23.11.2024

Алматыда 7 мыңнан астам студент хостелдерге орналасуда – министрлік

Алматыда студенттердің тек 30% жатақханамен қамтамасыз етілген. Қалған 30% баспана жалдаса, 40% туыстары мен жақындарының үйінде тұрып оқуда. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты.

Вице-министрдің айтуынша, Алматыда жатақханалардың орын тапшылығы мәселесін шешу үшін министрлік пен қала әкімдігі тарапынан жұмыстар жүргізілуде.

«Біз қала әкімдігімен бірлесе студенттер үшін хостел, қонақүйлердің иелерімен келісім жасастық. Соның нәтижесінде қазір 7 мыңнан астам студентке орын табылып, сонда орналасып жатыр. Мысалы, Абай атындағы ҚазҰПУ бүгінде 4 хостелмен кездесіп, мыңнан астам студенттің тұруына мүмкіндік жасады», – деді Қуаныш Ерғалиев.

Ол сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында соңғы үш жылда жатақханалардың қарқынды түрде салынып жатқанын атап өтті.

«Өткен жылы Қазақстанда шамамен 49 жатақхана салынды. Биыл 40-қа жуық жатақхана салынады деп жоспарланды. Бұл, студенттер үшін қосымша 10 мыңнан астам төсек-орын болады деген сөз. Президент өз Жолдауында да осы мәселені көтеріп, бізге тиісті тапсырма берді. Қазір ол бойынша инвесторларды тартып жұмыс жасап жатырмыз. Қысқаша айтқанда, қазіргі таңда Қазақстанда жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары жүріп жатыр», – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Вице-министр сондай-ақ Қазақстан бойынша студенттердің 30% Алматыда оқитынын айтты.

«Бұл шамамен 35 жоғары оқу орны бар Алматы қаласында 180 мың студент оқиды деген сөз», – деді ол.

Еске салайық, Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматыда студенттер далада қонып жүр деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген болатын.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА