22.11.2024

Жайлы мектептерді ескі, шет аудандарға да салу керек

Елорда мәслихатының депутаты Асхат Смағұлов қалада жайлы мектептерді теңдей салу мәселесін көтерді.

«Астанада жайлы мектептердің дені сол жағалауда салынып жатыр. Әрине, сол жағалау бізде жаңа қала. Жаңа тұрғын үйлер, жаңа мектептер ол түсінікті. Дегенмен бір сәт оң жағалауды да ұмытпау керек. Жайлы мектептерді қаланың ескі аудандары мен шет жағында да салу қажет. Тұрғындарға теңдей жағдай жасау керек. Әйтпесе, жаңаның барлығы қаланың сол жағалауында салынады. Олай дұрыс емес», – деді Асхат Смағұлов мәслихат отырысында сауал жолдай отырып.

Оның айтуынша, жаңа мектептер стандартқа сай қаланың оң және сол жағалауында теңдей салынуы тиіс.

«Жаңа ғана елімізде мектептердің арнайы стандартқа сәйкес салынатыны айтылды. Олай болса қала аудандары бойынша да теңдіктің болғаны абзал. Әйтпесе, «Binom» мектебіндегі жағдайды көріп отырсыздар ғой. Барлығы баласын «Binom»-ға бергісі келеді. Ал қаланың бұрынғы аудандарында тұратын сол ескі мектептерде оқып жатыр. Ескі мектептерді бұзу немесе қайта жөндеуден өткізу керек. Яғни ол мектептерді жайлы мектеп деңгейіне жеткізу қажет», – дейді ол.

Айта кетсек, бүгін қалалық мәслихаттың жалпы отырысында елордада «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру барысы қаралды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА