23.11.2024

Қазақстан физика пәнінен ХХІІ Азия олимпиадасында үздік үштікке енді

Қазақстандық оқушылар физика пәнінен ХХІІ Азия олимпиадасында 5 медаль жеңіп алып, үздік үштікке енді. Ұлттық құрама қоржынында 1 күміс және 4 қола медаль бар, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі.

«Білім және ғылым министрлігі оқушыларымызға басқа елдердің жасөспірімдерімен жарысқа түсу мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Жақында ғана оқушыларымыз химия пәнінен 56-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасында 8 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, оқушыларымыз алғаш рет Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, үздік үштікке енді. Физика пәнінен Азия олимпиадасы – ең қиын олимпиадалардың бірі болып есептелетінін айта кеткен жөн. Ал, біз әлемдік пәндік олимпиадаларда дәстүрлі түрде көшбасшы саналатын елдерді де басып оздық. Оқушыларымыз 5 медальмен қоса 2 құрмет грамотасына ие болды», – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.

Физика пәнінен Азия олимпиадасындағы жеңіс оқушыларға ұлттық құрамаға енуге және Қазақстанның намысын халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) қорғауға мүмкіндік береді.

Республика намысын әлемдік аренада Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Атырау және Ақтөбе қалаларынан 10-11 сыныптардың 8 оқушысы қорғады. Олардың барлығы республикалық физика олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Биыл зияткерлік сайыстар 24-31 мамыр аралығында қашықтық форматында өтті. Оған Қытай, Малайзия, Румыния, Ресей, Сингапур, Сауд Арабиясы, Түркия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Қырғызстан және басқа әлемнің 27 елінің өкілдері қатысты.

 

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА