22.11.2024

Білім бөлімі 5 млн теңгенің оқу кабинетін 26 млн теңгеден сатып алмақ болған

Ақмола облысында мемлекеттік орган оқу кабинетін көтеріңкі бағамен сатып алмақшы болған. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандарының «Сатып алудың бірыңғай терезесі» веб-порталы (eoz.kz) арқылы мемлекеттік сатып алу жүйесіне жүргізген мониторинг барысында анықталды.

Ведомствоның мәліметінше, бұл сервис мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың сатып алуларының ашықтығы мен айқындығын арттырып қана қоймай, сатып алуды жоспарлау сатысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін онлайн режимде анықтауға мүмкіндік береді.

«Сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлардың қатарына бағаны көтерудің жүйелілігі жатады, бұл тапсырыс берушінің бюджетін жасанды ұлғайтуды және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауды білдіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымның сатып алуға жоспарланған тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің бағасын (орташа нарықтық құнмен салыстырғанда) көтеру фактісін анықтаған кезде мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жедел түрде тиісті ден қою хаттары жіберіледі. Өз кезегінде тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу жоспарын қайта қарайды және түзетеді, не сатып алудың күшін жояды», – деді ведомстводан.

Жалпы, департаменттің дер кезінде әрекет етуінің арқасында 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 миллиард теңгеден астам, ал ағымдағы жылдың басынан бері 420 миллион теңгеден астам қаржы үнемделіпті.

«Мәселен, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы бастапқыда 67,4 млн теңге немесе шаршы метріне 22,3 мың теңге сомасына керамогранит плиткасын сатып алуды жоспарлаған, ал бір плитканың нарықтағы орташа бағасы – шаршы метріне 2500-10000 теңге шегінде өзгереді. Департаменттің араласуынан кейін 38,5 миллион теңге үнемделді. Сондай-ақ, Зеренді ауданының білім бөлімі жалпы сомасы 267,8 млн теңгеге немесе бірлігі үшін 26,7 млн теңгеге 10 оқу кабинетін сатып алуды көздеген. Осыған ұқсас тауарларды Көкшетау қаласының білім мекемелері орта есеппен 5-тен 10 миллион теңгеге дейін сатып алмақшы болған. Департаменттің ұсынымдары енгізілгеннен кейін 241 миллион теңге үнемделді», – деп толықтырды ведомстводан.

Осы ретте өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ақмолалықтарды бюджет қаражатының жұмсалуын қоғамдық бақылау шеңберінде белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА