21.11.2024

Қайраткер қаламында – қазақ тағдыры

ХХ ғасырдың бас кезінде ел арасында аза­маттық үні қалыптасып, қайраткерлік қыры ашыла бастаған Ахмет Байтұрсынұлы бір ғана оқытушылық қызметпен ұлы мұратына жете алмасын түсінді. Орыс патшасының тағы шайқалып, дәурені аяқталар алмағайып заманда Ақаңның мұғалімдік жұмысын уақытша тоқтатып, журналистиканы таңдауына тура келді.

Ахмет Байтұрсынұлының публи­цистикасы Қарқаралы петициясынан кейін араға бірнеше жыл салып көріне бастады. 1905 жылдың дүмпуі басылып, дүрбелең сәл саябырсыған тұста мерзім­ді басылымдарда Ақаңның мақалалары ­пайда болды. Петициядан кейін қудалау­ға түскен Ахмет Семей түрмесіне жабылып, абақтының азабын тартты. Тіпті түрмеден шыққан соң жер аударылып, Орынборға қоныстанды. Патша билігі Алаш қайраткерін осылай тұсауда ұстағысы келгенімен соңы нәтижесіз аяқталды. Ақаң Орынборда жаңа орта­ға кірді. Аз уақытта игі жақсылармен «Қазақ» газетін ашуды ұйымдастырып, 1913 жылы басылымның алғашқы санын шығарып үлгерді. Ұлт қайраткері дүр­кін-дүркін көсемсөз жазып, өзінің әу бас­тағы мақсатын орындауға кірісті.

Ахмет Байтұрсынұлы алдымен сот мәселесіне көбірек үңілді. Өйткені қа­зақтың арасындағы дау-дамайдың негізі осы сот ісінен тұтанып жататын. Мәселен, 1911 жылы жазылған «Тағы да народный сот хақында» атты мақалада қазақтың саяси сауатының төмендігі сөз болады. «Народный сот жоғалса я оның қуаты кемісе, талас кемір еді деген сөзді оқып, мен өз ойымды айтып өткім келеді. Менің байқауымша, сайлаудың қазаққа бәле болып жүрген себебі народный сотқа берген қуаттың молдығы емес, халықтың сай­лауды сайлау деп ұқпағандығы», деп басталады мақаланың кіріспесі. Ақаң алдымен халық сотын құрудың кемшілігі­не немесе артықшылығына тоқталмас бұрын қазақтардың таным-түсінігіне, сотты қалай қабылдайтындығына көңіл бөледі. Сонымен бірге дәл осы жазбада сайлаудың мән-маңызы соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріледі.

Ахметтің айтуынша, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтар сайлауды жеңіс пен жеңілістен тұратын талас деп ұққан. Автор демократиясы дамыған елдерді алға тарта отырып, сайлаудың ерегіс, талас-тартыс емес екендігін, адамның таңдау құқығы барын, сол арқылы бейбіт жолмен басқару жүйесінде жаңа кадрлар өз ретімен ауысып, жұмыс әрі қарай белгілі бір уақытқа дейін жалғаса беретінін айтады. «Сайлауды сайлау деп білсе, пайдасына баспай, зарарына неге жүгірсін? Зарарын біліп тұрса, хайуан да жоламайды. Қазақ хайуан құрлы жоқ па? Сайлауды сайлау мағынасында тұтынбайды да қазақтар: «Сайлау бәле болды», дейді. Сайлау рас бәле болса, білімді, өнерлі халықтар ісінің бәріне басынан бастап аяғына шейін неге сайлау кіргізді?» деп жазады Ақаң. Автор әрі қарай ауылнай сайлауындағы халықтың сауатсыздығына күйінеді. Зорлықшыл болыстарды, одақшыл адамдарды сынайды. «Народный соттан құтқар» деп билікке шағымданғандарға басу айтып, бұл қазақтың дәстүріне сай дала ғұрпымен айтылатын үкім екендігін сөз етеді. Халықты әр нәрсеге шағымданбас бұрын мәселенің мән-жайын тексеріп, білім жинауға, сол арқылы залал мен пайданы ажырата білуге үндейді.

Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың өкпесі» деген мақаласында надандық, қам-қарекетсіздік мәселесі сөз болса, «Қазақ һәм төртінші дума», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Жер жалдау жайынан», «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Земство» тақырыптарымен шыққан материалдарда жер, шаруашылық, тұрмыс-салт, заң саласындағы кемшін тұстар айтылады. Әрине, мұндай бағытта мақалалар дайындау үшін ізденіс қажет. Қазақ ғылымы, мәдениеті мен өнері әлі қағазға қатталып, жүйеленбей тұрған шақта бұл жұмыс тіптен бірнеше есеге ауырлайтыны сөзсіз. Ақаң өлең мен жыр-термешілікті былай қойып, жаратылыстану бағытында да көп оқып, білімін толықтырып отырды. Орыс тіліндегі мол ақпармен бөлісіп, қазақ халқына ыңғайлы әдіс-тәсілдерді, жаңашылдықтарды жаппай жариялады. Халықтың көзін ашу, білім көкжиегін кеңейту жолында барынша түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізуге тырысты.

«Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қалай қолы жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ», дейді А.Байтұрсынұлы. Ақаңның 1911-1913 жылдар аралығында жазған мақалаларының дені «Айқап» журналында жарық көрген. Ал 1913-1918 жылдары жазылған материалдар өзі жетекшілік еткен әйгілі «Қазақ» газетінде басылды.Алаш перзенті надандық, оқу-білім, ғылым мен өнерге деген ықыластың жоқтығын зерттей келе, мұның бәрі жалқаулық, бейқамдық, салғырттық деген ой түйеді. Көшпелі һәм отырықшы норма жайында жазған мақаласында Ақаң: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылда­сып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер! Екін­ші, қазақтың байлары, күштілері! Жар­лы-жақыбай, нашарларыңды жермен теңгеріңдер! Бір асауға да болса құлдық дейтіндер көбінесе солардан болады. Үшінші, Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!», деп қорытындылап, отырықшылықтың, жерді тиімді игерудің пайдасын салыс­тырмалы түрде талдап шығады.

Ахмет Байтұрсынұлының басылым беттерінде жиі көтерген келесі тақырыбы – қаржы жүйесі. Әрине, бұл мәселені түсіну де халыққа оңай тиген жоқ. Ғасырлар бойы мал шаруашылығымен шұғылданып келген қазақ халқы қаражат ұстаудың және оны үнемдей білудің тетіктерін меңгермеген еді. Ақаң жазбаларынан байқағанымыздай, сол заманда қазақ даласында қарызға несие беру әдісі болған. Оны Алаш көсемі «уақ қарыз» деп атаған. Уақ қарыз беретін серіктестіктер туралы сөз қозғаған Ақаң оның құру жайынан да мәлімет ұсы­нады. Уақ қарыз мекемесін жасақтау үшін кемінде 20-30 адам қажет, жасы 21 жастан төмен болмауы керек. Сонымен бірге уақ қарыз жұмысында істейтін адам екібастан ақшаға, дүниеге қызықпауға тиіс. Уақ қарызды кімдер сұрай алатыны да мақалада анық көрсетілген. Сөйтіп, қазақ даласына жаңадан енген микрокредит жүйесі, оған қойылатын басты талаптар жайлы алғашқы зерттеу мақала да Ақаңа тиесілі.

Ахмет Байтұрсынұлы ауыл шаруа­шылығы, оның ішінде, егін егудің тиім­ділігіне ғылыми тұрғыда алғаш тал­дау жасаған ғалымдардың бірі десек, қателеспейміз. Оған 1913 жылы жа­зылған «Егін егу», «Шаруа жайынан» деген зерттеулері дәлел. Мақала авторы егін егудің құпияларын түсінді­ріп қана қоймай, орыстар мен қазақтар­­дың шаруаға ептілігін де сараптап өтеді. Егетін тұқым сапасы, құнарлы топырақ, жер жырту, арам шөптерден тазалау, тырмалау жұмыстарынан мол ақпар берген Ақаң материал соңын: «Қазақтармен қ­атар еккен орыс егіндері көбінесе қазақ егін­­дерінен жақсы шығады. Ол, әуелі, орыс­тардың қазақтардан гөрі егін жақсы шы­ғатын шарттарын артық білгендігі­нен, екінші, ол шарттарын қазақтардан гөрі көбірек орнына келтіріп еккендігі­нен», деп қорытындылайды. Бұдан кейінгі жазбаларда да мал өсіру мен егін егу жайынан керек кеңестер ұсынылады. Ахмет­тің айтуынша, қазақ атам заманнан мал шаруашылығымен айналысса да, оның қыр-сырын толық меңгермеген. Егер мал жаятын жері тар, егін егетін алқабы аз болса, қазақ тығырыққа тірелер еді. Сондықтан қазақтар өз атакәсібі жайлы да толық мәлімет біледі деу бекерші­лік. Осындай ой өрбіткен автор егін егу, мал бағу жайын ғылыми тұрғыдан баяндап, төрт түлікті асылдандыру, топы­рақтың құнарын сақтау турасында тың мәліметтермен бөліседі.

Алаш қайраткері жазған мақалалар­дың ішінде медицина мәселесінің жөні бөлек. Баршаға мәлім, қазақ даласында әр жылдары миллиондаған адам түр­лі аурудан өліп кетіп отырған. Оған сани­тар­лық талаптың жоқтығы, адам көп жина­латын жерге бару, жаппай ауру таралған аймақты оқшауламау себеп болған. Ахмет Байтұрсынұлы «Ауру жа­йынан» деген шағын мақаласында бүгін­де де өзектілігін жоймаған кеңес­те­рін алға тартады. Жақсы дәрігерді қай­дан тапқан жөн? Жылдар бойы ма­за­­лайтын дерттен қалай арыла аламыз? Ауру адамға қайдан жабысады? ХХ ғасырдың бас кезінде Ақаң қызмет ат­қар­ған «Қазақ» газетінің редакциясына осы төңіректе сауал көп жолданған. Газет қызметкері бірінші байлық денсаулық екенін айта келіп, адам ағзасындағы мик­роб бүліншілігі туралы сөз қозғайды. «Ауру жабысқа­ны­на көп жыл болып ескірсе, оны емдеуге де көп уақыт керек, деп жазды А.Байтұрсынұлы. – Көп емдетуге қазақтың көбі төзбейді. Тәуір бола бас­таса, жазылғандай көріп, емдетуден қашады. Емдеу тоқтаған соң, жеңіліп, әлсіреп келе жатқан ауру қайтадан кү­шейеді. Қазақтың көбі неше жылдан бері орнығып, бойға сіңген ауруға бірер сауыт дәрі алып, тұтынып, сонымен ауру жазыла қоймады дейді. Олай дейтін­дері аурудың мәнісін білмегендіктен». Бұл жерде тек ауырған адамдардың кінәсі ғана емес, сауатсыз дәрігерлер мәселесі де айтылады. Қазақ даласында дәрігерлердің жоқтығы, есесіне, емші­лердің көптігі де әңгіме өзегіне айналады. Ахмет Байтұрсынұлы медицина саласы дамығанша, жақсы емшілерге қаралып, уақтылы күтінген жөн деп есеп­тейді. Газет арқылы ел ішіндегі өзекті тақырыптарға ден қойған автор меди­ци­на мамандарын сөйлетіп, солардың ұсы­ныс-кеңестерін де жариялап отырған. Ха­лық арасында денсаулықты күту, ауру­дан сақтану, дертті дер кезінде емдеу ша­ра­ларын түсіндіретін қағаз кітапшалар ­тарату керектігін алға тартады.

Ақаң 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы жиі жазған. «Соғысушы патшалар» деген мақалада Ресей патшалығы қатысып жатқан қақты­ғыстың себеп-салдары, оттың қайдан тұтанғаны, қарсы тараптың кімдер екені түсіндіріледі. «Бұл күндегі халық қанша ғылымды, өнерлі, білімді, мейірімді десек те, аталарынан ұзап кете алған жоқ», деп жазған Ақаң әрі қарай соғысып жат­қан патшалықтарға тоқталады. Келесі мақа­ласында соғыстағы әскер, қару-жа­рақ, кемелер, қолбасшылық туралы әңгі­ме қозғайды. Ақаң қазіргі әскери ұшақ­тарды аспан кемелері деп атаған. Тіпті со­ғыста қолданылған әрбір қаруға жеке­лей сипаттама беріп, қанша оқ шыға­ра­тыны, зеңбіректің күш-қуаты, оқтың ек­пі­ні қандай екендігіне дейін деректер келтіреді.

Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлының «Айқап», «Қазақ», «Уақыт» сияқты сол заманның іргелі басылымдарында жарық көрген көсемсөздеріне шолу жасадық. Ақаң­ның аты аталған көсемсөздері – тек бір парасы ғана. Оның әр жылдары жаз­ған және замана жайлы, қоғам тыны­сы туралы өз уақытында үн қатқан мақа­лаларын топтастырсақ, бірнеше кітапқа жүк боларлық талдаулар шығар еді.

Ақаңның көсемсөздеріне көз жү­гірт­кен адам оның журналистикада­ғы айқын қолтаңбасын айнытпай таниды, ше­бер­лігіне, газет талабына сай талдау еңбектеріне сүйсінеді. Ақаңның бі­лім, оқыту, мектеп жайында жазған ма­қа­лаларын бір-бір ғылыми еңбек деп ата­сақ та жарасады. Аз сөзбен ауқымды тақы­рыптарды ашып талдайтын Ахмет Бай­тұрсынұлының шығармашылық ше­бер­лігі газет арқылы тұрақты оқыр­ман ауди­ториясын қалыптастырды. Ақаң­ды іздеп жүріп оқитын,  пікірлес­кісі келетін адамдар қатары көбейді. Оның ­публицистикасы барлық сала­ны қам­тыды. Бір өзі ғылымның бірнеше бағытын меңгеріп, уақытында білім көкжиегін кеңейтер қызықты деректер жариялай білді. Ахмет Байтұрсынұлының газет арқылы тарап жатқан үні оны қайрат­керліктің биік дәрежесіне көтерді. Ұлан-ғайыр атырапта көшіп-қонған қазақ түгел дерлік Ақаңды ерекше құрмет тұтты.

 

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

журналист

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА