07.11.2024

Балалар жылы қандай шаралар өтеді?

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Балалар жылы аясында олардың сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өсіп-өнуіне ықпал ететін, жақсы білім алуына мүмкіндік беретін қандай іс-шаралар жүзеге асады? Мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай жеңілдіктер қарастырылады? Ата-анасыз қалған балаларды қамқорлыққа алу үшін қандай бағдарламалар әзірленеді? Жалпы балалардың игілігі үшін қандай жұмыстар қолға алынатыны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Биыл Жаңа жыл қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін нақтылады.

Сол кезде Мемлекет басшысы: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деген еді.

Міне, содан бері осы салаға жауапты министрлік өкілдері елімізде балаларға арналған бірнеше жобалар әзірленді. Тіпті ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев ҚР Үкіметінің қаулысымен балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.

«Балаға инвестиция салу – аймақ пен елдің табысты және тұрақты дамуының сенімді кепілі. Бүгінде Қазақстандағы балалардың саны 6 миллионнан асады. Олардың әрқайсысының ерекше қорғауға және көмек алуға құқығы бар екенін баса айтқым келеді. ҚР Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №780 Жарлығына сәйкес, 2022 жыл балалар жылы деп жарияланды, ҚР Үкіметінің қаулысымен балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді», – дейді комитеті төрағасы Е. Иманғалиев.

Енді статистикалық мәліметтерге көз жүгіртіп көрелік… 2021 жылдың маусым айындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда 6,1 млн бала бар. Оның жартысынан көбі, яғни 3,1 миллионы – ұл бала, ал 3 млн – қыз бала. 3,4 млн бала мектепте оқыса, 914 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.

Халық санының 1/3-ін құрайтын балалардың сапалы білім алуына, денсаулығының нығаюына мән беріп, күн тәртібіндегі шешілуге тиіс маңызды мәселелердің бірі етіп қоюы да содан шығар. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай дайындалған іс-шаралар жоспарына назар аударсақ, шынымен де биыл балалар құқығының қорғалуына, денсаулық жайдайын, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың ахуалын жақсартуға, олардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін бірқатар іс-шара тізбегін көре аламыз.

Комитет төрағысының сөзінше, іс-шаралар 7 бөлім бойынша 50 тармақтан тұрады.

«Іс-шаралар жоспарының мақсаты – балалардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Олар 7 бөлім бойынша 50 тармақтан тұрады. Атап айтсам, «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «BALA QORǴAÝ», «BALA_TIME.KZ», – деді Е. Иманғалиев.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы балалар жылында жобалар балалардың құқықтарын іске асыруға бағытталатынын еске салды.

«Оның ішінде сапалы білім беру және тұлғаны дамыту, «Оқитын мектеп», «Мектеп парламенті», «Дебаттар» секілді республикалық жобаларды жасау, сонымен қоса волонтерлік қозғалыстардың жұмысын жандандыру арқылы тәрбие компонентін күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұдан бөлек берекелі отбасында тәрбиеленуіне, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтардың дәріптелуіне де назар аударылады. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі де басты орында болмақ. Сонымен қоса балаларға арналған инфрақұрылымды және балалар индустриясын дамытуға көп көңіл бөлінеді»,-деді ол.

Осы тұста жоғарыда комитет төрағасы атап өткен 7 бөлімге толығырақ тоқталуды жөн көріп отырмыз. Оның алғашқы бағыты – «Білімді бала». Жобаның мақсаты – балалардың сапалы білім алуға және жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту. Оның шеңберінде барлық деңгейдегі білім алушыны құқықтық тәрбиелеу, сыныпта және мектептен тыс тәрбие жұмыстарында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру, балалардың өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту арқылы балалар мен жасөспірімдердің азаматтық жауапкершілігін дамыту, 5-11 сынып оқушыларын музей, театрға абонементпен қамтамасыз ету шаралары іске асады.

Оған қоса «Ризашылық – мейірімділік бұлағы», «Мектеп оқушысының мәдени стандарты», «Ұлағатты ұрпақ», «Оқу мектебі», «Жас қаламгер» секілді республикалық білім беру жобалары да қолға алынады. Бұл – республикалық деңгейде өтетін іс-шаралардың бір парасы ғана. Сонымен қоса аймақтарда да бірқатар іс-шара жүзеге асады.

Ал екінші «Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты баланың берекелі отбасында білім алу құқықтарын жүзеге асыру мен отбасындағы адамгершілік және рухани құндылықтарды насихаттауды қамтиды. Жоба бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен тұлғаларға көмек көрсету бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірлеу, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру және жекелеген санаттағы балаларға материалдық көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін өзгерту бойынша ұсыныстар енгізу секілді іс-шаралар жүзеге асады. Сонымен қоса «Менің балам – көшбасшы» атты вебинарлар сериясы, республикалық «Үздік мектеп ата-ана/қамқоршылық комитеті-2022» байқауы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 1,5 есеге ұлғайту туралы ұсыныс енгізу, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, туризмді насихаттау, сонымен бірге «Әжемнің ертегілері» онлайн жобасы қолға алынады.

Үшінші бағыт – «Дені сау бала» жобасы. Оның мақсаты – балалардың, мүгедек балалардың құқықтарын жүзеге асыру, балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту және қорғау. Оның шеңберінде ҚР неонаталды хирургияны одан әрі дамыту жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеу, балалар онкологиялық және гематологиялық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша Жол картасын әзірлеу, аса тапшы мамандықтар үшін 2022 – 2024 жылдарға резидентураға грант бөлу, жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балаларға скринингтік зерттеулер, 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, балаларды орфандық және эпилепсияға қарсы препараттармен, амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін кеңейту секілді іс-шаралар іске асады. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды ұлғайту қолға алынбақ.

Төртінші «Баласын жетімсіретпеген ел» жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын іске асыру бойынша іс-шаралар қолға алынады. Атап айтсақ, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының функцияларын кеңейту, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың баламасын, яғни «патронаттық кәсіби отбасын» енгізу бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу секілді іс-шараларды қамтиды.

Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылғы дерекке сүйенсек, соңғы 3 жылда балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 32%-ға (6223-тен 4254-ке дейін), ал балалар үйі 30%-ға (138-ден 96-ға дейін) қысқарғанын атап өткен жөн. Балалар жылына орай қолға алынатын іс-шаралар балалар үйінде тәрбиеленетіндер санын азайтуға, сондай-ақ балалар үйлеріне қайтарылған жеткіншектердің санын төмендетуге мүмкіндік берері сөзсіз.

 

БҒМ мәліметінше, республикада 23 063 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар, олардың 81,5%-ы асырап алушы отбасыларында тәрбиеленіп жатыр.

Бесінші бағыт «Жайлы мекен» жобасына тоқталсақ, бұл жоба балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Нақтырақ айтсақ, қала, елді мекендердің (аула, ойын алаңы, бала жүретін жерлердің) инфрақұрылымын қауіпсіздік тұрғысынан дамыту, арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарды жарақтандыру, «2025 жылға қарай 1000 мектеп» бағдарламасы аясында салынған жаңа мектептердің ашылу салтанатын өткізу, «Балаға мейірімді қала» ұлттық сыйлығын енгізу секілді іс-шаралар легін қамтиды.

Ал келесі «Бала қорғау» жобасы балалардың қауіпсіз даму жағдайларында құқығын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарында суицид тақырыбын жариялау мәселесі бойынша ұсынымдар әзірленеді. Сонымен қоса мектептерде 24/7 режимінде «Balaqorgau» дербес QR-коды енгізіледі. Сол арқылы балалар құқығы бұзылса, министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне анонимді жүгінуге болады. Бұдан бөлек білім беру ұйымдарында медиация қызметтерін енгізу, интернет-тәуелділіктің және балалар арасындағы құмар ойындардың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру секілді мәселелер қамтылатын болады.

Соңғы 7-бөлімінде «BALA_TIME.KZ» жобасы бойынша балалар мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның аясында балалар жылына арналған іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етудің медиа-жоспарын әзірлеу, балаларға арналған арнайы медиа өнімдерді шығару және тарату: телешоулар, сериалдар, деректі фильмдер, GIF-тер, әлеуметтік желілердегі имидждік өнімдер, «Балапан» телеарнасында мультимедиялық және танымдық контентті көрсету және «Дана бала» www.danabala.kz балалар әдебиеті сайтының мазмұнын қазақстандық авторлардың кітаптарымен толықтырылады.

Қорыта айтар болсақ, биылғы балалар жылына арналған іс-шаралар легі осындай. Президент айтқандай мұның бәрі жалаң ұран мен мерекелік шаралар деңгейінде қалып кетпесе, аталған жобалардың бәрі де балалардың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсартуға, сапалы білім алып, балалардың креативті ойлауына, өздерін дамытуға ықпал етері сөзсіз.

Назерке Сүйіндік

 

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Казирги танда балалар жылына арнап ата аналарына акшалаи комек береди деп еситип жатырмыз каншалыкты рас

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА