22.11.2024

Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді

4 сәуір күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті кафедра меңгерушісі, ірі ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Тәшенов Әуезхан Кәріпханұлын еске алу мақсатында біраз іс-шара өтті. Әуезхан Кәріпханұлы бұл күні 72 жасқа толуы керек еді, өкінішке қарай, өткен жазда ол кісі артына мол мұрасын, үлкен еңбегін қалдырып өмірден өтті.

Тәшенов Әуезхан Кәріпханұлының алдында 9 жыл білім алдым. 2007 жылы бакалаврға келе қалған кезде жалпы және бейорганикалық химиядан сабақ берді. Магистратурада комплекстік қосылыстардан лекция оқыды, ал докторантурада ғылыми жетекшім болды. Нағыз өз саласының майталманы, атын алтын әріппен жазуға тұрарлық ұстаз еді. Ол кісі туралы былтыр естелік жазып едім.


4 сәуір, ең алдымен, ғалымды еске алуға арналған «Химия ғылымы мен химиялық білім берудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Оған еліміздің әр өңірінен белді жоғары оқу орындарының химия саласындағы ғалымдары қатысты. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының үш белді университетінен профессорлар келді. Одан тыс университеттің професссор-оқытушылары, марқұмның жұбайы, әріптестері мен шәкірттері және білім алушылар қатысты.

Конференцияны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы ашты. ЕҰУ жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, ғылым докторы, профессор Нэйля Шапекова модераторлық еткен конференцияда химия ғылымы мен оның оқытылуы туралы тағылымды баяндамалар жасалды. Ағай туралы құнды естеліктер айтылды, өнегелі өмірі туралы деректі фильм көрсетіліп, еңбектері таныстырылды.
Пленарлық мәжілісте Ташкент фармацевтикалық институтының (Өзбекстан) аналитикалық химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Муяссар Фатхуллаева мен Өзбекстан ұлттық университетінің аналитикалық химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Зулиоса Сманова, Ә. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының профессоры, химия ғылымдарының докторы Талқыбек Жұмаділов, Ядролық физика институтының инженері Александр Зиберт, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің химия және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұргүл Нұрмаханбетова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, химия ғылымдарының кандидаты Ғ. Байсалова және шәкірті ретінде мен арнайы баяндама жасадым.


Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы Ахмет Байтұрсынов атындағы №48 мектеп-лицейінде профессор Тәшенов Әуезхан Кәріпханұлы атындағы химия кабинеті ашылды. Кабинеттің ашылуында №48 мектеп-лицейінің директоры Садыкова Зауре Жаканқызы сөз сөйлеп, мектеп химия пәні мұғалімі мен 10-сынып оқушылары шеберлік сабақ көрсетті.
Түстен кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінде Тәшенов атындағы арнайы кабинет ашылды. Онда ағайдың ғылыми еңбектері қойылған, өмір жолы мен Еуразия ұлттық университетінің химия кафедрасының қалыптасуы мен даму тарихынан сыр шертеді. Онда магистранттар мен докторанттар дәріс тыңдайды, болашақ ғалымдар жұмыс жасайды.


Бұл Тәшенов Әуезхан Кәріпханұлының екінші өмірінің басы еді, себебі енді ағайдың өзі емес, өзінен қалған мол мұрасы болашақ ұрпаққа білім берері, еңбек етері сөзсіз.
Ағайдан сонша жыл білім алсам да, ең соңғы менің қорғаған кезімде отыра алмайтын болғаны, менің PhD атанғанымды көре алмайтын болғаны өкінішті. Бұйырса, осы айда қорғаймын, ағайдың атын ұялмайтын деңгейде алып шығамын деп сенемін.
Ол кісі маған дейін қаншама доктор шығарды, елімізге қанша химик ғалымды тәрбиелеп берді, қаншама кітап жазып еңбек етті. Ғалымға сай өмір сүрді. Еуразия ұлттық университетінің химия кафедрасын ұзақ жыл басқарды, кафедраны қалыптастырып, дамытты. Өткен жылы жастарға орнын берді де, өткен жазда бәрімізбен қоштасты.
71 жас ғалым үшін аса қарттық жас та емес еді, бірақ шектеулі өмір шегіне жетіпті. Арамыздан сол дана ұстаздық, үлкен ғалымдық образымен қоштасып кете берді. Тіпті Астана қаласының химия пәні мұғалімдерін қалыптастыруға, Астана қаласындағы химия ғылымының дамуына үлкен еңбек етті. 20 жылдан астам уақыт Астана қаласы оқушыларының химия олимпиадасына төрағалық жасады. Ұстаздарға дәріс оқыды. Химия кафедрасы мен мектептер арасына үлкен даңғыл жол салды.

Ал бүгін соның бәрі тарихқа айналып, артындағы жұрт ол кісіні еске алдық. Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді. Ағай ғылымға сіңірген еңбегімен, шәкірттерімен мың жасайды.

Аятжан Ахметжанұлы

Нұр-Сұлтан қаласы Қ. Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА