Түркістан қаласындағы мектептерде «Е-асхана» жүйесі іске қосылады.
Пилоттық жобаға Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі мен №28 мектеп-лицейі таңдап алынған.
Мұнда ата аналар балаларының мектепте қандай сусын немесе тағам тұтынғанын ұялы телефондағы қосымша арқылы көре алады.
«Жүйенің пайдасы көп екендігі көрініп-ақ тұр. Арнайы мамандар мектептерде құрылғыларды таныстырды. Енді түркістандық балалар цифрлық жүйеге үйренуі керек», – дейді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова.
«Е-асхана» жобасының менеджері Әлібек Қалдыбековтің айтуынша, ата-ана баланы жүйеге тіркегеннен соң QR-код беріледі.
Онда баланың күнделікті тамақтануына арнап ай сайын немесе күн сайын мүмкіндігіне қарай ақша салып қоюға болады.
Оқушы асханада сол QR-код арқылы төлем жасап, есептесе алады.