Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің мәлім еткеніндей, өңірде жоғары білімді, білікті мамандарға қажеттілікті жабу үшін жергілікті бюджет есебінен кадрларды даярлау жұмыстары 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Оның сөзіне қарағанда, облыста денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы салалары қызметкерлеріне сұраныс бар.
Биылғы оқу жылына облыстық бюджет қаражаты есебінен 113 жоғары білімді маман даярлауға грант берілді. Соның ішінде 56 грант дәрігерлік, 30-ы мұғалімдік мамандықты таңдаған түлектерге үлестірілді.
Облыс әкімдігінің білім беру гранттары ҰБТ немесе КТ сертификаттарының балдарына сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлігіне сай, конкурстық негізде белгіленді.
«Гранттар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне орналастырылып келеді. Әр грант иегерімен үш жақты келісімшарт (білім басқармасы, ата-ана (кәмелет жасына толмаған бітірушілер үшін), жоғары оқу орны) жасалады. Келісімшартқа сәйкес грант иегері жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін жергілікті атқарушы органнын жолдамасына сәйкес облыста 3 немесе 5 жыл міндетті түрде еңбек етуі тиіс», деді Б.Нарымбетов.