оның жұмысын әуелі өзіне, кейін өзге сыныптастарына көр­сетті. «Балалар, үш Д, екі Д инте­рьерін түсіндік қой, иә», дей бергенде қоңырау да соғылды.

Балалар сыныптан шыққаннан кейін мұғалімнен: «Директор­дың көмекшісі сабақ өтетін сыныпты тауып бергенше, тақырыпты түсін­ді­ріп қойғансыз ба? Келгенімізде оқу­шылар сурет салып отырды. Осы тақырыптан үйренгені олардың өмірінде қажет бола ма?», деп сұра­дық. Еңбек пәнінің мұғалімі Ұлбала Жұмабекқызы: «Бүгін «два Д», «три Д» интерьерін дайындау тура­лы сабақ өттік. 2 Д дегеніміз – объек­тінің ішкі, ал 3 Д дегеніміз сыртқы жағын бейнелеуді білдіреді. Балалар болашақта дизайн, құрылыс, сәулет саласында жұмыс істесе, бұл білімі қажет болады. Қазірдің өзінде олар үйін, бөлмесін безендіруде де осы сабақтан алған дағдыларын кәдеге жарата алады», деп жауап берді.

Ұлдар мен қыздар бірігіп сабақ өтіп жатыр. Оқулықта ұлдарға ағаш­пен, қыздарға матамен жұмыс істеуге қатысты тақырыптар бар. Сондай кезде сабақ қалай өтеді? Ұ.Жұма­бекқызы қыздарға тігін тігіп, тоқыма тоқуды үйрете алады, ал ұлдарға ағаш жонуды көрсетуге келгенде еңбек пәнінен беретін ер мұғалімнен сабақ өтуін сұрайды екен. Мұғалім сондықтан ұлдарға да, қыздарға да ортақ тақырып алуға тырысатынын айтады. Бірақ оқу бағдарламасы әрдайым тақырып таңдап отыруға мүмкіндік бере ме?

Содан соң жұмысы мақталған оқушы Мединаны сөзге тарттық. «Бүгінгі еңбек сабағында немен айна­лыстың? Бұл саған не үшін керек деп ойлайсың?» деген сауа­лы­мызға 7-сынып оқушысы Медина Серіктен: «Болашақта мамандық­қа керек болады. Бірақ әзірге кім бо­латынымды білмеймін, әлі ма­мандық таңдамадым. Бөлмемді өзім безен­діріп көрген жоқпын», деген қысқа жауап алдық. Суретті тиянақты салатын оқушыдан сөз суыру қиындау.

Сабақтан шыққанда «Сызу ма, сурет пе, әлде еңбек пе?» деген сұ­рақ туды. Үш пәнді үш бөлек оқы­ған біздің буын кіріккен, біріккен сабақ­тың бұл түрін түсіне қоюы екіталай-ау.

Ине мен ара

Бас қаламыздағы №77 мектеп. 5-сынып. Көркем еңбек сабағы. 19 бала қатысып отыр. Олардың 9-ы – ұл, қалғаны қыздар. Ұлдардың алдында сурет салуға арналған альбом мен көркем еңбек оқулығы тұр. Ал қыздардың алдында оқулықпен қоса мата, ине мен жіп, қайшы жатыр. Мұғалім қыздарға тігістің түрлерін түсіндірді. Және кітаптағы тігістің түрлерін матада тігіп қайталауды тапсырды. Инемен жұмыс кезінде тақтаның тұсында ілулі тұрған көр­некіліктегі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті. Қыздар өз бетінше жұмыс істей бастады. Текше формалы матаға негізгі тігісті жиектей жүр­гізе жөнелді. Пыс-пыс етіп тігіс тік­кен олар арасында бір-бірінен қайшы сұрап қояды. Ішінде бір қыз сурет салып отыр, одан неге тігін тікпей жатқанын сыбырлап сұрасақ, мата әкелмегенін айтып қарындашпен жұмысын жалғастыра берді.

Мұғалімнің назары енді ұлдарға ауды. Ол балаларға: «Көркем аралау дегенді қалай түсінесіңдер?» деп сұрақ қойды. 1-2 секунд үнсіздік ор­нады. «Орманды аралауға болады, бірақ оны қалай көркем аралауға болады?» деген ой келіп үлгерді. Сол сәтте бір бала ағаш немесе бас­қа да материалды кесу екенін айтты. Сонда барып түсіндік, еңбек құра­лына қатысты сөз екенін. Ең қы­зығы, осы тақырып оқулықтағы 16-параграфта «Көркем аралау. Ой тастау. Материалдарды таңдау және даярлау» деп берілген.

Мультимедиялы тақтада ағаш, металл кесетін араның түрлері слайд ретінде көрсетіліп тұр. Мұғалім су­рет­тегі араның түрлерін бірінен соң бірін алып шығып оқушылардан сұ­рай бастады. Ұлдар қыл ара, қол ара, садақ ара деп айта жөнелді. Ішінде біреуі әкесінің қолынан металл ке­сетін араны көргенін жеткізді. Білім беруші осыдан кейін арамен жа­салған бұйымдарды көрсетіп, та­ныс­тырды. «Қараңыздар, мынаны қыл арамен дөңгелеткен. Кейін «наждачкамен» үйкелеген. Ағайдың кабинетінде ұлдардың практика­лық жұмыстарына қажетті станоктар бар. Мынау ағаш көсеу мен ас­үй балғалары ағаштан жасалған. Келесі сабақта ұлдарды ағаймен келі­сіп сонда алып баруға тырыса­мын. Ол кезде қыздар инемен жұ­мыс істей алмайды. Өйткені ондай қауіпті құралмен қыздарды жал­ғыз қалдырып кете алмаймын. Қыз­дар қазір инемен жұмыс істеп отыр­ғандықтан, жанында үнемі жү­руім керек. Сондықтан ұлдар, сіз­дерге тапсырма бергім келіп отыр», деп жаңа тақырыптың екі бет мәтінін оқып, араның суретін салып, бояуды тапсырды. Қағаз бетіне үйлестіруді оқушылардың есіне түсірді. Бұл сурет дәптердің ортасын тауып, сон­да сурет салуды білдіреді екен. Муль­тимедиялы тақтада слайд көрсетіліп тұрғандықтан мұғалім бірінші партада отырған оқушының алдында басқа балалардың бәрін жанына ша­қы­рып, сурет салып көрсетті. Ке­йін ұлдар өз бетінше жұмыс істеді.

Мұғалім назары қыздарға ауыс­ты. Қыздардың әрқайсысына жеке-жеке жақындап, бағыт берді. Содан соң тігістің түрін ауыстырды. «Енді зигзаг тігісті көрсетейін» деді бірде. Қыздар оны да шама-шарқынша қайталап жатты.

Ине мен араның арасында 40 минут осылай өтіп кетті. Күй ойнады. Домбыраның үнімен соғылған қоңырауды естігенде, оқушылар партадан өре түрегелді.

Мәселе

26 жылдан бері педагогика­лық салада еңбек етіп келе жатқан еңбек пәнінің мұғалімі Алуа Бай­тұяққызын да сабақтың соңында сөзге тарттық. Ол: «Бейнелеу өнері мен технология пәнін алып тастап, оның мазмұнын біріктіріп көркем еңбек деген пән шығарды. 5, 6, 7-сынып­тарда бір тоқсан ғана бейнелеу өнерін өтіп, сурет салуға бау­лимыз. Екінші тоқсаннан бастап сән­дік, қолданбалы өнер басталады. Сонда қазіргі қолданыста жүрген оқулықтың төрттен бір бөлігі ғана бейнелеу өнері де, қалған бөлігі еңбек деп есептеуге болады. Өзіңіз сабақта байқағандай, ұлдар мен қыздарды бірге оқытамыз. Бұл бізге өте қиын. 40 минуттың ішінде теория мен практиканы ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек түсіндіріп үлгеру керек. Ең қиыны, көркем еңбек бағдарламасы жоқ. Алдымен бағ­дарлама, содан кейін барып оқулық шықпай ма? Бізде қалай? Ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек бағдарлама мен оқулық бар. Бірақ ұлдар мен қыздарды біріктіріп оқытудың бағ­дар­ламасы жоқ. Біріктіріп оқыту туралы бұйрық шықты. Сонымен жүрміз. Бірақ біз стандартқа сай жұмыс істеп жатқан жоқпыз», деді.

Мұғалімнің айтуынша, осы пән­нен беретін әріптестері министр­лік­тің, басқармалардың жиындарында мүмкіндікті пайдаланып, жо­­ға­рыдағы проблеманы жеткізген. Негізі, бала саны 24-тен асса, бөліп оқытуға болады. Бірақ одан аз болса, бөліп оқытуға келмейді. Ал бірге оқытудың қандай екенін баяндадық.

Жақында Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов еңбек сабағында ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту туралы мәселені көтерді. Министрдің мәлімдеуінше, келесі оқу жылынан бастап мәселені ше­шу керек. Алайда ұлдардан технарь, қыздардан технолог шығару бөліп оқытумен ғана шешіле ме? Ата-аналар қосымша сабақ секілді қа­райтын пәннің маңызын арттыруды қайда қоямыз? Мұғалімдердің сапалық құрамы сын көтере ме? Яғни еңбек сабағынан еңбекқор, қолынан шынымен де іс келетін, бәрінен бұрын білгенін үйрете алатын, мамандығы сай келетін нағыз маман сабақ бере ме? Бұл – басы ашық мәселе.

Еңбек сабағының «сұлбасы» көз алдымыздан кете қоймаған күйі үйге кірсек, кіреберісте ин­же­нер-меха­ник жігіт әлгі «наждачка­мен» бірдеңені үйкелеп отыр екен. Содан жалма-жан: «Анау қол­­да­ғы­ның қазақша аудармасы бар ма?» деп сұрадық. Технарь-ма­­ман қо­лындағы құралға бір қа­рап: «Бұ­ған ағылшындар, ағыл­шын­­тіл­ділер жақсы атау тапқан. Олар sand paper – құмқағаз дейді. Әде­мі ғой. Соны ала салуға болады. Шы­нын­да да қағаз­дағы құм ғой», деді де жұ­мы­сын жалғастыра кетті.

Осындайда ұлт ұстазы Ахаң еске түседі. Ахмет Байтұрсынұлы әр оқу­лықты жазғанда терминдерді ұлты­мыздың таным-түсінігіне қа­рай жатық тілмен аударып, қалып­тап кеткен. Бұл үшін істің, яғни нағыз практиканың адамы болу аз, ұр­пақтың санасына сіңірер әр ақпа­ратқа абай маман бола білу қажет-ақ.  «Наж­дачка» секілді кірме сөздердің жеңіл қазақша баламасын тауып отыру да тиянақтылық, тапқырлық, тіпті көзге көрінбейтін ана тілге деген азаматтық іс секілді көрінеді. Бұл – енді бөлек әңгіме.

-ЖАРНАМА-spot_img

2 COMMENTS

  1. Өте жақсы мәселе Авторға алғыс ! Ұлдар мен қыздарды бірге оқыту өте көп қиындық туғызады.

  2. Әрине, жеңіл өнеркәсібіміздің дамуының қаншалықты мардымсыз екенін ескерсек, осы бір пәннің негізін дұрыстайтын кез келген шығар, бағдарламадан, оқулықтан бастап материалдық-техникалық базаны толығымен қолға алатын кез келді. Қаржыны үнемдейміз деп, оқушыны да, мұғалімді де сарсаңға салмай.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА